Қазақстан алғаш рет халықаралық ірімшік байқауына қатыспақ
Халықаралық ірімшік байқауында маңғыстаулық кәсіпкерлер тұңғыш рет Қазақстан намысын қорғайды, деп хабарлайды JanaBastau.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында «Жеті лақ» фермасының негізін қалаушы Кобзевтер отбасы ешкі мен түйе сүтінен ірімшік өнімдерін шығарады. Биыл олар Le Mondial du fromage-2023 халықаралық ірімшік байқауына қатыспақ. Ең қызығы,бұл халықаралық конкурсқа Қазақстаннан бұрын-соңды ешкім қатыспаған.
«Жеті лақ» фермасы халықаралық ірімшік байқауында Қазақстанның өнімдерін таныстырады. Бұл қазақстандықтардың конкурс ұйымдастырушыларынан аккредитация алған алғашқы жағдай.
2020 жылдан бастап жұмыс істейтін «Жеті лақ» фермасы пастерленген ешкі сүтін, йогурт, айран, сүзбе, қаймақ және ірімшіктің 12 түрін шығарады. Кобзевтер отбасы айына 3,5 тонна ешкі сүтін өндіреді. 10 га аумақты алып жатқан ферманың төрт гектары ешкі өсіруге арналса, қалған аумағында жем-шөп қоймасы мен сүт өңдеу цехы орналасқан.
Француздық Le Mondial du fromage байқауы қыркүйек айының 10-12 күндері аралығында Тур қаласында өтеді.
Пікірлер (0)