Келісім мен татулықтың мерейлі 30 жылы

Жаңалықтар
view 60
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Биыл бәрімізге ортақ татулық пен бейбітшіліктің жарқын бір бейнесі болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы атап өтілуде. Бұл мерейлі белес Ассамблеяның дербес институт ретіндегі жүрген жолымен, жеткен жетістіктерімен еліміздің даму кезеңіндегі айтулы оқиғалармен тығыз астасып жатыр. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы да осы жылдар аралығында буыны бекіп, дамыды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы –1995 жылғы 1 наурызда құрылған президент жанындағы консультативті-кеңесші орган. Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтауға айтулы үлес қосып келеді. Консультативтік-кеңестік орган ретінде жасақталған Ассамблеяға 2007 жылы конституциялық мәртебе берілді. Ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІV-ші сессиясында: «Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты» деп атап өтті.

«Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деп Білге қаған айтқандай, бұл ұйымның маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Өйткені, 30 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы өз қызметінде барлық этностарды ортақ шаңырақ астына біріктіре отырып, олардың мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауға және танымал етуге бағытталған жүздеген ауқымды жобаларды іске асырды.

Ел Президенті бұл құрылым өзін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрал ретінде танытқанын және бірегей азаматтық институт ретінде өзара құрмет пен сенімнің қоғамда орныға түсуіне зор үлес қосып жатқанын да айтқан болатын.

Сонымен, өңірдегі Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қызметіне ойыссақ, 2024 жылдың басындағы статистикалық мәліметтер бойынша Ақмола облысында 100-ден астам этностар мен этникалық топтардың өкілдерінің басын құрайтын 787976 адам тұрады. Соның 445 647-сі немесе 56,5 пайызы жергілікті халық өкілдері – қазақтар болса, 208 694-і, яғни, 26,4 пайызы – орыстар, 39 384-і немесе 4,9 пайызы украиндар, 29 877-сі немесе 3,7 пайызы немістер, 13 571-і немесе 1,7 пайызы татарлар, 11 713 – 1,4 пайызы белорустар, 8 447-сі немесе 1 пайызы поляктар, ал, қалғаны ингуштар, шешендер, әзірбайжандар, башқұрттар секілді басқа этностар. Бұл ұлт өкілдері 0,3 пен 0,9 пайызға дейінгі аралықты қамтиды.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы мүшелерінің саны 131 адамды құрайды, оның 28,4 пайызы жастар қауымы. Оның құрамында этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, қоғамдық пікір көшбасшылары бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына Ақмола облысынан 26 адам кіреді.

Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының (ҚХАА) тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін Көкшетау қаласында «Қоғамдық келісім» мекемесі, Степногорск қаласында Достық және шығармашылық үйі бар. Бүгінде ҚХАА жанында 9 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Атап айтқанда, ғылыми-сараптамалық топ, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, этномедиация кеңесі-этномедиация орталығы, журналистер клубы, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері одағы, Ақмола облысы бойынша «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдігі, «Жомарт жан» облыстық орталығы, мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығы. Сондай-ақ, ғылыми-сараптамалық топ жанындағы Жас ғалымдар клубы және Ақмола облысы бойынша «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдігі жанындағы студент жастар қауымдастығы белсенді қызмет етуде. Бұл қоғамдық құрылымдар ҚХАА жобалары мен іс-шараларын іске асыруға белсенді қатысуда.

Облыста 48 этномәдени бірлестік тіркелген, олардың 22-сі ҚХА аккредиттеуінен өткен. Көкшетау қаласының Достық үйінде 17 облыстық этномәдени бірлестіктің кабинеттері орналасқан. Мекеме базасында этномәдени бірлестіктердің «Русская песня», «Ғалиябану» халық ансамбльдері, «Синегорье» вокалдық тобы, «ALLON» лезгинка би мектебі, «Юлдаш» би үйірмесі және тағы басқа шығармашылық ұжымдары табысты дамуда. Облыстың этномәдени бірлестіктері биыл 1250-ден астам адамды қамти отырып, шамамен 30 іс-шара өткізді. Олардың ішінде «Этностар мәдениеті күндерін», «Сольналь» корей жаңа жылын, «Ақ қалпақ» қырғыз мерекесін, шешендер мен ингуштардың Қазақстанда тұруының 81 жылдығына арналған естелік шарасын және Кеңес Одағының Батыры М.Жалилдің бюстіне гүл шоқтарын қоюды, Масленица мерекесін, «Русская песня» халық ансамблі мен «Синегорье» вокалдық тобының шығармашылық кештерін ерекше атап өтуге болады.

Биыл ҚХАА-ның 2025 жылға жоспарланған іс-шаралары Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткізіледі. Мерейтой аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен бірыңғай жоспардың негізінде құрылған «Бірлік пен келісім бағытындағы 30 жыл» облыстық іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Жоспар бойынша барлығы 50-ден астам ірі іс-шара өткізу көзделген, атап айтқанда, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, этномәдени фестивальдер қарастырылған. Олардың ішінде «Ақмола ассамблеясының тарихындағы 30 тұлға» жобасы бар, ол ҚХАА өкілдерінің ассамблеяның дамуына қосқан үлесі туралы сұхбаттар мен бейнематериалдарды YouTube арнасында жариялауды көздейді. «30 жылдағы еңбек жолым» жобасы түрлі этнос өкілдерінің еңбектегі және кәсіби қызметтегі жетістіктерін баяндайды. Сондай-ақ, «30 жылдық бірлік пен ынтымақтастық» атты қайырымдылық акцияларының циклі және басқа да көптеген іс-шаралар өткізіледі.

Көрсетілген жоспар негізінде мерейтойлық жылды ақпараттық сүйемелдеуге арналған медиажоспар да әзірленді. Барлық өткізілетін іс-шараларға салтанатты және мерекелік рең беру мақсатында мерейтойлық логотип, баннерлер және басқа да атрибуттар қолданылуда. Мерейтойлық іс-шаралар 1 наурыз – Алғыс айту күнінде басталды. Бұл күні бүкіл республика бойынша Ассамблеяның қоғамдық келісім мен бірлікті дамытуға қосқан үлесіне арналған іс-шаралар өткізілді. Жалпы, Алғыс айту күнін мерекелеу аясында 50-ден астам түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Алғыс айту күніне арналған дәрістер жоғары және орта оқу орындарында, облыстық полиция департаментінде, сондай-ақ, мектептерде өткізілді. Бұл дәрістерге Ақсақалдар кеңесінің, ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері, медиаторлар және басқа да қоғамдық құрылымдар қатысты. Әлеуметтік желілерде көптеген челлендждер мен флешмобтар ұйымдастырылды және басқа да іс-шаралар өткізілді.

Облыстық «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» форумы аясында еліміздің барлық өңірлері үшін бірыңғай эскиз бойынша әзірленген «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» атты ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі мен Ассамблея ардагерлері қатысты. Осы ардагерлердің бірлік пен келісімді нығайту жолындағы еңбегі мен адалдығы бүгінгі жетістіктерімізге жетуге зор мүмкіндік туғызды. Олардың қатарында А.Сыздықов, М.Қиықов, З.Авилова, Е.Нұғыман және басқа да азаматтар бар.

Өткен 2024 жылы Ақмола ассамблеясы 40 мыңнан астам адамды қамтитын 1 мыңнан астам шара ұйымдастырды. Жастарды патриотизмге тәрбиелеу, жаман әдеттерге тәуелділік, ысырапшылдық сияқты келеңсіздіктермен күрес, бірлікті, татулықты насихаттау мақсатында 41 Ақсақалдар кеңесі «Адал Азамат», «Кемелдік пен креатив» жобаларын іске асыруда. Отбасы құндылықтарын сақтауға, ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» және «Әже тәрбиесі – ұлылықтың дәні» ассамблея жобаларын 104 Аналар кеңестері белсенді іске асырып келеді. Биыл кеңес бастамасымен Неке қию сарайында жас жұптарға бата беруді көздейтін «Ақ тілек: 30 жұпқа бақыт сыйлау» жобасы іске қосылды. Онда жыл бойы Аналар кеңесінің өкілдері Неке сарайында 30 жас жұпқа аналық батасын беріп, ҚХА атынан естелік сыйлықтар табыстайды.

Ұлтаралық шиеленісті болдырмауда медиация қызметінің маңызды екені бәрімізге мәлім. Былтыр медиация кеңесінің қызметі қайта форматталып, «Қоғамдық келісім» мекемесі жанынан Этномедиация орталығы ашылды. Орталық тұрақты негізде ассамблеяның «Елдесу және татуласу» жобасы аясында этносаралық бейбітшілікті нығайту және қақтығыстардың алдын алуға бағытталған шаралар өткізеді. Кеңес төрайымы Гүлнәр Мәдиева республикалық этномедиация кеңесінің құрамына кірді және орталық мүшесі Айман Мусина республикалық этномедиаторлар реестіріне енді.

Толеранттылықты, этносаралық, қоғамдық келісімді және азаматтық бірлікті сақтау бойынша бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жұмыстарын Журналистер клубы күнделікті жүргізеді. Жыл басынан Клуб мүшелері «30 жылдағы еңбек жолым», «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық тарихы», «Ақмола Ассамблеясының тарихындағы 30 тұлға» жаңа жобаларын іске қосты. Мемлекеттік тілді насихаттау және оның қолдану аясын кеңейту жолында «Ассамблея жастарының» Ақмола облысы бойынша өкілдігі ауқымды жұмыс атқаруда. Ұрпақтар сабақтастығын дамыту мақсатында «Талантты жастар», «Social jastar», «Жастар Life», «Этно-View», жұмысшы жастар арасында «Тәрбие басы – еңбек» жобалары облыс көлемінде жүргізілуде. Мемлекеттік тілді меңгеруге облыста барынша жағдай жасалып жатыр, оны этносаралық қатынастар тілі ретінде насихаттау және дамыту жолында әртүрлі этнос өкілдерінен құрылған «Мәміле» дискуссиялық клубы жұмыс жасауда. Клуб ашылған уақыттан бері 100-ден аса адам мемлекеттік тілді үйренді.

Сонымен бірге, құрамына саясаттанушы, әлеуметтанушы, тарихшы, ғылым докторлары мен кандидаттары кіретін Ғылыми-сараптамалық топ жоғары оқу орындарындағы ассамблея кафедраларымен бірлесіп, ғылыми сүйемелдеу бағытында жұмыстар атқаруда. Биыл топ жанынан Жас ғалымдар клубы ашылды. Жыл сайынғы «Мен – қазақстандықпын» облыстық конкурсы биылдан бастап республикалық деңгейде өткізілетін болады.

Сәндік-қолданбалы өнер одағы мүшелігіндегі әртүрлі бағыттағы шеберлердің жұмыстары тақырыптық іс-шараларда көпшілік назарына ұсынылады. «Мұрагерлер-қамқоршылар-жасаушылар» жобасын іске асыруда тұрақты негізде қазақ қолөнерін, халық өнерінің басқа да түрлерін оқыту бойынша студенттер мен этнос өкілдеріне шеберлік сыныптары өткізіледі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық қызметі – қоғамдық келісімді қолдаудың және этностардың ынтымақтастығын ілгерілетудің маңызды құралдарының бірі. Ассамблеяның «Жомарт жан» орталығы өткен жылдың қорытындысына сәйкес 58 миллион теңгеден астам сомаға 20 мыңнан астам мұқтаж жанға көмек қолын созды. Жыл басынан бері 950-ден астам адамды қамти отырып, жалпы сомасы 4 миллион 310 мың теңгеге 13 қайырымдылық іс-шарасы өткізілді. Олардың ішінде «30 жылдық бірлік пен ынтымақтастық», «Қайырымдылық керуені», «Наурыз – достық мерекесі» акциялары өткізілді.

«Мәдениет және мұра – Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» жобасы аясында мәдениеттер мен дәстүрлердің бірлігін, еліміздің бірегейлігін айқындайтын этномәдени бірлестіктердің шаралары, кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарында өскелең ұрпаққа үлгі болар жұмысшы мамандық иелерімен кездесулер өтуде.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген халық даналығына сай, барлығымыз мемлекеттік ұлттық саясаттың негізгі қағидаттарын жүзеге асыруда ауқымды бастамалардың өз межесіне жетіп, орындалуына атсалысудамыз. Ел игілігі жолындағы жоспарланған жобалар сәтті іске асырылып, ортақ ісіміздің мәртебесі арта берсін деген тілек білдіремін.

Сабырхан КЕНЖЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушіс

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *