Кәсіпкерлер прокурормен кездесті

Жаңалықтар
view 116
news

Жақында Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының Қосшыдағы филиалының директоры ретінде прокуратура қызметкерлерімен бірге Қосшыдағы инвесторлармен, «IL TOV» ЖШС серіктестігінің басшыларымен кездесу өткіздік.

 Қосшы қаласының прокуроры Ізбасаров Данияр Мемлекет басшысының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы №404 «Ел экономикасына инвестиция тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен таныстырды. Жарлыққа сәйкес, Үкімет жанындағы Инвестицияларды ынталандыру жөніндегі кеңестің өкілеттігі күшейтіледі. Мысалы, мемлекеттік органдар үшін міндетті шешімдер қабылдау мүмкіндігі. Бұл мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде инвестициялық стратегияларды жүзеге асыруға бірыңғай көзқарасты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Кеңестің өкілеттіктері квазимемлекеттік сектор субъектілерімен белсенді өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді – бұл инвестициялық жобаларды жедел іске асыруға ықпал ететін түрлі құрылымдармен тиімдірек үйлестіру мүмкіндігін тудырады. Инвестициялар жөніндегі штабтың басшысы мен мүшелеріне, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына оның шешімдерін орындамағаны үшін жеке жауапкершілік енгізілді. Бұл шара инвестицияларды табысты тарту және жүзеге асыру үшін барлық құрылымдар жауапты болатындай жағдай жасайды. Сонымен қатар бұл инвесторлардың сенімін арттыруға көмектеседі. Прокурордың орынбасары Жүсіпбеков Рүстем Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бас прокуратура әзірлеген «Инвесторларды қорғаудың прокурорлық сүзгісі» жобасы туралы ақпаратты толықтырды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – инвестициялық жобаларды прокурорлық қолдау тетігін жетілдіру және тиімді алдын алу құралдарын енгізу. Енді уәкілетті мемлекеттік органдар инвесторларға қатысты қызметті тоқтата тұруды, рұқсаттан айыруды немесе осы рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартуды, сондай-ақ келісім-шартты немесе келісімді біржақты бұзуды қамтуы мүмкін тыйым салу және шектеу шараларын қабылдағанға дейін осы әрекеттерді үйлестіруге міндетті. Мұндай шаралар инвесторлардың мүддесін қорғауға және елде қолайлы инвестициялық жағдай жасауға бағытталған.

Қуаныш Нұртазин,

Кәсіпкерлер палатасының филиалының директоры

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *