Кино — өнер ме, әлде ойыншық па? Теменов сценариіне сараптамалық жауап
Фотосурет ашық дереккөзден
Ұлттық киноны қолдау орталығы жариялаған конкурсынан өте алмай қалған Талғат Теменов ФБ-де эксперттер құрамына күдік келтіріп, жеке басымызға да шүйліккен екен. Бұл жазбаға сөз шығындау — арзан әрекет деп ойласам да, амалым жоқ — менің атымды халық жауындай-ақ әшкерелеуге барын салған екен. Жауап жазуға тура келді, деп жазды әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазушы, драматург, сценарист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Мұқанова.
Теменовтың “Жаптым — жала, жақтым — күйе” “ойынының” сырын ашайын. ФБ-де менің де көзі қарақты оқырмандарым бар. Соларға түсінікті болу үшін ақпарат бере кетуді жөн көрдім:
1. Автор Мұхтар Әуезовтың “Қарагөз” пьесасының желісімен киносценарий ұсынған. Бірақ киносценарий жанрында емес, пьеса қалпында конкурсқа жібере салған.
2. М. Әуезовтың “Октябрь үшін” деген пьесасы бар. Осы пьесаны да “Қарагөзге” кірістіріп қосып, үйлестірмек болады (12 бет, 8 сахна). Екеуі екі дүние, идеясы да, оқиғасы да екі бөлек. “Эксперттер білмей қалады” деп шешсе керек, осылайша екі пьесадан құралған жарымжан қолжазба конкурсқа келіп түсті. Формасы мен тәсілін ұтымды пайдаланып, ащы тер, адал күш шығарса, бұл да өнерде бар тәсіл. Бірақ автор композициясын нақтылай алмаған, оқиғаны байланыстыру жолын шешпеген, соңғы шешімді де дүдәмал қалпында қалдырып қойған. (Ұлттық киноны қолдау қоры рұқсат берсе, Теменовтың киносценарийін ФБ желісіне салар едім.) Сценарийде бойжетіп қалған Қарагөз әжесінің алдында тыр жалаңаш кейіпте отыр. Әжесі жалаңаш Қарагөзге (немере қызына) құныға қарайды (9-сахна). Қазақ салтында әженің алдында жалаңаштану тұрмақ, қысқа етек көйлек киіп, қазақ қызы борбайын көрсете алып па?..
Сырым Қарагөзбен ойнас жасап, аяғы ауыр болып қалады. Сол кезде Сырым Қарагөзге кеңес береді: “Қаш енді! Беріштер сені құшақ жая қарсы алады, ұл тусаң атын Нарша қой!” — деп ел-жұрттан қашырып жібертеді. Бұл — әрине, Теменовтың ұлы суреткер Мұхтар Әуезовке қосқан “үлесі”.
3. (13-сахна). Әрі қарай пьеса драматургиядағы диалогтан ажырап, қарасөзге (проза) ойысады. (Киносценарий заңдылығы қайда қалды?)
4. Айттырылған қалыңдығы бұзылып, бас тартып, ел-жұртының алдында масқара болған Нарша құсадан қан жұтпайтын ба еді? Драматургиядағы конфликт пен талас-тартыс кульминацияға апаратын өзек осы тұс емес пе? Осы қайғы-қасіретке кінәлі Сырым екенін біліп, сезіп отырып, Нарша Сырымды бас салып құшақтайды (27-бет). Құшақтап тұрып: “Сендей адал досты тапқаныма қуанамын. Сен биіксің, тым биіксің!” — деп Сырымға өлердегі сөзін айтып, тамсанып, бас ұрады. Оқиға қалай басталып, қалай ширыға түсуі керек? Автор оған да бас ауыртқысы келмеген. Сюжеттің логикасы, драматургияның кульминациясы қайда?! Нарша мен Сырымның қақтығысы, Нарша мен Қарагөз трагедиясы қай қырдың астында қалды?!
Ұлы суреткер Әуезов “Қарагөз” трагедиясы арқылы махаббаттың зарын шеккен, сезім жалынына өртенген, ата жолын аттамайтын, салт-дәстүрге ноқталанған періште қыз Қарагөзді не күйге түсірдіңіз? Ұзатылар алдында тағы да тырдай жалаңаш Қарагөз отыр. Тәні емес, жаны жалаңаштанған Қарагөзді кино тілімен, режиссура тәсілімен айшықтауға әбден болар еді ғой. Бұл кинокадр қазақ актрисасы үшін де обал-ақ.
Қазақ қызының сұлу мүсінін тек жалаңаш қалпында көрсетуді мақсат еттіңіз бе?.. Көрермен жинаудың ондай тәсілі баяғыда ескірген. Онсыз да біздің қазіргі қоғамда ар мен ұждан, сана мен сапа жалаңаштанып, тым арзандап кетпеді ме?
Ұлы Мұқаңның туындысы, сұлу Қарагөзінің парша-паршасын шығару үшін Теменовке мемлекет бюджетінен 529 698 939 теңге қаражат бөлінуі керек пе?..
Ұлттық киноны қолдау орталығын кінәлаудың да, күстәналаудың да, қаралаудың да не түрлі аяр әрекетіне бара беріңіз! Қалауыңыз, ар-ожданыңыз білсін. Бұл — еріккеннің ермегі емес, 400-ден астам сценарийді көз майымызды таусып оқыдық. Эксперт құрамы YouTube-та ашық жарияланып, көрініп тұр. Продюсер, кинорежиссер, драматург, аниматор, кинотанушы мамандар т.б. түгел қамтылған. Осының алдындағы эксперт мүшесі өзің де болғансың. Сол кезде “сценарийлерді оқымай, дауыс бере салғанмын” деп сұхбат бергенің бар. Ал біздер әр киносценарийді жіліктеп тұрып оқыдық. Оған әркімнің жүйкесі шыдас бермейді. Әр сценарий 100 беттен 200 бетке дейін барады.
Өзің сияқты танымал деген, талантты деген, кәсіби режиссер дегендер қомақты қаражат ала қояйын деп, атағын малданып, арзанқол, күлдібадам дүниелерін ұсына беретін болса, оған эксперт мүшелері “ләппай тақсыр!” деп сәждеге жығыла қоймас.
Мен ешкімге дұшпан бола алмаймын, ондай “өнер” маған дарымаған. Ешкіммен атысатын да, шабысатын да жайым жоқ. Айтарым — жанымызды салып, адал еңбек етіп, жастарға үлгі болайық! Әділ болайық! Ақиқатқа жүгінейік! Бәлелі сөзге жұрттың делебесін қоздырып шатастырып, жаманатты қылып ұпай жинап, алдамшы болмайық! Шын сөзді, бірсөзді болайық!
“Қызым — үйде, қылығы — түзде”. Сіздің атағыңыз бар болған соң, танымал болған соң жұрт имандай сеніп, ұйып қалады. Ел алдындағы жинаған беделіңізге кіршік түсіргім келмеген еді, оған өзіңіз “Өтірікті — шындай, шынды — Құдай ұрғандай” еткен екенсіз.
Айтпақшы, “Роза Мұқановаға ‘Сарра’ мен ‘Бопай ханым’ пьесасын Қ. Қуанышбаев театрында көркемдік жетекші болып жүрген кезімде жөндеп, күзеп бердім“ дегеніңіз қай сасқаныңыз?! “Сарра” да, “Бопай ханым” да сол кездегі театр директорлары Айболат Жәудір мен Асхат Маемировтың тұсында театр басшыларының тапсырысымен жазылды. Өзге жұртқа ұқсап, пьесамды көтеріп, театр басшыларының табалдырығын тоздырған емеспін. Сол пьесаны сұратып алып, сахнаға шығармауға күш салғаныңыз есімде. Бірақ театр директоры мен актерлер тобы сіздің пікірді қолдамай қойды.
Талғат! Мені жақсы білесің деп ойлаймын. Адами қасиет те, ақкөңілдік те шығармашылық тұлғаларға тән. Бірақ репертуарға қазақ драматургтерін жолатпай, өзіңнің ғана инсценировкаларыңды қоюға әуестеніп кеткеніңді бетіңе айтқан сәттерім болды. Ол үшін мені дұшпаның санаған боларсың. Жалпы менің ұғымымда шығармашылық тұлға адал, әр ісі көркем деп түсінемін. Осы биіктен көрінсек деп ойлайтыным да рас.
Айтар уәжің болмаған соң фамилиямды “ойнатқың” келген екен. Қайтесің, Сәбит Мұқановтың аруағымен алысып... Алыссаң — отырмыз ғой, тіріміз!!!
Қаракөлеңкеде бой жасырып, күбір-сыбыр жасап “Тёмнов” болмағын.
Сен Тёмнов болма!!!
Теменов бол!!!
Аман бол!
Пікірлер (1)
Болотбектей бола алмаған, Толомуштай тола алмаған бұл Теменев енді қайтсін? Күбір-сыбырға көшпей... (Болотбек Шамшиев, Толомуш Өкеев - қырғыздың белгілі кинорежиссерлері).