Кітапхана түні: Ғажайып атмосфера
«Бүгін кітапханада ғажайып түн өткізіп, көпшілікке жақсы әсер, әдемі естелік сыйлаймыз деген сенімдемін. Мақсатымыз – оқырмандарымыз отбасымен кітапханаға келіп, тапсырмаларды бірге орындап, өзара жылы қарым-қатынаста жақындай түссе екен дегенбіз. Біздің оқырмандарымыздың ең кішкентайы 6-7 жаста болса, үлкені 76 жастағы ата-апаларымыз. Қорымызда алты мыңнан аса кітап, одан бөлек мерзімді басылымдар бар. Оқырмандарымыздың саны алты мыңнан асып жығылды», дейді Қосшы қалалық кітапханасының директоры Сымбат Бауыржанқызы
Бұдан кейін оқырмандар кинофильмдердің үзінділері арқылы оның атауы мен авторын тауып жарысты. «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Қан мен тер», «Гауһартас», «Көшпенділер», «Гарри Поттер» сияқты көптің көңілінен шыққан фильмдердің атауын білгенімен, көпшілік оның авторына келгенде ақсайтыны білінді.
Кезек қазақтың біртуар батырлары мен олардың сәйгүліктерін сәйкестендіруге келді. Батырлар жырын жаттап өскен үлкендер жағы бұл сыннан сүрінбеді. Бұдан кейін елдің ықыласына бөленген шығармалардан үзінді оқылып, оның авторы мен атауын табу тапсырылды. Оқырмандар бұл сыннан да сүрінбей, білімдерін кәдеге жарата білді. Кездесу соңына қарай келушілердің арасынан өз еріктерімен поэзиядан үзінді оқып, әдемі әсер сыйлағандар да болды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқып, нақышына келтіріп жеткізген жастардың көптігі қуантты.
«Кітапханаға келетін жастардың қатары көп. Қазір кітап оқу сәнде деп айтуға болады. Жастарда талғамның бары қуантады. Әлемдік деңгейдегі шығармаларды іздеп келетіндер көп. Көркем әдебиетті көбірек оқуға кеңес берер едім. Бұл жастардың ойлау, сөйлеу қабілетін жақсарта түсетін ең тиімді әдіс десем артық айтпағаным», дейді Сымбат Бауыржанқызы.
«Қала тұрғындарының арасында үйде жай жатпасын, біз оқып тастадық деп артық кітаптарын әкелетін тұрақты оқырмандарымыз бар. Мәрттік, жомарттық деп қуана-қуана қабылдаймыз. Қорымыздағы кітаптардың жартысы қазақ тілінде болса, жартысы әлемдік тілдердегі шет ел әдебиеттері», дейді С. Қуандықова.
Шарада білімін толықтырып, білгенімен бөліскен мектеп оқушысы Маржан Ержанова: «Мен шетелдің қазақ тіліне аударылған шығармаларын көп оқимын. Жақында оқып, ерекше сезімге бөлеген Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» шығармасы болатын. Басты кейіпкерлері үлгі болатындай шығармалар есімде ұзақ сақталып, ұмытылмастай әсер береді. Құрбыларыммен кітапханаға жиі келуге тырысамыз. Бүгінгі басқосу ерекше өтті. Оқыған шығарма, көрген фильмдеріміздің авторы мен атауын, кейіпкерлерін есте сақтай жүру керек екендігін ұққандаймын», дейді өзінің алған әсерін жеткізіп.
Кітапхана басшылығы алдағы уақытта да оқырмандар үшін қызықты болар бірқатар шараның бар екендігін айтты. Қосшы қаласында тұратын елге танымал ақын, жазушылармен кездесу де келер уақыт еншісінде.
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)