Абайдың өмірі мен шығармашылығы – екеуі екі бөлек дүние
Таным
3391
Абай несімен Абай десе, ол қазақтың болмыс-бітімін, таным-көзқарасын өзгелерден гөрі артығырақ меңгергенінде, Ұлы хәкімнің бейнесі ұлтымыздың жан-дүниесімен сабақтасып жатқандығында дер едім. Атақты Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы: «Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ» деген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «...Біз ұлттық сананы қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – ел мұратының айнымас темірқазығы» деген болатын. Осыған орай, абайтанушы ғалым, философия және техника ғылымдарының кандидаты Асан Омаровпен сұхбаттасқан едік.
– Асан аға, қазақ Абайды таныды ма? Танымаса, оған не кедергі?
– Таныған жоқ. Себебі оқымайды. Оқығандары түсінбейді. Абайды он адам оқыса, соның тоғызы ұқпайды, өйткені түсініктеме жоқ. Абайдың түпкі ойын түсіндіріп беретін адам керек. Ұққанының өзі оқығанын санасына тоқымайды. Абай бес нәрседен қашық бол деген, соны орындамайды, көпшіліктің хәкімнен алшақтығы сондықтан. Осы кесірлікті жою керек, Абайтану пәнін мектепке сатылап енгізу қажет. Бірақ онда да біліп енгізу керек.
Абайдың өмірі мен шығармашылығы – екеуі екі бөлек дүние. Ол екеуін шатастырмау қажет. Бала Абайда шығармашылық жоқ, бозбала Абайда шығармашылық жоқ, енді аздаған өлеңдері бар шығар, бірақ ол аса маңызды емес. Хәкімнің өмірі өз алдына, мектепте оның өмірбаянын тәжіктеп оқытудың қажеті шамалы, Абай өмірінің көп қазақтан айырмашылығы жоқ, байдың баласы болды, болыс болды...
Шәкәрім адамда үш-ақ түрлі өмір бар дейді: «біреуі – баласың, орта жаста – адамсың, сосын –шалсың». Одан басқа түк те іздеме дейді. Сондықтан Абайдың өмірі деген сабақ болмайды. Хәкімнің шығармашылығын оқыту керек. Оны саты-сатыға бөліп қарастырған жөн. Мысалы: «Абай ақын әрі сыншы», «Абай ақын әрі ағартушы», «Абай ақын әрі ойшыл», «Хәкім», Абай әулиеге дейін жеткен. Осылай сатылап, талдап оқытқан абзал. Абайтанудың пән ретіндегі бағдарламасы әр сыныптың оқушыларына лайықтап жасалуы шарт. Абай жақсы мен жаманның бәрін көрді. «Мен көрмеген кісі қалған жоқ» дейді.
Мұхтар Әуезов Абайды тереңдеп қазып жазған жоқ, оған Совет үкіметі рұқсат бермеді, егер сатылап берсе Құдайға «жетер» еді. Ал ол кезде құдайтанушы болу қауіпті. Сондықтан Әуезов шығармасындағы 1886 жылғы Абай да, өлер алдындағы Абай да – бір Абай. Жай бір өлең жазып отырған шал болған да қалған. Абайды танымай жатқанымыз сол.
Енді бір мәселе, Абай ғылым-білімнің бәрін айтады. Ол төрт-ақ нәрсе бар дейді: Алла Тағаланы танымақ, Өзіңді танымақ, Дүниені танымақ және Жақсы мен жаманды танымақ. Басқа ғылым жоқ дейді.
Біз не істедік? Біз Алла керегі жоқ деп бірінші классификацияны алып тастадық. Оны оқытпаймыз. Бірден «Өзіңді танудан» бастадық. Медицина, психология, қоғамтану – бәрі Адамтану. Абайтануда екінші сатыдан бастап шатастық. Одан кейінгі «Дүниетану» – керемет! Зерттемеген нәрсе қалған жоқ, бәрін білеміз. Одан кейін – «Жақсы мен жаманды танымақ». Абайтанудың басты тамыры – Алла тағаланы танудан айырылып қалып отырмыз. Сонда біз жер үстінде тұрған бәйтеректі алып отырмыз, діні бар, жапырағы бар, бұтағы бар, бірақ тамыры жоқ. Міне, қателіктің үлкені осы арада. Абайды тану үшін, ол айтқан «толық адамға» жақындау үшін ең алдымен Алланы танып алуымыз керек. Алланы танымай – имандылық болмайды.
– Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла!» дегені осы ғой сонда...
– Абай бұл жерде кедей бол деген жоқ, пайданы хәкімнен артық білмейміз. Ар ойласаң, Құдай саған көмектеседі, жолың ашылады. «Жақсы менен жаманды айырмас, Дін ісін, Құдай ісін айырмас» дейді. Мысалы, қыста қар басып құлазып жатқан дала көктемде құлпырып, көктеп шыға келеді, түрлі тіршілік иелері пайда болады. Құдай ісі дегеніміз – осы. Ал шариғат, мешіт салу – ол дін ісі. Ол енді басқа. Бізге Құдай ісі маңызды. Алдымен рухани құндылық керек, материалдық құндылық артынан өзі келеді. Абай «ар ойла» дегенде осыны айтады. Қазақ «кебінде қалта болмайды» дейді. Яғни о дүниеге ешқандай байлықты алып кетпейсің. Мұны кішкентай баладан бастап миына сіңіре беру керек. Осының бәрі Абайдың ілімі арқылы келеді. Сондықтан мектепте тәрбиеші деген штат енгізілуі тиіс. Осы жерде Абай мен Шәкәрімнің ұқсастығы білінеді. Шәкәрімнің Ар ілімі бар. «Жайнар көңіл, Қайнар өмір, Ар ілімі оқылса» дейді. Ар ілімі деген – Абай айтқан тазалық, иманды болу. Абай мен Шәкәрім бірін бірі толықтырып тұрады. Ал білім алудың жайы басқа, Еуропадан ал, Қытайдан ал, бәрібір. Тәрбиенің танымы басқа. Біз білім туралы айтамыз да тәрбиеге оған онша назар аудармаймыз. Әл-Фараби айтқандай, тәрбиесіз берілген білімнің түкке керегі жоқ. Тәрбие – мінезді қалыптастырады. Әлихан Бөкейханұлы: «Адамның ұлтқа қызмет етуі білімнен емес, мінезден» дейді. Соны өте ескеруіміз керек.
– Бұрынғы замандарды айтпай-ақ қояйық, кейінгі қазақ «қазақ» аталғалы Абайдан асқан, деңгейлес тұлға болды ма?
– Жоқ, болған жоқ. Өйткені қазақтың атақтыларының бәрі ұлттық ауқымда болды. Мысалы, жырау поэзиясы – ұлттық шеңбердегі құндылық. Ол жаман деңгей емес, ру емес, бір ауылдың деңгейі емес, ұлттық деңгейде жырлады. Асан Қайғы жерді ұлт үшін іздеді, Шалкиіз, Мұрат Мөңкеұлы, Бұқар жырау, Шортанбай т.б. ойшылдар ақылын қазаққа айтты, елдің қамын жоқтады. Ол әлемдік деңгейге шығармайды. Ал Абай әлемдік деңгейге шықты. Қалайша? Ол Батыс мәдениетін орыс тілі арқылы меңгерді, философтарымен таласып, өзінің пәлсапасын жазды. Екіншіден ислам мәдениетін зерттеді. Ол суфизм. Айтайын, бұл өңірде ол кісі сияқты Құранның мәнісін білген адам болмаған.
Семейге алыстан арнайы дін білгірі келе жатыр дегенде мұқым татар, қазақ моллалары жиналып: «Сіз ғана исламды жақсы білесіз, сіз ғана Құранды жақсы меңгергенсіз» деп Абайды шақыртып алатын болған. Абайдың жақсы болып отырғаны, Мұхтар Әуезов «үш қайнар» деп айтқандай, біріншісі – қазақ мәдениетін жетік білді, екіншісі – Батыс мәдениетін игерді – Аристотель, Платоннан бастап, кейінгі Чадаевқа дейін, үшіншісі – ислам. Осы үшеуі Абайды әлемдік деңгейге көтерді. Ондай адамды хәкім дейді. Ал Хәкім адамға кітап оқу шарт емес, ол білімді жүрекпен алады, уаһи дейді. Ол жүрегі тазарған адам, оларға білім жеті қат көктен, Жаратылыстан құйылады. Алладан келгенінің бір белгісі, міне, екі ғасырға жақын уақыт өтті, оның жазған бір сөзі, бір жолы өзгерген жоқ. Жырауларымыздың сөздерінің кейбіреуі ескірді, өйткені өз заманына лайықтап айтылған. Ал хәкімнің сөздері уақыт өткен сайын жарқырап, құндылығы, өзектілігі артып келеді, қазір оны «толық адамын» әлем ден қойып жатыр.
– Абайға «Шығыстың жеті жұлдызының» әсері болды ма?
– Абай олардан тәлім алды. Ол кезде әлі бала еді, 13 жаста. Шығыс шайырларының шығармалары жүрегіне себезгідей құйылды, бірден шыққан жоқ. 30-дан асып 40-қа жақындағанда ақын болып, елмен алыса бастағанда жаңа нәр болып көрініс тапты, 50 жасқа жеткенде суфизм болып шықты. Тегінде хәкім қылған сол. Ол жүректе жатып жатып, өмірдің ащы-тұщысын ой елегінен өткізіп, жақсы көретін інісі қайтып, Құдай сынаққа салғанда, ашылды. Егер Абай медреседе оқымаса хәкімдік деңгейге жетер ма еді, жетпес па еді?! Сол замандарда Қазанда Ислам орталығы жұмыс істеді. Бұл орталық Бұқарадағыдан да ірі болды. Шығыс шайырларының еңбектерінің көпшілігі сонда басылып шықты. Осында татардың көрнекті ойшылы, ағартушы-тарихшы Маржани Шиһабаддин сияқты 3-4 ірі ғалымдар жұмыс істеді. Бұл ғалымдар араб, парсы, басқа да шығыс тілдерін жетік меңгерген, елге таратқан, Абай сол еңбектерге сусындады. Жалпы, ХІХ ғасырда татар халқы қазаққа көп еңбек сіңірді, бір өкініштісі осы ескерілмей келеді, айтылмайды.
Татар орыспен қатар келе жатқан халық қой: олар сауданы да жасады, тамақ пісіруді де үйретті, үй де салды, қазақ көпестерінің көбі сауданы татарлардың қасында жүріп, үйренді. Орыстар тек жеп кетуді білді, ал татарлар сол жерге еңбек сіңірді. Семейді түлеткен татарлар екенін де жасырудың қажеті жоқ.
– Бүгінде қазақ арабтанып, батыстанып, орыстанып жатыр ғой, сондықтан ұлтымызды өз болмысын-бітіміне қайтару үшін Абайдың ілімдерін мемлекеттік идеологияға айналдырып, пайдалануға бола ма?
– Идеология деген идеялардан тұрады. Бірнеше идеялардың басы біріктірілуі мүмкін. Абайдың идеясы – «толық адам». Ол тәрбие. Бұл –бірінші идея. Екінші идеясы – «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Адамдарды бөлме дегені. Бұл гуманистік. «Үш сүю» деген өлеңі бар: Алланы сүй, Адамды сүй, сосын Ғадалат ұғымына іліктесетін сүйіспеншілік. Осы идеялары бар. Тағы бір идеясы – «махабатсыз дүние бос». Себебі адам да, кез келген жануар да махабатсыз өмір сүрмейді. Махаббат болмаса дүние қараң қалады. Адамды махаббатпен жаратқанын астрономдар жақсы біледі. Миллиондаған планета айналып тұрғанда бір-бірімен қақтығыспайды. Махаббатпен жасалмаса олардың ойран-топыраны шығар еді. Сондықтан кез келген іс махаббатпен жасалуы керек. Мұғалім сабақты оқушыға махаббатпен түсіндіру керек. Әкесі баласын махаббатпен тәрбиелеу керек, т.с.с. Бұл – Құдайдың заңы. Құдайдың бар екенін балаға үш жастан бастап балабақшадан үйрету керек. Бұл адамды бала күнінен тәрбиелейді, бала кішкентайынан обал-сауапты біліп өседі.
– «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңі мен 45- сөзіне данышпан алғашқы туындысында:
– Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,
Және «Хақ жолы осы» деп әділетті, – дейді.
Ал соңында: «Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері... һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты дегендігі» деп бастайды. Сөйтіп, Абайдың ақтық өсиет толғаулары қос феномен сезім: махаббат пен әділетке бағытталғанына көз жеткіземіз. Маңызды ерекшелік – хәкім Абай махаббат, ғаделетті қосақтап айтады. Мұның сыры неде?
Гәп мынада: махаббат – күллі әлемге нұрын, шуағын төккен қуат, ал әділет – тұтастай ғалам құбылыстарын реттеуші құдірет. Қос феномен қосылғанда ғарыштық күрделі қатынастар ғажайып үйлесімін табады.Міне, хәкім Абай махаббат, ғаделетке осы тұрғыдан келіп, жаңа аталған 45-қарасөзінде мынадай даналық тұжырымын жасайды: «Бұлардың (махаббат пен әділеттің) керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі».
«Ол – жаратқан Тәңірінің ісі» деген бір-ақ ауыз тезис бүгінгі біз үшін аса салмақты. Осылайша, Абай бізге он сегіз мың ғаламның махаббат-әділет заңымен басқарылып, реттелетінін ашықтап беріп отыр. Бұл, сөз жоқ, тек әлем ойы алыбының ғана сыбағасы.
Дәулет АСАУ
Пікірлер (1)
best darknet markets <a href="https://mydarknetmarketlinks.com/ ">darknet drug links </a> darkmarket 2024