«Сияр Шәріп» несімен танымал?

Таным
view 3663
news

Мәжіліс депутаты, тіл жанашыры Абзал Құспанның демеушілігімен елімізде 2013 жылдан бері «Отбасы хрестоматиясы» бойынша құнды кітаптар басылып жатыр. Соның ең танымалы – «Сияр Шәріп». Осы кітапты баспаға даярлау барысында жобаның авторы филолог Айбек Нәби бірқатар соны деректерге тап болған. Кейін, анықтай келгенде, ол еліміздің ардақтылары – алашордашылардың шетел классиктерінен аударған, еш жерде жарияланбаған еңбектері болып шықты. – Айбек мырза, құтты болсын, ел-жұрттың көзі түспеген жауһарларды қайдан тауып алдыңыз? – «Сияр Шәріп» кітабын баспаға даярлау барысында қажетті материалдар іздеп архивтерге түскенде, латын хәрпімен жазылған кітапшаларды көрдік. Мен мұны Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорынан көргенмін, дегенмен жұмыс істеуге қолайлы болу үшін еліміздегі сирек кітаптар орналасқан Kazneb порталының цифрлық қорынан алдық. Қарасақ, шет тіліндегі әдеби кітаптардың қазақша аудармасы. Авторы «Сәлкен», «Ысқақ», «Рақым», «Ғ.Себепов» сынды лақап атпен берілген. Ол кезде мақсатымыз басқа болған соң, бұл кітаптарға мойын бұрмадық. 2020 жылы карантиннің кезінде жұрттың көбі үйге қамалып, бос отырды. Содан бізге хабарласып, «Не көмек берсек болады?» деп сұрады. Жалпы, осындай дүниелер шығарып жүрген соң, бізге волонтерлер көп хабарласады. Қолынан келгенше көмек беріп, мәнді бір іспен айналысқысы келеді. Сондай бір кезде Динара Сұлтанқызы есімді қыз телефон соғып, көмек қолын созды. Есіме баяғы архивте көрген кітаптар түсті. «Жан Кристоф» деген бір кітапты кирилл әрпіне түсіріп беруге өтініш еттік. Екі күн болмай әлгі қыз кітапты дайын қылды. Оқып шыққанда, таңғалдық. Тілі өте шұрайлы. ХХ ғасырдың басындағы қаймағы бұзылмаған қазақ тілі. Кітаптың кейіпкерлерінің орнына құдды бір қазақтың би-шешендері сөйлеп жатқандай. Осылайша, бұл процесс жалғасып кетті. Карантин кезін пайдаланып 40-50 кітапты редакциялап, баспаға дайындап қойдық. Бірақ мақсат үлкен болғанымен, көп нәрсе қаржыға тіреледі емес пе? Шама жеткенше бірталай кітап шығарып үлгердік. – Бұл қашан жарық көрген кітаптар? Қайда басылған? Кімнің демеушілігімен жарыққа шыққан? Оның Алаш ардақтыларының еңбегі екенін қайдан білдіңіздер? – Бұл кітаптар 1935-40 жылдар аралығында жарық көрген. Алғашқысы төте жазумен шықса, кейінгісі латынмен басылған. 1940 жылы біз кирилл альфавитіне ауысқанда, бұл кітаптар бірте-бірте ысырылып, архивтің түбінен мәңгілікке орын алған. Біздің есебімізше шамасы 200-ден астап дәл осындай кітап бар. Енді бұл кітаптарды кім шығарды дегенге келсек, оның тарихы былай. 1922 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы Мәскеуге «культурный ссылкаға» жіберіледі. Алаш орда үкіметі тарайды. Әлиханның саяси іспен айналысуына тыйым салып, күні-түні бақылауда отырады. Яғни мырзақамақта болады. Тек бір ғана нәрсе, ағартушылықпен айналысуына рұқсат етіледі. Сөйтіп, «Интернационал» деген баспа үйіне қызметке тұрады. Сол жерден қазақ бөлімін ашады. Бұл баспа орны негізінен әр тілде әртүрлі кітаптар шығарумен айналысады. Әлихан сонда келген соң жанына Мағжанды алып алады. Сөйтіп, екеуі шет тілінен аударылатын кітаптың тізімін жасайды. Сосын ол кітаптарды сатып алып, Қазақстандағы бұрынғы Алаш зиялыларына жолдайды. Олар шет әдебиеттерін қазақшаға аударады. Шамасы Қазақ көркем әдебиет баспасынан шыққан болуы керек. Оны қайдан білдің дейсің ғой?! Алаш зиялысы А.Байтасовтың Жүсіпбек Аймауытовқа жазған хаты бар. Сонда «Қазір Әлихан мен Мағжан «Восиздатта» жұмыс істейді. Соларға хабарласып, аударуға кітап аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кітаптарын қазақшаға аудару керек деп жүрген. Қаласаң қазірден бастап аударуға кітап сұрауың керек» дейді. Көрдіңіз бе, осылайша, Алаш зиялылары Әлиханнан аударуға кітап алып тұрған. Тағы бір мысал, Абайдың баласы Тұрағұлға Джек Лондонның кітабын жібереді. Ол Лондонның «Мартин Иден», «Киш туралы аңыз» деген кітаптарын қазақшаға аударады. Бірақ өз атын көрсетпей, «Рақым» деген лақап ат қолданады. – Аударманың тілі, ерекшелігі туралы не айтасыз? – Аударманың тілін жоғарыда бір айтып өттім. Еркін аударма әдісін қолданған. Немесе назира дәстүрі деп айтса да болады. Нәзира дәстүрін мынадай мысалмен түсіндірсе болады. Мәселен, Фердауси «Шахнаманы» жазып шығады. Оны Тұрмағамбет Ізтілеуов сөзбе сөз аудармайды, бір оқып алып, өз түсінігімен жазып шығады. Сол сияқты Тұрағұл да Джек Лондонның шығармаларын сөзбе сөз аударып отырмайды. Бір оқып алады да, түсінігін қазақша жазып шығады. Оқығанда шетел әдебиеті деп ойламайсың. Қазақтың туындысы сияқты. – Өте игілікті іс жасап отырсыздар. Енді осы істе мемлекет тарапынан қандайда бір көмек көрсетіліп отыр ма? – Енді кітапты шығаруға келсек, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген жоқ. Бірнеше лауазымды шенеунікке апарып көрсеттік. Көбі «Алаш» деген аттан қорқады. Осы үрей батыл шешім қабылдауға мұрсат бермеді. Сондықтан жеке азаматтардың қолдауымен шығарып жатырмыз. Кітаптардың сапасы ескірген болуы керек. Мен сирек кездесетін кітаптар қорынан көргенде көбі тозған. Сондықтан оларды цифрлап, kazneb порталына орналастырған. Біз сол жерден алып, пайдаланып жатырмыз. – Алдағы жоспарларыңыз қалай? – Әзірге баспаға дайын тұрған 40-50 кітапты басып шығарамыз. Сосын архивте жатқан қалған кітаптарды редакциялауға, яғни латыннан кирилл әрпіне түсіруге кірісеміз. Елдегі кітапханаларға да прайс-листін жіберіп көрдік. Мүмкін мемлекеттік тапсырыспен алар деп ойлағанбыз. Кейбіреулері алды. Ал енді біреулері жоспарға енгіземіз деп жатыр. – Істеріңізге береке берсін! Тек қана сәттілік тілеймін. – Рақмет!

Сұхбаттасқан Дәулет Асау

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *