Қала статусын алғаннан бергі жағдайды оң бағалаймын

Таным
view 3598
news

Қосшы қаласы біртуар дара азаматтардың алтын ордасы десе артық айтылмаған әңгіме. Себебі мұнда есті әнімен есті алған әнші де, құлақтан кіріп бойды алар сазы бар сазгер де, санаға салмақ салар кесек ойы бар ақын-жазушылар да, тіпті болыстың ұрпақтары да мекен етіп жатыр. Біздің бүгінгі сұхбатымыз қазақ жұртына белгілі Спан Макиннің ұрпағымен өрбиді. Алдымен оның қай жерде , қандай болыс болғандығын тарқатып көрейік. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол,тайғақ кешуде» сипаттаған “мықты, атақты белгілі болыс” Спан Мақыұлы Макин 1861 жылы туған. Ол жастайынан ел көзіне түсіп, ел билеуге ұмтылған, болыстық қызметті отыз жылға жуық атқарған. Қазіргі Тайтөбе өңірін басқарып, түрлі іс-әрекетімен, әсіресе ұлттық топтарға, яғни Алаш қайраткерлеріне жақын болғаны жайлы деректер бар. Архив маманы Ғ. Исаханның деректеріне сүйенсек, Астана іргесіндегі “Нұра” демалыс аймағы Спан болыстың жаз жайлауы болған екен. 1927 жылы ұлттық партиялық топтарға қосылғаны үшін сайлау құқығынан айырылған. Спан Макин басқарған Нұра болысы –Ақмола облысы Ақмола уезіндегі қазақ болысы. Шекарасы Үсен өзенінің Нұра өзеніне құйған тұсынан жоғары Үсен өзенінің сол жағымен Қозыбақ бастауы мен Нұрбақтың ескі арнасының бөлінген жерімен, Қужал өзенінің Сарысу өзеніне құйған тұсымен Үңірек шоқысына дейін, Өртеңжал шоқыларымен Сарыадыр, Сарыкөл мекені, Қойтас, Айнабұлақ, Қуөзек, Нұра өзені жанындағы Қонақпай бейітімен өтеді. 1927 жылғы қазақ ұлттық буржуазиясының басына төнген қара бұлттың кесірі Спан болыстың айналасын да шарпыған. Ол алғашқыда үш жыл еңбекпен түзеу колониясына Ақмола, Семей, Қостанай губернияларынан тыс жерлерге 1928 жылдың қаңтарында Шымкент округіне жер аударылған екен. Спан болыстың өмірінің соңғы кезеңі жайлы архив деректеріне жүгінсек болады. “1933 жылы 14 мамырда 71 жастағы Спан болыс (бойы 1 метр 62 см., шашы қара, көзі сұр түсті) Ақмола халық сотының шешімімен Қылмыстық кодекстің 82, 107-баптарымен жауапқа тартылады. Сөйтіп, 6 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдайды. Республикалық комиссияның қарауынан кейін денсаулығына байланысты босатылып, 1933 жылдың 8 маусымынан мәжбүрлі еңбекке 1 жылға жегіледі, 1934 жылы қайтыс болады” Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайында ел білмейтін деректер. // “Айқын”, 16 қараша 2022 жыл). Аталған деректер «Қазақстан тарихы» порталынан алынды. Ел білетін болыстың немересі Қосшы қаласында тұрып жатқанын көбі біле білмейді. Қаланың алғашқы көшелерінің бірінде орналасқан үйді әрең тауып жеттім. Мені танымал болыстың немере келіні күтіп алды. Үйге кірдік. Анадай жерде төсекке таңылып болыстың немересі Барлыбай Олжабайұлы жатыр. Жанында атасы туралы мәліметке толы кітап пен бірнеше газет бар. Көзбен бір шолып өттім. «Аға, атаңыз туралы біраз жерде жазылған екен. Мен сіз туралы жазсам деп едім. Болыстың немересі кім? Тіршілігі қалай деген сұраққа жауап іздесек қайтеді?» деген ұсынысыма басында қарсылық білдіргенімен, кейін жібіді. – Спан болыстың жалғыз тұяқ ұлы менің әкем еді. Атамның жетпіске келгенінде туылған екен. Атам қайтқанда әкем құндақтағы бала болатын. Әкем Олжабайдың сегіз ұл, екі қызы бар. Ағайынды онымыз аман-есен өз алдына бір-бір отаумыз. Әкем Р. Қошқарбаев атындағы мектепте қызмет жасаған. Тоқсаныншы жылдары зейнетке дейін Тайтөбенің әкімі болды. 1964 жылы 63 жасында дүниеден өтті. Шешеміз он екі құрсақ көтерген адам. Есімі – Қалимаш. Екі баласы кішкентай кезінде шетінеп кеткен. Ұлдардың үлкені менмін. Қалған онымыз дін аман, білім алып, өз алдымызға еңбек еттік, дейді өткенді еске алып. Жастайынан еңбек еткен Барлыбай Олжабайұлы көлік техникасына жақын еді. Сондықтан мамандығын да соған қарай икемдеген. – Қосшыдағы қазіргі академия бұрын агротехникум болған. 1979 жылы сонда оқуға түстім. Бір жылдан кейін азаматтық борышымды өтеуге әскерге кеттім. Үш жыл Севастопольде теңіз флотында болдым. Келген соң оқуымды жалғастырдым. 1985 жылы техникумды бітірдім. Осында жүрім Мәрияммен де таныстым. 1986 жылы шаңырақ көтердік. Сол кездері осында зауыт салынып жатты. Менің де мамандығым соған сәйкес еді. Басында техника жөндеу маманы болдым.  Күздің кезінде комбайнмен егін ордық. Үздіктер қатарынан көріндім. 1988 жылы жас маман деп үй берді. Талай қуаныш мен бақытты күндеріміздің куәсі болған осы шаңырақ сол мекеменің берген үйі. Білікті маманның орны жақсы қызмет. Еңбекте барынша шыңдалып, абырой биігінен көрінуіне мүмкіндік берген мекеме Барлыбай Олжабайұлы үшін тек қызмет орны ғана емес, жақсы дос тапқан орта да еді. – Кеңес одағы кезіндегі техниканың бәрін жатқа білетінмін. Ленинградта оқыдым. Қосшыға 1988 жылы көшіп келгенмін. «К700» техникалық қызмет көрсету бекетінде бас инженер болдым. Қазіргі «Нұрай стройдың» орнында біздің жұмыс кеңсеміз болды. Менің жағдайым осылай болып қалды, бас маман денсаулық жағдайымен еңбекке жарамады. Сонымен амал жоқ үлкен бекет жұмысы тоқтады. Бірақ мына жағдайыма байланысты әлі күнге дейін елеп-ескеріп, атаулы күндері арнайы келетіндері бар. Ол жағынан өкпем жоқ. Он бес жыл бұрын бірге қызметтес болғандар әлі күнге дейін іздеп келіп тұрады. Қолдан келгенше, көмегін аяған емес. Аудандық ауылшаруашылық техника басқармасының бас кеңсесі қалада еді. 1999 жылы шаруа қожалығы іске қосылады. Сонда механик, инженер болып Барлыбай Олжабайұлы тағайындалады. 40 шақырым аумаққа егін егіліп, қырық адам жұмыспен қамтылды. Осылайша, Қосшыда жөндеу базасы қалыптасты. Барлыбай Олжабайұлы аталған орында басшылық қызметке сайланады. Екі жылдан кейін директордың міндетін атқару қызметі жүктеледі. Желтоқсан айында жұмысшылардың жалақысын банктен шешіп әкелу үшін жолға шыққан ол кенет күтпеген оқыс жағдайға тап болады. Білгендей, есепшіні жанына ертіп шықпайды. Қосшыдан шыға берісте ішімдік ішкен жүргізуші көлігімен артқы жақтан соғып, оның көлігі қарсы бетке шығып кетеді. Сол жерде басқа көлікпен соқтығысып, ес-түссіз жолда қалады. Ауруханада ол өзінің аяқ-қолының жансыз екендігін біледі. Анықталғаны жұлыны үзілген екен. Бір айдан кейін нейрохирургияда күрделі от жасалады. «Өміршеңдігі 20 пайыз, көпке ұзамайды деген дәрігерлер. Іш құрылысымның біраз бөлігі істен шыққан. Мойынға екі титан хамут салынды. Содан төстен төмен қарай ештеңе сезбей қалдым. Содан төсекке мәңгі таңылдым. Бәрінен де өзіммен бірге есепшімді алып шықпағаныма қуанамын», дейді өзінен бұрын өзгенің өміріне алаңдаған Барлыбай Олжабайұлы. – Азаматым ауруханаға түскенін естігенде қыздар әлі кішкентай болатын. Реанимацияда бір ай жатты. Маған тек ота жасалғаннан кейін ғана көрсетті. Екі күн жағдайды қабылдай алмай шокпен жүрдім. Енді өмірім қалай болады. Қалай күтім жасаймын деп уайымдадым. Екі жыл сөйлемеді. Адамның сөйлемегені қиын екен бәрінен. Екі жыл солай жатты. Содан келесі отаны асыға күттік. Сөйлеп кетеді деген сенім басым болды. Расымен отадан кейінгі аз уақытта дауысы шығып, сөйлей бастады. Сол кездегі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Сөйлесе іште шер болмайды, түсіндіре алмай ашуланбайды деген үмітім ғой сондағысы. Төсек тартып жатса да сөйлеп жатқаны қандай жақсы. Азаматымның риза қылатын басты қасиеті қолдауды жақсы жасайды. Ауызбен айтып жатып-ақ іс бітіреді. Жалғызсырамаймын. Пікірлесеміз, әзілдесеміз. Санасы, ойы сергек. Шыдамсызданып, мазаны да ала бермейді. Адамның басына түссе сыналып, жағдайды меңгеріп алып кетеді екен. 15 жылда дәрігерге көп жүгінбей, өз күшіммен қалыпқа келуге тырыстым деп айта аламын, – деп Мәриям Нұрсейітқызы көз жасына ерік берді.

Барлыбай мырза да осы тұста жарына алғыс айтудан жаңылмады. Қиындықты қасқайып көтеріп келе жатқан жарына қарап: – Кішкентай бала сияқты түнде бірнеше рет оятып, түн ұйқысын төрт бөлемін. Жақсы ана ғана емес, қамқоршым, қолдаушым, сенімді серігім. Шаңырағымыздың бақыт пен қуанышқа бөленуінің басты себепкері. Қиындықтан шаршадым деген емес. Мариям бар кезде мен бармын. Амандығын тілеумен келемін. Үш қызымыз бар. Үшеуі де білімді. Жастай аяқтан қалдым дегенмен, іштей өткеніме еш өкініш жоқ. Адам қызмет қыламын десе 45 жасына дейін-ақ жасауына мүмкіндік болады екен. Тағы да ғұмыр берілсе, өзгертер тұсым болмас еді. Жұмыс барысында дос болып кеткен жолдастарыммен өткен күндерді еске алып, марқайып қаламын. Жастық шақ өкінбестей өткені қандай жақсы деймін. Ал 45 жасыма дейін абырой жия алмаған боскеуде біреу болғанымда қайтер едім?! Маңайымда қолдап-қоштар, қиындықта демейтін жолдастарым, жан жарым, бауырларым, балаларым болмағанда не істер едім?! Әрекеттен берекет табуға берілген ғұмыр осы екен, соңына дейін өкінішсіз өткеруге тырысамын.

Қанша жыл төсекте жатса да, Барлыбай Олжабайұлының ойы ұшқыр, білімі терең. Саяси сауатты, күнделікті ақпаратты қалт жібермейді. Ел ішінде, әлемде болып жатқан жағдайды өзінше ой таразысынан өткізіп отыр: – Қала статусын алғаннан бергі жағдайды оң бағалаймын. Бірден көркейіп, алдыңғы қатарға шығып кету әсте мүмкін емес. Бәрі өз сатысымен, кезегімен дамиды. Халық сабырға бой алдыру керек. Айқайлап, шу көтергеннен бәрі бірден жақсы болып кетпейді. Жүйе, кезек деген бар. Қолдан келсе әкімге көмектесіңіз. Пікіріңізді білдіріңіз, қол көмегіңізді де аямаңыз. Бір адам бәрін бір уақытта жақсарта алмайды. Бәрі де ұжымдық жұмыс, көппен бітетін шаруа. Елдің дамуына сіз үлес қоспасаңыз, кім қосады? Өз жағдайымда үкіметке өкпем жоқ. Ай сайынғы төлемі бар. Аудандық әкімшілік жылу жүргізіп берді. Қалалық әкімшілік кәріз жүргізуге септігін тигізді. Азық-түлік дорбасын маған емес, менен де халі мүшкіл жандарға жеткізіңіздерші деп алмаймын. Ал жастарға айтарым, жұмыстың ақ-қарасы болмайды. Ортадан абырой тауып, еңбектен нәтиже көргің келсе, жұмысты талғамау керек. Жаныңды беріп, көңіл қойған істе нәтиже болатынына сеніммен қарау керек. Нан тапқысы келген адам жұмыс талғамайды. Сырласып, сұхбаттасқан аз уақыттың арасында тектіден текті туатынына анық көз жеткізгендей күй кештім. Елге белгілі болыстың ұрпағының бойындағы адамдықтың асыл қасиеттері көптің бойынан табыла бермейтіндігі өкінішті. Ал даму даңғыл жолында жақсы жардың серік болуы қандай маңызды еді!

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *