Оқушылар күзгі каникулда неше күн демалады?
Фото: ЖИ фотоиллюстрациясы
Оқу-ағарту министрлігі қазақстандық мектептерде бірінші тоқсанның аяқталып жатқанын мәлім етті. Күзгі демалыс биыл 27 қазаннан 2 қарашаға дейін, яғни 7 күнге созылады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Министрліктің мәліметінше, демалыс кезеңін тиімді және қауіпсіз өткізу, сондай-ақ оқушылардың жеке дамуы мен бос уақытын ұйымдастыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленген.

Жоспарға патриотизм, әділдік және жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар енгізілді. Мысалы, “Балалар кітапханасы” жобасы аясында “Кітап оқимыз демалыста” атты акция, “Буллингтен қорған” атты қауіпсіздік сабақтары, мектеп театрларының жұмысы қарастырылған, – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар оқушылардың ата-аналарымен бірге жол-көлік оқиғаларының алдын алу, мектептің ішкі тәртіп ережелерін сақтау, көшедегі және үйдегі қауіпсіздік шараларын орындау, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі мен киберқауіпсіздікке назар аудару ұсынылған.
Министрлік бұл шаралар балалардың демалысын пайдалы әрі қауіпсіз өткізуге бағытталғанын атап өтті.
Пікірлер (0)