Ұлттық мерейтойлық күндер: Тарихи жадыны қалай тұтастырамыз

Жаңалықтар
view 37
news

Фото: ашық дереккөз

Әрине, Қазақстан үшін мерейтойлық күндер күнтізбедегі формалды дата емес. Бұл еліміздің рухани жаңғыруына бағытталған, тарихи жадын жаңғыртатын, ұлттық бірігуге серпін беретін ерекше кезең. Әсіресе, Алаш қайраткерлерінің мерейтойлары өткенімізге үңілудің, болашаққа бағыт іздеудің маңызды мүмкіндігі деп білеміз. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Міржақып Дулатұлының мерейтойлық даталарын тек тұлғаларды ұлықтау деп түсінсек, қателесеміз. Бұл бір ғасыр бұрын қазақтың мемлекетшілдігі үшін күрескен ұлт зиялыларының идеясын бүгінгі Қазақстанның даму жолымен сабақтастыру болса керек. Алаштықтардың ойы ғасырдан асып кетсе де, ескірген жоқ. Керісінше, бүгінгі жаһандық өзгерістер заманында бұл идеяларға жаңа көзқараспен келу қажеттігі артып отыр, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

Тарихи мерейтойлар не үшін маңызды? Өйткені ұлттық мерейтойлар қоғамды біріктіретін символдық күшке ие. Олар халықтың тарихи санасын сілкінтіп, жас ұрпаққа өткеннің өнегесін түсіндіреді. Әсіресе, Алаш қайраткерлерінің өмір жолы – білімге, әділдікке, азаттыққа ұмтылудың ең биік үлгісі. Ахметтің ағартушылығы, Міржақыптың күрескерлігі – бүгінгі жас буынға азаматтық жауапкершілік пен елшілдік мінездің не екенін нақты көрсетеді.

Аяулы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ жазуының реформаторы, ұлттық баспасөздің негізін қалаған публицист, тұтас буынды тәрбиелеген ұстаз. Оның «Маса», «Қырық мысал», «Тіл-құрал» сынды еңбектері ұлтты оятуға бағытталды. Жарықтық Жақаң, Міржақып Дулатұлы – «Оян, қазақ!» деп елді әділетсіздікке қарсы тұруға шақырған, қазақ публицистикасы мен әдебиетін жаңа арнаға бұрған қайраткер.

Екі тұлғаны да біріктірген ортақ мақсат – ұлттың бостандығы, білімді қоғам қалыптастыру және әділетті мемлекет орнату еді. Бұл идеялар бүгінгі Қазақстанның негізгі стратегиялық бағыттарымен: сапалы білім, ашық қоғам, әділетті мемлекет құрумен үндес.

Соңғы жылдары мерейтойлар тек салтанатты жиналыстармен ғана шектелмей, мазмұндық тұрғыдан байып келе жатқаны қуантады. Ғылыми конференциялар, архивтік құжаттардың жариялануы, деректі фильмдер, жаңа оқулықтар – бұлардың барлығы тарихи тұлғаларды жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Өңірлерде, оның ішінде Қосшы мен Степногорск сияқты қалаларда да жергілікті өлкетану, білім беру ұйымдары арқылы арнайы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ұлттық тарихқа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, жас буынның танымын кеңейтетін маңызды қадам.

Алаш қайраткерлері көтерген тіл саясаты, білім сапасы, әділетті басқару, ақпараттық қауіпсіздік, ұлттық бірлікті сақтау мәселелер бүгін де өзекті. Осы тұрғыдан алғанда, Ахмет пен Міржақыптың мерейтойлары бізге тарихи сабақ береді.

Ұлттық мерейтойларды елдің рухани дамуындағы үлкен мектеп деп алсақ, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының мерейтойлық жылдары бізді өткенімізбен бетпе-бет келтіріп, тарихи жауапкершілік сезімін күшейтеді деп ойлаймыз. Себебі ұлт үшін қызмет етудің ең биік үлгісін қалдырған Алаш арыстарының мұрасы – бүгінгі Қазақстанды жаңғыртудың қуатты идеялық тірегі.

Ғани АТЫМТАЙ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *