Трамп Зеленскийге 2,5 мың шақырымға жететін қуатты зымырандарын жібермек
Фотосурет: pronedra.ru
АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығысқа сапары барысында Air Force One бортында журналистерге сұхбат беріп, егер Ресей соғысты тоқтатпаса, Украинаға алыс қашықтыққа ұшатын «Томагавк» қанатты зымырандарын жіберуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Тыңдаңыз, егер бұл соғыс реттелмесе, мен оларға «Томагавктарды» жіберемін. Ресей олардың өздеріне қарай ұшқанын қалай ма? Мен олай ойламаймын, – деді Дональд Трамп.
Ол қаруды сенбі күнгі телефон арқылы сөйлесуде Украина президенті Владимир Зеленский сұраған еді. Сол сәтте ғана Трамптың өзі бұл қадамды «агрессияның жаңа сатысы» деп атап, оның шиеленісті ушықтыратынын мойындаған болатын. Енді Мәскеу оның мына мәлімдемесіне алаңдап отыр.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков қазіргі сәтті «барлық тараптан шиеленіс өршіп тұрған өте драмалық кезең» деп сипаттады.
Еске сала кетсек, тамыз айында Аляскада Путинмен өткен кездесуде бейбіт келісімге қол жеткізілмеген соң, Трамп Еуропадағы одақтастары арқылы қару-жарақ жеткізу мүмкіндігін ойластырған болатын. Өз кезегінде Владимир Путин де Киевке «Томагавк» зымырандарын беру Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай нұқсан келтіретін ірі қадам болатынын ескертті.
Анықтама: «Томагавк» зымырандарының ұшу қашықтығы 2 500 шақырымды қамтиды. Бұл – Украина аумағынан Мәскеуге дейін соққы беруге мүмкіндік береді деген сөз.
Пікірлер (0)