Орманды заңсыз ағаш кесуден қорғайық

Жаңалықтар
view 22
news

Фото: Жасанды интелект көмегімен жасалды

Заңсыз ағаш кесу қоршаған ортаға және мемлекеттік орман қорына елеулі зиян келтіреді. Орман алқаптары маңызды экологиялық қызмет атқарады, биоалуантүрлілікті сақтауға, топырақты қорғауға, қолайлы микроклиматты қалыптастыруға ықпал етеді және өңірдің табиғи байлығының маңызды бөлігі болып табылады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда Ақмола облысының аумағында орман екпелерін заңсыз кесудің төрт фактісі тіркелді. Заңсыз кесілген сүректің жалпы көлемі 22,3 текше метрді, ал келтірілген залалдың сомасы 636 070 теңгені құрады.

Анықталған барлық фактілер бойынша материалдар тиісті процестік шешімдер қабылдау және кінәлі тұлғаларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тарту үшін сот және құқық қорғау органдарына жолданды.

Үш факт бойынша құқық бұзушылар анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік орман қорына келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Ормандарды заңсыз кесуден қорғау және орман заңнамасының талаптарын сақтау бағытындағы профилактикалық жұмыстар да тұрақты негізде жүргізілуде. Инспекция қызметкерлері орман шаруашылығы мекемелерімен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, орман қорын қорғау, заңсыз ағаш кесу фактілерінің алдын алу және анықтау бойынша тиісті іс-шараларды жүзеге асыруда.

Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Сонымен қатар, Инспекция облыс тұрғындарын табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға, орман байлығын сақтауға және орман екпелерін заңсыз кесу, сондай-ақ табиғат қорғау заңнамасын бұзудың өзге де фактілері туралы уәкілетті органдарға дереу хабарлауға шақырады.

Әрбір азамат орманды сақтауға өз үлесін қоса алады. Табиғатқа жанашырлықпен қарау, белгіленген талаптарды сақтау және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамау — орман байлығын қорғаудың маңызды шарттарының бірі.

Орман байлығын сақтау және көбейту — мемлекеттік органдар мен әрбір азаматтың ортақ міндеті. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ормандарды сақтап, көбейтіп және осы табиғи байлықты келер ұрпаққа аманат етуге болады.

 

Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ЕҚТА бөлімінің бас маманы 
Қ. Шаймерденов

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *