Бүгін мен болашақтың да қажеті – «құқықтық мәдениет»

Таным
view 3330
news

Бір ғасыр бұрын «Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды» деген еді ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан. Бұл сөз – біздің ғасырға да тән сөз. Алғашқы қауымдастық кезеңінен бастап бүгінгі дижитал дәуіріне дейінгі аралықта ауадай қажет болған, бүгін мен болашақтың да қажеті – «құқықтық мәдениет». Алдымен «құқық» сөзіне тоқталайық. Құқық – қоғамдағы мінез-құлықты реттейтін және қоғамның идеялары мен мақсаттарын бейнелейтін нормалар жиынтығы. Ал «құқықтық мәдениет» – соны білу мен қолдану. «Құқықтық мәдениет – жеке тұлғаның жоғары саяси және азаматтық қасиеттерін қалыптастырады, әлеуметтік-құқықтық белсенділігін арттырады, құқықтық сана мен мінез-құлық қағидаларын және мәдениет нормаларын, демократиялық қоғам құру белсенділігін күшейтеді, қазақстандық ұлтжандылықты, патриоттықты терең ұғынып, оны орнықты ету үшін идеялар мен басым қағидаларды қолдауға және жүзеге асыруға, құқықтық сана-сезімді қалыптастыру мақсатында нақты қарым-қатынастар жасауға мүмкіндік береді», – дейді заң ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ишанбекқызы. Қоғамда заңның сақталып, құқық бұзушылықтың азайғанын қаласақ, құқықтық сананы қалыптастыруымыз керек. Яғни, жеке тұлғаның құқыққа деген түсінігін қалыптастырып, көзқарасын өзгертуіміз қажет. Құқықтың сананың өз белігілері бар: құқықтық қажеттілікті ұғынуы және сезінуі; құқықты бағалауы; құқықты жете түсіну, дамыған заң шығару жүйесін құрудың қажеттілігі. ҚАЗАҚСТАН ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ ИНДЕКСІ БОЙЫНША 66-ОРЫНДА ТҰР «World Justice Project» халықаралық үкіметтік емес ұйымының 2021 жылғы «Заң үстемдігі» индексі бойынша, Қазақстан 138 елден 0,52 баллмен 66-орынға ие болды (0-ден 1-ге дейінгі балл бойынша бағаланған). Заң үстемдігі индексі – әлем елдерінің құқықтық қағидаттарына негізделеді. Индекс 8 аспектіден тұрады: билік институттарының өкілеттіктерін шектеу; сыбайлас жемқорлықтың болмауы; ашық үкімет; негізгі құқықтарды қорғау; тәртіп және қауіпсіздік; реттеуші құқық қолдану; азаматтық сот төрелігі; қылмыстық сот төрелігі. Дания 6 жыл қатарынан 1-орын алып келеді. Даниядан кейінгі үздік 4 мемлекет: Норвегия, Финляндия, Швеция, Германия. Бұдан не түюге болады? Дамыған мемлекеттердің құқықтық сауаттылықтың жоғары болатынын, заңның үстем болатынын түсінеміз. ҚҰҚЫҚТЫҚ НИГИЛИЗМ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ Елдегі құқықтық мәдениеттің төмендігінің көптеген себебі бар. Ең негізгісі – құқықтық нигилизм. Яғни, құқықтық немқұрайлылық. Мұны заңның адам өміріндегі маңызын теріске шығарып, қабылдамау деп түсінсе болады. Нигилизмнің екі түрі бар: пассивті және белсенді. Пассивті нигилизмде адамдар қабылданған немесе жаңартылған заңдарды ұғынуға, зерттеуге талпынбайды. Ал белсенді нигилизмде адамдар агрессия көрсетіп, белгілі бір заңдарға қарсы шығады. Естеріңізде болса, осы жылдың маусым айында еліміздегі екінші референдум өткен болатын. 2 млн халық дауыс беруден бас тартып, өзгерістерді қолдамаған. Бұл – құқықтық нигилизмнің ашық көрінісі. «Жалған ақпарат таратыпты», «Үлескерлер алдап кетті», «Үйінен айырылып қалды», «Жазасын өтемей, бостандықта тайраңдап жүр» т.б сынды жаңалықтарды көп естиміз. Тіпті, бүгінде онлайн алаяқтар да халықты зар қақсатып жүр. Осы мәселелердің көпшілігі құқықтық немқұрайлықтан шықпақ. Шынымен өзінің құқығын қорғай алмайтын адам көрінгенге жем болады. Белгілі заңгер Сағидолла Баймұрат: «Қазіргі кезде соттың ресми істеріне қарап отырып, азаматтардың құқықтық сауаттылық деңгейіне тұжырым жасау өте қиын. Тіпті, мүмкін емес. Дегенмен, өзім қатысқан әлеуметтік жобалардың, кеңестердің нәтижесі бойынша қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығы өте төмен екенін айтқым келеді», – дейді. Ал белгілі заңгер, қоғам белсендісі Абзал Құспан: «Халықты құқықтық жағынан сауаттандыру үшін мемлекеттік деңгейдегі үлкен бағдарлама құру қажет. Заңдар мен құқығын білуге  әр азамат өзі мүдделі болуы тиіс. Заң – біздің қолымыздағы басты қару» дейді. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЗАҢДЫ ТҮСІНУ НЕГЕ ҚИЫН? Құқықтық сауатсыздыққа бірден-бір себеп – халыққа заңды дұрыс жеткізбеу. Байқайсыз ба? Ата Заңда жазылған қазақша заңның өзін екі-үш рет оқып, түсіну қиын. Халықтың басындағы жүген сыпырылғалы 30 жылдан асты. Сонда да қазақ тілінде «заң жазу», «заң шығару» әлі бірізділікке түспеді. Тәуелсіздік алған жылдары 3 мыңға жуық заң қабылданған болатын. Сенесіз бе? 3000 заңның ішінде екі-ақ заң қазақ тілінде жазылған. Біріншісі – Әкім Ысқақтың «Көші-қон» туралы заңы, екіншісі – Фариза Оңғарсынованың «Бала құқықтары» жөніндегі заңы. Бүгінде заңдардың көп бөлігі орыс тілінде жазылып болған соң қазақ тіліне аударылады. Қазақ тіліндегі заңды түсінбеудің түп-тамыры осында жатыр. Аударманың жай-күйін біз айтпасақ та біліп отырсыздар. Көптеген жыл Жоғарғы сот судьясы болған заңгер Ә.Құрықбаев заң тіліне арналған жиында: «Бізде кеше ғана қабылданған заңға өзгертулер енгізіліп жатады. Заңның тұрақсыздығы оның сапасына күмән тудырады. Жаңа қабылданған заңға бір жылдың ішінде 100-ден астам өзгерту мен түзету енгізілгенін көрдік. Ал оның қазақ тіліндегі нұсқасын қарапайым азамат түгіл, заңгерлер де ұқпайды. Судьялар істі қазақ тілінде қарап отырған кезде де қазақша мәтінге сүйенбейді. Бәрі орысша мәтінге сүйене отырып, қазақша іс жүргізеді» деген еді. Қазақша жазылған заңды халық түгіл заң қызметкерлері мен шенеуніктердің өзі түсінбейтін сәттер болады. Сонда бұл заң кім үшін жазылған? «Қазақша заң бар ғой» деген сылтауды басыңды тік көтеріп тұрып айту үшін ғана жазылған деген ойға келесің. Бүгінгі қазақ қоғамына қарасаң, Жүсіп Баласағұнның бір сөзі еске түседі. Ол «Халық заңды көп білмейді тереңдеп, жай еңбекпен күн көреді әреңдеп» деген сөзін бізге арнап айтқандай көрінеді. Елдегі қылмыстың, қатыгездіктің көптігі – көбелек эффектісі. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, балаларға адамгершілікті былай қойғанда, жай ғана  құқықтық мәдениетті сіңіріп өсіру қажет. Өзінің құқығын білмейтін, өзгенің құқығын таптайтын қоғамда қылмыстың көп болуы заңдылық. Мұны «көбелек эффектісі» деп атайды. Яғни, кез келген іс бір салдарға апарады. Кез келген адамның  кішкентай зұлымдығының өзі үлкен қауіпке әкеледі. Кез келген адамның кішентай жақсылығының өзі үлкен ғажайыптың басы. Құқықтық мәдениет те сол сияқты. Түсінесіз бе? Әрбір азаматтың құқығы қорғалған мемлекет халықаралық деңгейде бәсекеге төтеп бере алатын болады. Енді сіздің қолыңызда не тұрғанын ойлана беріңіз...

Жасын Жолмырза

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *