Көкшетауда 630 орындық жаңа көпсалалы облыстық аурухана салу жоспарлануда

Жаңалықтар
view 19
news

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ақмола облысында халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. 2024 жылы денсаулық сақтау объектілерін күрделі жөндеу бойынша 20 ірі жобаны іске асыру үшін 3 миллиард теңге бөлінді, бұл ауруханалар мен емханалардың жағдайын жақсартуға, сондай-ақ денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысы Нұрлан Ахильбеков брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Басқарма басшысы ауылдық жерлердегі медициналық мекемелерді жөндеуге ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап айтты. Сондай ақ «Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы аясында Ерейментау ауданының Тайбай, Олжабай батыр және Өлеңті ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларды жөндеуге 155,2 млн теңге бөлінді. Дәл осындай жұмыс Степногорск және Атбасар ауданаралық ауруханалары сияқты ірі медициналық мекемелерде де жүргізіледі, онда операциялық және реанимациялық бөлімшелер жөнделеді. Сонымен қатар, 2024 жылы облыс медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуды жалғастырды. Медициналық техникамен жарақтандыру 82,67% құрайды, ал осы жылы жабдықты жаңартуға 5,4 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар мемлекет басшысы биыл алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділікті жақсарту қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта өткен жылдан бастап еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жобаны іске асыру басталды. 2023-2024 жылдары өңірде 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынуда. Олар 43 мыңнан астам ақмолалықтарға қызмет көрсететін болады. Бірінші фельдшерлік-акушерлік пункт Егіндікөл ауданы Бауманскоеауылында ашылды, ал осы жылдың соңына дейін тағы 27 нысанды аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Көкшетауда құны 330 миллиард теңгеге жуық 630 орындық жаңа көпсалалы облыстық аурухана құрылысы басталады. Бұл аурухана заманауи технологиялармен жабдықталып, бүкіл аймақ үшін маңызды медициналық орталыққа айналмақ.

«Бізде халықаралық деңгейдегі аурухана пайда болады, ол озық технологияларды қолданады және көрші өңір тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Осылайша, ескірген төрт түрлі бейінді стационардың орнына жаңа көпсалалы аурухана салынады, онда көпсалалы тәсіл іске асырылатын болады, бұл бірнеше облыс тұрғындарына қолжетімді, уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Жобаның шамамен құны 330 миллиард теңгені немесе 365 миллион еуроны құрайды», – деп толықтырды Нұрлан Ахильбеков.

Сондай – ақ, жеке инвестициялар есебінен «Қосшы қаласында 1000 келушіге арналған емханасы бар көпбейінді аурухана салу және пайдалану» жобасын іске асыру жоспарланған, жобаның құны-27,8 млрд теңге. Жеке әріптес «Viamedis» ЖШС болып табылады, іске асыру кезеңі –2026 жылға дейін.

Айта кетері, облыстың денсаулық сақтау жүйесінде 561 нысан, оның ішінде стационарлық көмек көрсететін 3 ұйым, 530 амбулаториялық - емханалық нысан жұмыс істейді. Жалпы, облыста сын-қатерлерге қарамастан денсаулық сақтау саласында тұрақты дамудың интеграциясы байқалады. Инфрақұрылымға инвестиция салу облыс тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыруды және жақсартуды қамтамасыз етеді деп түйіндеді басқарма басшысы.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *