Конституцияның жаңартылған преамбуласы қуатты мемлекеттің таңдауын көрсетеді – Айдос Сарым
Фотосурет: видеодан скриншот
Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) кезекті отырысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Конституцияның преамбуласы бойынша ұсынылған өзгеріске қатысты пікір айтты.
– Осы мүмкіндікті пайдаланып, тағы бір ұсыныс жасағым келеді. Кеше өз секциямызда өте белсенді жұмыс істедік. Осы орайда Конституцияның преамбуласына қатысты тоқталмақпын. Менің ойымша, Президент болашақ Негізгі заңның преамбуласы бойынша берік идеологиялық тезистер ұсынды. Ол ұлтымыздың жүріп өткен тарихи жолын ғана емес, сонымен қатар біздің мақсатымызды, ұмтылысымызды және болашақ перспективамызды да көрсетеді, - деді А. Сарым.
Оның пайымынша, бұрынғы преамбула жаңадан пайда болып жатқан мемлекет пен қауымдастықтың жағдайын айқындады. Ал қазіргісі - қалыптасқан мемлекеттің жауапты және мығым таңдауын білдіреді. Бұл өз кезегінде болашаққа және алға қарай ұмтылған жауапты қоғамның таңдауы.
– Бұл туралы осы залда және осы мінберде көп айтылды. Конституцияның преамбуласы - бүкіл құжаттың идеялық негізі, моральдық бағдары және идеологиялық императиві... Кеше түзетулер Негізгі заңның 80 пайыздан астамын қамтитыны, бұл өз кезегінде 77 бапқа әсер еткені жарияланды. Сондықтан, осында сөз сөйлеген әріптестерім сияқты жаңа Конституцияны қабылдау мәселесін көтеру дұрыс және орынды деп санаймын, - деді депутат.
Пікірлер (0)