Магнум дауына түрткі болған екеу қол алысып, татуласты
Фото: видеодан скрин
Олардың қол алысқан видеосын алғашқылардың бірі болып Гарвард университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бейнежазба елді жаппай бойкотқа "шақырған" Еркін есімді курьердің сөзімен басталған, деп хабарлайды janabastau.kz.
"Елді дүрліктірген екеу" жазбасында Шыңғыс Мұқан қос қазақ жігітінің татуласқанына қуанышты екенін білдірген. Әрі ол қазақ тілі ұрысудың емес, табысудың тілі болғанын қалайтынын айтады.
– Видеоны қарап отырып, екіұдай ойда қалдым. Екеуі де – қазақ. Бірі – Еркін, екіншісі – Асылхан. Ата-анасы еркін болсын, асыл болсын деп қойған болар. Бірақ дауға түрткі болған – екеуінің ана тілі. Негізі, қазақ тілі ұрысудың емес, табысудың тілі болғанын қалаймын. Адамзат жұмыр жерді басқалы бері, тіл – бұл коммуникация құралы, яғни түсінісу үшін керек. Бірақ оны таластың тақырыбына да айналдырып жіберуге болады екен. Қайткенде де мына екі жүгермектің татуласып, қазақ тілінің оның ең басты қызметін арнасына (тіл табысу, түсінісу) түскені дұрыс болған. Осымен бұл әңгімені тоқтатайық, ағайын! – дейді ол.
Видеода курьер жігіт Еркін де мәселеге нүкте қойғысы келетінін, қазіргі уақытта өз жұмысына оралғанын хабарлаған.
– Соңғы күндері әлеуметтік желіде маған және "Магнумға" қатысты әңгіме болып жатыр. Сол туралы түсіндіріп кетсем деймін. Алдымен баршаңызға қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін алғыс айтамын! Өмір болған соң, түсініспеушіліктер болып тұрады. Бірақ, бәріміз қазақпыз. Елімізге тыныштық пен татулық керек. Біз кездесіп, татуласып, қол алыстық. Қазір "Магнумда" жұмысымды жалғастырып жатырмын. Бәрі жақсы, жұмыс берушіге ешқандай шағымым жоқ. Осымен мәселеге нүкте қойсақ, – дейді ол өз сөзінде.
Оқиға туралы алдымен әлеуметтік желіге жазба қалдырған Асылхан да өз ойын айтқан.
– Мұндай жағдайдың болғаны өкінішті. Қатемізді түсіндік. Ал екеуміздің бір-бірімізге ешқандай өкпе-ренішіміз жоқ. Баршаңызға рақмет! – дейді бейнежазбада Асылхан.
Пікірлер (0)