Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Жаңалықтар
view 88
news

 

Құрметті отандастар!

Қадірлі депутаттар және Үкімет мүшелері!

Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-шы бабына сәйкес VIIІ шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясын ашық деп жариялаймын.  

Құрметті депутаттар!

Баршаңызды кезекті сессияның ашылуымен құттықтаймын! Жауапты қызметтеріңізге табыс тілеймін! Көктемдегі сайлаудан кейін Парламенттегі саяси партиялардың қатары көбейді. Депутаттар құрамы айтарлықтай өзгерді. Саяси партиялардың фракциялары, бір мандатты округтан сайланған депутаттар да жұмысқа белсене кірісті. Олар көптеген заң жобасына бастамашылық етіп, өзекті мәселелерді батыл көтере бастады. Депутаттарымыз жазда да көп жұмыс атқарды. Небәрі екі айда 1200-ден астам елді мекенді аралап, сайлаушылармен кездесті, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Мен баршаңызға табысты қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа сессияда жұмыс қарқыны бұдан да жоғары болады деп ойлаймын.  

Құрметті отандастар!

Баршаңызға мәлім, мен жыл сайын халыққа Жолдауымды Парламент сессиясының ашылуында жариялаймын. Бүгінде бұл жақсы дәстүрге айналды. Мұның айрықша мәні бар. Себебі дәл осы сәтте және дәл осы жерде билік тармақтарының барлық өкілдері бас қосады. Алдағы орта мерзімдік жұмыстың бағыт-бағдары айқындалады. Нақты тапсырмалар беріледі, жаңа міндеттер жүктеледі. Парламент, Үкімет және басқа да құзырлы органдар тың қарқынмен іске кіріседі. Бір сөзбен айтсақ, мемлекеттік аппараттың үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі үшін бұл іс-шара өте маңызды. Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр. Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді. Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады. Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер. Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше. Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды. Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет. Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті. Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз. Әрине, басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қарай ұмтылып, дамуда. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс. Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі. Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайын. Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек. Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет. Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз. Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек. Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз. Мен былтыр қолданыстағы жүйенің бітпейтін дау-дамай, жұмыстың ұзақ мерзім, ашық еместігі сияқты түйткілді мәселелерін шешу үшін жаңа мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізуді тапсырдым. Үкімет жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл құжат бюджет қаржысын үнемдеп әрі есеп бере отырып жұмсауға септігін тигізуі керек. Бір жағынан жаңа жүйе еліміздің кәсіпкерлеріне одан әрі қолдау көрсетілуін және ең бастысы, қордаланған мәселелердің бюджеттен қаржыландыру арқылы шұғыл шешілуін қамтамасыз етуге тиіс. Сатып алу үдерісі оңтайланып, қысқартылады, «баға емес, сапа» қағидатына басымдық беріледі, яғни, демпингке тиімді тосқауыл қойылады және үдерістер толық автоматтандырылады. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне алғаш рет «басынан бақайшағына дейін» жасау тәсілі енгізіледі. Жұмыстың ашық болуын арыз-шағымдарды қараудың жаңа тәсілін қолдану және қоғамдық мониторинг институтын енгізу арқылы қамтамасыз еткен жөн. Соның нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс. Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек. Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаңызға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс. Геологиялық барлау ісі айрықша назар аударуды қажет етеді. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек. Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі. Ол үшін салық және реттеу шарттары өзгеріске икемді болуы керек. Өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Жобаларды келісуге қажетті рәсімдер мен оның мерзімін кешенді мемлекеттік сараптама жасау және толық цифрландыру тәсілін енгізу арқылы екі есе азайту керек. Қазір еліміздің 1,5 миллион шаршы шақырым аумағына геологиялық және геофизикалық барлау жасалған. Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін кемінде 2 миллион 200 мыңға жеткізу. «Жаңа заманның мұнайына» айналған сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыттың бірі болуы керек. Өзінің осы саладағы әлеуетін аша алған елдер келешекте бүкіл әлемнің технологиялық даму бағдарын айқындайтын болады. Біз жыл соңына дейін саланы дамытуға қатысты нақты ұстанымымызды анықтап алуға тиіспіз. Өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін шетелдің және еліміздің инвесторларын бастапқы үш жылда салықтан және басқа да міндетті төлемдерден босатқан жөн. Бұл – өңдеу индустриясына айтарлықтай серпін беруге арналған өте маңызды шара. Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады. Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет. Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс. Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек. Заманауи технология трансфертін жасау және жаңа өндірістер ашу жұмысын жалғастырған жөн. Арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау көрсетіледі. Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек. Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал. Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн. Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек. Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн. Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс. Келесі мәселе. Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс. Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады. Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады. Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды. Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру да жалғасады. Су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды. Электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Енді жаңа шешімдер керек. Тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет. Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн. Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Қаржы ұйымдары да кәсіпорындарға нық сеніммен несие бере алады. Сонымен қатар монополистердің жауапкершілігін едәуір арттыру қажет. Бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі. Сол арқылы азаматтарымыз тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат алады. Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет. Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды. Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек. Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті. 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек. Сутегіден қуат өндіру ісін дамыту қажет. Қуат көздерін кеңейту ісі энергетикалық машина жасау саласында технология трансфертін жүзеге асырып, жергілікті өндірісті дамытуға, аккумулятор өнеркәсібін құруға негіз болады. Ең бастысы, елімізде шикізат қоры жеткілікті. Теңгерімді қуат көздерін, энергияны шоғырландыру жүйелерін құру үшін тың шешімдер қабылдау қажет. Көміртегі бейтараптығына көшуді парниктік газ шығарындыларына арналған квотаны саудалау арқылы тездетуге болады. Үкімет пен бизнес өкілдері осы бағыттағы мүмкіндіктерді пайдалану мәселесімен шұғылдануы керек. Жетекші экономикалар үшін «жасыл» қаржы тарту ісінің маңызы арта түсуде. Өткен жеті жылда жер жүзінде «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаражат жұмсалды. ESG қағидалары аз уақыт ішінде қаржы ұйымдарының қалыпты тәжірибесіне айналды. Осыған байланысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы біздің аймақтың «жасыл» қаражат тартатын басты алаңына айналуға тиіс. Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз. Келесі мәселе. Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер. Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу. Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да  сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын. Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс. Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. Ең алдымен, «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін темір жол желісі де бар. Қазақстан көлік саласында Ресеймен және Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді. Біздің транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде Транскаспий бағдары айрықша рөл атқарады. Орта мерзімдік кезеңде осы дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе артуы мүмкін. Ол үшін Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия сияқты серіктес мемлекеттермен бірге күш жұмылдыруымыз қажет. «Бақты» өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу, Ақтаудағы контейнер хабының құрылысын тездету және Қара теңіз арқылы өтетін Орта дәліздің бойында тұрған айлақ әлеуеттерін арттыру керек. Қытайдың Сиань, Грузияның Поти қалаларында өз терминалдарымыздың құрылысы басталды. Бұл – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы біздің ұлттық бастамаларымызбен тоғысқанының нақты көрінісі. Іргелес елдердің бәрімен, оның ішінде Ресей, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азиядағы тату көршілерімізбен сындарлы әрі достық қарым-қатынаста болсақ, еліміздің көлік әлеуетін тиімді пайдалана аламыз. Бізге теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған  біртұтас жоспар керек. Онда Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек. Алдымен «Болашақ-Челябинск» теміржол желісінің Қазақстандағы бөлігін жаңғыртуға кірісу қажет. Халықаралық дәліздермен тиімді байланыс орнату үшін логистика қызметін толық ұсыну маңызды. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары мультимодальды орталық болуға тиіс. Бұл орталықтар бәсекеге қабілетті болу үшін жүктерді қабылдау және тарату қызметі сапалы атқарылуы қажет. Жалпы, саланы дамыту үшін тариф және реттеу саясаты дұрыс жүргізілуге тиіс. Жеке инвестицияны көптеп тарту керек. «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет. Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады. Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек. Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек. Еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады. Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керек. Сондай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет. Цифрландыру ісінде басшылыққа алынатын қағидаттарды заң жүзінде бекітетін кез келді. Үкіметтен, сарапшылар қауымынан, Парламент депутаттарынан біртұтас салалық құжат әзірлеу мәселесімен айналысуды сұраймын. Мен сайлау алдындағы бағдарламамда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдау туралы бастама көтерген едім. Қазір әзірленіп жатқан заң жобасында экономикамызды ғылым мен инновацияға сүйене отырып дамыту логикасының көрініс табуы өте маңызды. Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек. Шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн. Венчурлық қаржыландыру тәсілі инновациялық жобаларды іске қосуға қажетті негізгі қаражат көзі болуға тиіс. Сондықтан жобаларға еліміздегі және шетелдегі инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін құқықтық және қаржылық мәселенің бәрін шешу қажет. Келесі. Елімізді инновациялық жолмен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отыр. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн. Экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия. Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Зияткерлік меншік дегеніміз – құрал-жабдық немесе технология сияқты кәдімгі мүлік. Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, өңірлер назардан тыс қалып отыр. Бұл ахуалды түзеу қажет. Дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, яғни кретивті индустрия орталықтары барлық облыс орталығында болуға тиіс. Онда креативті адамдардың өз өнімін коммерцияландыруына көмек көрсетілуі керек. Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын. Енді орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталғым келеді. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек. Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек. Мемлекеттік қолдау шараларын өндірістің технологиялық күрделілігіне және бизнестің нақты түріне қарай жіктеу маңызды. Оның операциялық тиімділігі жоғары болуы да өте маңызды. Сондықтан «Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп, оны кең ауқымда цифрландырған жөн. Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Оның әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстаным жоқ. Осы орайда, KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс. Бұдан бөлек, «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн. Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, негізгі нарықтарды демонополизациялау үшін шаралар қабылдауға тиіс. Біз сауда-саттықты өркениетті жолмен жүргізу үшін тауар биржаларының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасадық. Алайда реттеу жұмысының тиімділігі төмен болғандықтан, біреулердің ырқынан шықпайтын тауар биржалары пайда болды. Олар бәсекелестікті жоятын, импорттың және өнімсіз делдалдықтың пайдасы үшін сатып алу рәсімдерін айналып өтетін орындарға айналды. Реттеу талаптарын күшейтіп, айтылған кемшіліктерден түгел арылу қажет. Сонымен бірге сауда-саттыққа қатысты озық тәсілдердің еліміздің өнім өндірушілеріне толық қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Ұлттық сауда жүйесімен ғана тұйықталып қалуға болмайды. Бизнеспен бірлесіп, мықты аймақтық тауар-шикізат биржасын құру мәселесін пысықтау қажет. Тағы бір маңызды мәселе бар. Қазір монополияға қарсы органның заңсыздықтарды жою үшін шұғыл шаралар қабылдайтын мүмкіндігі жоқ. Монополияға қатысты істердің үштен екісінде тергеу басталмай жатып, сотқа шағым түседі. Ал соттағы дау-дамай жылдарға созылуы мүмкін. Соның кесірінен құзырлы мекеменің жұмысы тоқтап қалады. Сондықтан Үкімет Парламентке тиісті заңнамалық түзетулер енгізуі керек. Келесі маңызды мәселе – мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту. Қазір жекеменшікке заңсыз өткен және шетелге шығарылған бірқатар активтер мемлекетке қайтарылуда. Біз ашық әрі бәсекеге қабілетті экономика құрып жатырмыз. Сондықтан қайтарылған активтің бәрін ашық түрде және мемлекет үшін тиімді шартпен нарыққа шығару керек. Жалпы, жекешелендіру және халықтық ІРО жұмыстарын барынша тездету қажет. Басты мақсат – активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек. Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы «Air Astana» компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. «QazaqGaz» кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет. Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет. Сондықтан мен жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткіземін. Келесі мәселе. Біз макроэкономикалық саясатты қайта қарап, жаңартуымыз керек. Мен жаңа ғана экономика салаларындағы реформалардың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Оның бәрін табысты жүзеге асырудың басты шарты – макроэкономикалық тұрақтылық. Бұл – аксиома. Қаржы, салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіру керек. Инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін тежеп тұрған басты мәселе болып тұр. Инвестицияның тапшылығы болашақта тоқырауға әкеп соқтырады. Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды. Бұған негізінен еліміздегі банктердің экономиканы дамытуға белсенді атсалыспауы себеп болып отыр. Мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді. Сонымен бірге нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды. Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды. Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет. Корпоративті салаға берілетін несиенің жеткіліксіздік мәселесін шешу керек. Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында – бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді. Үкімет пен Парламенттің бұл пайданы мемлекет мүддесін ескере отырып, неғұрлым әділ бөлу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудан түскен орасан зор табысына қатысты да сұрақтар бар. Мұнда қисын да, мемлекеттік ұстаным да жоқ. Үкімет ешбір ақылға сыймайтын осы мәселені анықтап жатыр. Соған сәйкес заңдарға түзетулер әзірленіп, Мәжіліске енгізіледі. Депутаттардың оны мұқият қарауын сұраймын. Сонымен бірге банктерді корпоративті несие беру ісіне белсене қатысуға, яғни кәсіпкерлерді қолдауға ынталандыру керек. Банк қызметінің басқа түрлеріне қарағанда бизнеске несие беру ісі банктерге пруденциалды және фискалды реттеу тұрғысынан анағұрлым тиімді болуы керек. Мұның оңай еместігін, күрделі мәселе екенін түсінемін. Үкіметке және қаржы саласын реттейтін мекемелерге бір жылдың ішінде осы маңызды мәселеге қатысты өздерінің кесімді байламын айтуды тапсырамын. Банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтерін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте осы активтерді иеленуге ниет танытқан бизнес өкілдерінің оны алып, экономикаға қайтаруына мүмкіндік беретін ашық цифрлы платформа құруды тапсырамын. «Ұзақ мерзімге арналған қаражат» нақты секторға барынша қолжетімді болу үшін бірлескен және синдикатталған несие беру тәсілін кеңінен қолдану керек. Сондай-ақ өнеркәсіп өкілдері мен кәсіпкерлер несиенің бәрін жұтып қоймауы қажет. Олар экономикамызды іс жүзінде әртараптандыруды қамтамасыз ететін сапалы жобалар ұсынуға тиіс. Коммерциялық банктердің қызығушылығын арттыру үшін олар стратегиялық жобаларды қаржыландырған кезде даму институттарының кепілдігін беру мүмкіндігін қарастыру қажет. Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн. Жалпы, нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету – маңызды міндет. Экономиканы қаржыландыру көздері жайлы сөз болғанда Ұлттық қордың қаражатын пайдалану қажеттігі туралы жиі айтылады. Сарапшылар Қордың жинақтау және дамыту рөлінің арақатынасы жөнінде дауласып жатады. Әрине, қаржыны жинақтап, сақтау негізгі міндет болуға тиіс. Ұлттық қордың қаражаты күтпеген сын-қатерлерге тап болған жағдайда қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге едәуір кепілдік береді. Дегенмен Қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігін Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін пайдалануға болады. Тіпті, қазірден бастап соған жұмсау керек. Ұлттық қор әлден-ақ бірқатар ірі жобаны қаржыландырылып жатыр. Алайда сол жобаларды іріктеу ісінде жүйелілік жетіспейді. Сондықтан Ұлттық қордың әрбір теңгесі айтарлықтай пайда әкелуі үшін барлық ұсынысқа жан-жақты сараптама жасалуын қамтамасыз ету қажет. Капиталды қайтару туралы заң аясында құрылып жатқан қор «ұзақ мерзімге арналған қаражаттың» тағы бір көзі бола алады. Түскен қаржының бәрі елдік мәселелерді шешу үшін барынша тиімді және ашық жұмсалуға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе – қор нарығын дамыту. Қазір Қазақстанда екі қор биржасы бар. Олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады. Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін қарастыру қажет. Төлем жүйелерінің тұрақтылығын сақтау да өте өзекті мәселенің бірі болып отыр. Былтыр Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесінің бірінші бөлігі – жылдам төлемдер жүйесін іске қосты. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ұлттық банкке 2024 жылы Ұлттық төлем жүйесін толық енгізу жұмысын аяқтауды тапсырамын. Енді тағы бір аса маңызды мәселеге, яғни бюджет саясатына тоқталайық. Мен былтыр «бюджетті басқарудан» «нәтижені басқару» тәсіліне көшу арқылы бюджет жүйесін реформалауды тапсырдым. Бұл мәселе жаңа кодекс қабылданған соң шешімін табады. Бюджет үдерісінің ашықтығы, оған қатысушылардың жауапкершілігі мен дербестігі арта түседі. Сонымен бірге бюджет саясатының тиімділігін арттыру үшін әрдайым жаңа мүмкіндіктер мен тәсілдерді пайдалану қажет. Сондықтан Үкіметке бірнеше министрлік пен аймақтар үшін пилоттық режимде толық бөлшектенген бюджет жобасын енгізуді тапсырамын. Келесі. Аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде әкімдерді тікелей сайлау тәсілі енгізіліп, әкімшілік реформа қолға алынды. Бұл ретте бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту де өте өзекті мәселе. Жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керек. Корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті. Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажет. Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру. Кезең-кезеңімен жүргізілген фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс (қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жуық). Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек. Тағы бір маңызды мәселе бар. Мен бұдан бұрын экономиканың түрлі секторындағы салық мөлшерлемесін саралау туралы айтқан едім. Бұл шара салық жүктемесін өндірістің күрделілігіне қарай бөлуді қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс. Сондай-ақ салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет. Қалған жеңілдіктер жекелеген жобалар мен тұлғаларға байланбай, нақты ереже бойынша берілуі керек. Салықтық әкімшілендіру мәселесіне келсек, фискалды органдар мен салық төлеушілердің қарым-қатынасын қызмет көрсету үлгісіне көшірген жөн. Басты мақсат жазалау емес, ескерту болуға тиіс. Салықтық бақылау ісін толық цифрландырып, есептілік формаларын 30 пайызға қысқарту қажет. Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту керек. Айтарлықтай түсім әкелмейтін төлемдерді толығымен алып тастап, қалғандарын біріктіруге болады. Бөлшек салықты енгізу мәселесі қажетті бастама болғанына көзіміз жетті. Осыны ескере отырып, Үкімет оны қолдану аясын екі есе кеңейтеді. Сондай-ақ үдемелі салық салуды енгізу жұмысын жеделдеткен жөн. Салық саясатын қайта қарап, өзгерту үшін Үкімет пен Парламент батыл әрі жан-жақты ойластырылған шешімдер қабылдауы керек. Тағы бір мәселені атап өту қажет. Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі. Яғни, адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады. Сол үшін біз шикізатқа тәуелді болудан біртіндеп арылуымыз қажет. Бұл жұмыс табанды түрде жүргізілуге тиіс. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек. Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады. Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Онда цифрлы экономиканың рөлі арта түспек. Платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келеді. Осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда олардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет. Өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек. Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр. Келесі. Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек. Жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру өте маңызды. Оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты. Реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап береді. Сондықтан, ең алдымен, оның өзін өзгерту қажет. Осы саладағы реформаның басты бағыттары мынадай. Біріншіден, нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүктеледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Бұл – әкімдерге де қатысты мәселе. Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс. Үшіншіден, Президент Әкімшілігі басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдырады. Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Бізге оның мейлінше шағын және қолайлы болғаны маңызды. Сондай-ақ тапсырмалардың орындалуын бақылау және бағалау жұмысын да қайта қарауымыз керек. Бұл – жұртшылықтың сұранысы. Басқаша айтқанда, қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады, соның арқасында «қосымша кадрлар тобы» қалыптасады. Қазір кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрған кезде мұндай қадам өте маңызды. Жоғары лауазымға ие болғысы келетіндер көп, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейді. Демек, кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек, сапалы мамандар тәрбиелеу қажет. Бұл ретте саяси партиялардың кадрлық әлеуетін де пайдаланған жөн. Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз.  

Қадірлі отандастар!

Еліміздің экономикасын дамытуға қатысты бүгін айтылған жоба-жоспардың бәрі нақты зерттеліп, есептеліп жасалды. Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз. Реформаның басты мақсаты – экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу. Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл – принципті мәселе. Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз. Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз. Жалпы, әлемдегі ахуалдың күрделі екенін көріп отырсыздар. Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Мамандардың айтуынша, биылғы шілде әлем тарихындағы ең ыстық ай болды. Көптеген елде инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллионнан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізеді. Бірақ біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз. Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды. Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *