Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жұмыс сапары биыл 1 маусымда пайдалануға берілген сел тасқынынан қорғайтын бөгетпен танысудан басталды, деп хабарлайды janabastau.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
«Аюсай» бөгеті Үлкен Алматы өзенінің бассейнінде орналасқан. Оның жоғары жағында сел қаупі бар 98 учаске, 89 мұздық, 20 мореналық және мұзды көл бар. Бөгет сел жүру қаупін барынша азайтып, 500 мыңнан астам халық пен 2 мыңға жуық нысанның табиғат апатынан қорғалуын қамтамасыз етеді.
Еліміздің биік таулы аймақтарында 970 мореналық көл бар. Оның ішінде 156 көлде сел жүру қаупі жоғары. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов биыл сел жүруі ықтимал 13 көлде апаттың алдын алу жұмыстары жүргізілгенін баяндады.
Сонымен қатар «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы Қайрат Бекенов Мемлекет басшысына табиғат апаттарының алдын алу жұмыстары жөнінде мәлімет берді.
Оның айтуынша, арналардағы суды тұрақтандыратын жаңа қорғаныс нысандарын салу қажет. Олар Үлкен Алматы, Есік, Талғар, Қаскелең және Түрген өзендерінің бассейніндегі су ағысының жылдамдығын азайтып, ағын судың арнадан асып кетпеуіне септігін тигізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа пилоттық жоба аясында орнатылған 31 цифрлық гидробекет таныстырылды. Бұл қондырғылар судың жылдамдығына, температурасына, лайлылығына және басқа да көрсеткіштерге онлайн-режимде мониторинг жүргізеді. Мұндай технологиялар келешекте еліміздің жеті таулы аймағында қолданысқа енгізіледі. Гидробекеттердегі мәлімет ТЖМ Дағдарыс жағдайын басқару орталығының бірыңғай ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын барлық ғылыми ұйым мен салалық ведомстволарға қолжетімді болады.
Мемлекет басшысы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін селден қорғау шараларын жүргізу маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте Президент Төтенше жағдайлар министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және «Қазселденқорғау» мекемесі өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет екенін айтты.
Пікірлер (0)