Мемлекет басшысы ТМД елдерінің үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынды
Фото: Ақорда
Президенттің айтуынша, Қазақстан бір мезгілде Ресей бағытында, сондай-ақ Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен арадағы шекара маңында индустриялық-сауда орталықтарының желісін құрып жатыр.
Өнеркәсіп және сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында құқықтық база жасалды.
– ТМД кеңістігінің біраз бөлігінде іскерлік байланыстарды дамытуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді. Енді осы әлеуетті барынша ұтымды пайдалану керек. Басқаша айтқанда, өзара сауда-саттықтағы негізсіз, қолдан жасалған кедергілерден арылған жөн. Қызметтер нарығын кеңейтіп, инвестицияға қолайлы жағдай жасау қажет. Достастық аясында бірлескен ірі бастамаларды жүзеге асыру аталған жұмыстың қисынды жалғасы болуға тиіс. Осы орайда, ТМД елдерінің 2027-2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынамын.
Менің ойымша, қосылған құны жоғары өнім өндірісіне баса мән берген дұрыс. Бұл экономикаға серпін беретін жаңа нысандарды құруға септігін тигізеді. Сонымен қатар Қазақстан осы міндеттердің күрделі екенін ескере отырып, экономикалық саладағы артықшылықтары мен жетістіктерін тиімді пайдалану мүмкіндігінен бас тартпайды және прагматикалық ұстанымында қала береді. Аталған іске даму институттары, қаржы ұйымдары және бизнес атсалысуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пікірлер (0)