«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы – Көңбай әулеті елді Республикалық референдумды қолдауға шақырды

Жаңалықтар
view 84
news

Фотосурет: Көңбай әулетінің жеке мұрағатынан

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Ақмола облысы бойынша жеңімпазыКөңбай әулеті елімізде 2026 жылғы 15 наурызда өтетін Республикалық референдумды қолдап, өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл ретте отбасы мүшелері түгелдей ел болашағы үшін тағдырлы таңдау жасап, өзге де отандастарды қуатты, әділетті Қазақстанды құру жолында сеніммен алға қадам басып, ел дамуына жаңа серпін беретін саяси қадамның барлығына сенім білдіруге шақырды.

Атап айтқанда, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбайұлы соңғы жылдары Қазақстан қоғамының санасында түбегейлі бетбұрыс болғаны айқын аңғарылғанын, барлық деңгейде жаңа саяси мәдениет қалыптасып жатқанын, оның басты көрінісі – азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы және мемлекеттің бүгіні мен ертеңі үшін әр адамның жауапкершілікті сезінуі керектігін жеткізді.

Сонымен қатар осы отбасының тағы бір мүшесі – PhD докторы, қауымдастырылған профессор, «С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ» КеАҚ жанындағы Агроэкологиялық сынақ орталығының меңгерушісі, 45-тен аса сүбелі ғылыми еңбектің авторы, жас ғалым Ақгүл Кәсіпханқызы да өз пікірін білдірді.

Жаңа Конституция жобасын әзірлеу төңірегінде өрбіген жалпыұлттық диалог қоғамның саяси кемелденуінің айқын дәлелі болды. Конституциялық комиссия өкілдері тікелей эфирде әрбір норманың мәнін жан-жақты түсіндіріп, азаматтарды толғандырған өзекті мәселелер бойынша кері байланыс беріп отырды. Мұндай шынайы ашықтықтың қоғам сенімін нығайтқаны сөзсіз. Соның нәтижесінде қазір қоғамның ең өзекті сұраныстарына жауап беретін Конституция жобасы әзірленіп отыр. Бұл бас құжат преамбуласынан бастап-ақ түсінікті әрі айқын тілмен жазылған. Онда барша қазақстандықтарға ортақ құндылықтар көрініс тапқан. Мен 15 наурызда еліміздің жаңа тарихына мәңгілік із қалатынына сенімдімін. Қоғам бірлігі нығайып, ұлттық рух биікке көтеріле түседі деп ойлаймын. Әсіресе жастардың, өз қатарластарымның ауқымды саяси науқанға бейжай қарамауын сұрар едім, – дейді Ақгүл Кәсіпханқызы.

Еске сала кетсек, Көңбай әулеті – тек «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы ғана емес, жалпы ел дамуының барлық саласына үлес қосып келе жатқан, білімді, білікті мамандар тәрбиелеген үлкен әулет. Бұл әулеттен шыққан өнер адамдары, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен кәсіпкерлер бүгінде еліміздің ірі қалаларында табысты еңбек етіп жүр.

Мысалы, баланың бойына дүниеге келгенінен бастап ұлттық, патриоттық тәрбиені қатар сіңірген отбасы мүшелерінің әрқайсысы туған елдің қара тасына дейін қастерлей алатын тұлға болып қалыптасады десек, осы қағида – Көңбай отбасының басты құндылығы.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *