Мәулен Әшімбаев Қасиетті Тақтың Қазақстандағы апостолдық нунциімен кездесті
Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қасиетті Тақтың Қазақстандағы апостолдық нунциі Джордж Джордж Панамтундилмен кездесті, деп хабарлайды janabastau.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту және дінаралық диалогты ілгерілету аясында серіктестікті одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады. Мәулен Әшімбаев Джордж Панамтундилді еліміздегі миссиясының басталуымен құттықтап, Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасында келісімге және өзара сыйластыққа негізделген ұзақ мерзімді серіктестік қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Екі мемлекет арасындағы достық байланысты нығайтуға жоғары деңгейдегі белсенді және сенімді диалог ықпал етіп келеді.Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жақында Ватиканға жасаған ресми сапары және Рим Папасы Францискпен кездесуі екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін берді. Біз конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жолында Қасиетті Тақтың Дикастериясымен тығыз және нәтижелі ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға мүдделіміз. Былтыр Қазақстан мен Ватикан арасындағы қосымша келісімді ратификациялау үшін арнайы заң қабылданды. Құжат Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы дипломатиялық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ, мәдениетаралық және дінаралық диалогты одан әрі дамытуға ықпал етеді, – деді Палата Спикері.
Былтырғы қазан айында біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысын өткіздік. Соның нәтижесінде Съезді дамыту Тұжырымдамасы қабылданды. Құжатта қазақстандық Форумды дамытудың алдағы он жылға арналған жаңартылған бағыт-бағдары айқындалды. Бұл ретте рухани дипломатияның әлеуеті зор екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты Съездің қызметі терроризм, экстремизм, теңсіздік, кедейлік, климаттың өзгеруі сияқты қазіргі жаһандық проблемаларды шешуге ықпал ету мақсатымен дін көшбасшылары, саясаткерлер мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталады, – деген Мәулен Әшімбаев бірлескен жұмыстың басым бағыттарына назар аударды.
Пікірлер (0)