Министр әйелін өлтіремін деп қорқытқан комитет төрағасына қатысты пікір білдірді

Жаңалықтар
view 106
news

Фотосурет: Виктор Федюнин

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов белгілі қоғам қайраткері, Ұлттық сурдлимпиадалық комитеттің вице-президенті Арсен Шакуовтың даулы видеосына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде белгілі қоғам қайраткері, Ұлттық сурдлимпиадалық комитеттің вице-президенті Арсен Шакуовтың зайыбымен күресіп, оны өлтіремін деп қорқытқан сәті бейнеленген видео тараған болатын.

Алматы полициясының мәліметінше, оқиғадан кейін Шакуовқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар ауданаралық сотта қаралған. Нәтижесінде тараптар татуласқан.

Арсен Шакуовтың айтуынша, видеода көрсетілген оқиға шамамен бір жыл бұрын тұрмыстық сипатта болған.

Аталған видеода шамамен бір жыл бұрын отбасымызда болған жанжал көрініс тапқан. Бұл жағдай өзара эмоциялық наразылықтар аясында туындаған тұрмыстық жанжал еді. Қақтығыс кезінде біз бір-бірімізге қатысты орынсыз әрекеттерге жол бердік, - деді ол.

Сондай ақ оның зайыбы физикалық зорлық-зомбылық болмағанын айтты.

Жолдасым менің өткір сөздеріме эмоциясын ұстай алмай, жанжалды тоқтатып, мені сабырға шақыру үшін физикалық ықпал етуге тырысты. Бірақ видеоны мұқият қарасаңыздар, онда соққы, ұрып-соғу немесе дене жарақаты жоқ, - деді ол.

Арсен Шакуов оқиғадан кейін полицияға арыз жазылып, тексеру жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, видео таратуға арналмаған және үшінші тұлғалар тарапынан заңсыз алынған.

Біз бір-бірімізден кешірім сұрадық, тараптардың татуласуына байланысты сот тиісті шешім қабылдады. Осы жанжалдан кейін отбасымызда мұндай жағдайлар қайталанған жоқ, отбасылық қарым-қатынас тұрақты әрі тыныш, - деп қосты ол.

Үкіметтегі брифинг барысында журналистер Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан осы оқиғаға байланысты Шакуовтың сурдлимпиадалық комитеттегі қызметінде қалатын-қалмайтынын сұрады. Министрдің айтуынша, бүгінде ведомство комитетке кезектен тыс жиналыс өткізіп, Шакуовты қызметінен босату мәселесін қарауды ұсынған.

Министрлік тарапынан сурдоспорт бағыты бойынша бұл адаммен бұдан әрі жұмыс істемейтініміз жөнінде ұсыныс берілді, - деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *