Мүшел жас несімен қауіпті? – Этнограф жауабы

Жаңалықтар
view 75
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Қазақта мүшел жас туралы айтылатын түрлі сенімдер бар. Бірі мүшел жасты қауіпке толы жас десе, енді бірі мүшел жас үлкен өзгерістерге жол ашатын жыл дейді. Мүшел жастың қазақ ұғымындағы жұрт білмейтін құпиялары жайлы этнограф, мәдениеттанушы Бердалы Оспан айтып берді, – деп хабарлайды  janabastau.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап. 

Мүшел жас ұғымы қайдан пайда болған?

Этнографтың сөзінше, мүшел жас ұғымы қазақтардың кез келген нәрсені өлшем бірлікпен өлшеуінен шыққан. Ол тіл қолданысындағы бірнеше тұрақты тіркестерден мысал келтірді.

"Қазақ кез келген нәрсенің өлшемін айтып отырған. Мәселен, "сүт пісірім уақыт", "қас-қағым сәт", "қозы көш жер", "найза бойы" деген сияқты өлшемді, мөлшерді білдіретін тұрақты тіркестерді қолданған. Сол сияқты қазақ адамның жасын да мүшелмен өлшеген. Мүшел жас - рухани өлшем саналады. Яғни бір кезеңнен бір кезеңге өтуді білдіретін жас ұғымы ретінде санаған", - дейді Бердалы Оспан. 

Сондай-ақ ол мүшел жас ұғымының пайда болуы емшілікпен де байланысты болуы мүмкін дейді. 

"Қазақ емшілері көп нәрсені табиғатпен байланыстырған. Мүшел жастың 12 жастан басталуы да осыған келеді. Емшілер жалпы адамның дамуын, бала шақтан келесі кезеңге өтуін осы жасқа топшылайды. Сол себепті де "мүшел жас" деп адамның жасын кезең-кезеңге бөлуді құп көрген. Баланың ой-өрісі жетіліп, ақылы толысатын шақ осы жас болғандықтан да мүшел жасқа ерекше мән берген", - деп жауап берді ол. 

Мүшел қай жастан басталады?

Қазақта мүшелдің кіруін бірі 12 жастан десе, енді бірі 13 жастан деп болжайды. Этнографтың сөзінше, дұрысы – 12 жас. Яғни 12 жас – алғашқы мүшел. 

"Иә, көбі алғашқы мүшелдің қай жастан екеніне дау тудырады. Дұрысы - 12 жас. Бұл бір жылда 12 ай болуымен байланысты. Ата-бабамыз жылды 12 айға бөліп, 12 рет есеп беріп отырған. Жай есеп емес, бір жылда неге жеттік, не жоғалттық деген ойлар ортаға салынатын. Сол себепті де, мүшел жас 12 жастан, есеп бере алатындай кезеңге, ақыл тоқтатып, ой өрбіте алатын уақытқа жеткенде басталады", - деп қосты мәдениеттанушы. 

Мүшелге қатысты наным-сенімдер 

Ел арасында мүшелге қатысты түрлі сенімдер қалыптасқан. Мәселен, көбі мүшелге толған адам өзінің киімін біреуге сыйлау керек дейді. Этнограф ондай нанымдардың шығуын ертеректегі "айдардан арылу" дәстүрімен байланыстырды. 

"Қазақта бір үйдің жалғыз ұлын немесе зарығып күткен баласын, ханның орнына отырады деп күткен балаға айдар шаш қоятын болған. Кейін сол айдарын 12 жасқа, яғни мүшелге толғаннан кейін алып тастайтын болған. Мұны - баланың мүшелдегі алғашқы құрбаны деп санайтын", - деп түсіндірді Бердалы Оспан. 

Мүшелдің тағы бір ырымы – қазақтар екі мүшелден шықпай қасқыр ішік кимейтін болған. Бұл - адамның жасын киіміне қарап білуге мүмкіндік беретін түсінік дейді этнограф. 

"Жалпы қазақ ежелден ырымшыл халық екені белгілі. Көп нәрсені ымдап, сөзсіз-ақ жеткізетін болған. Мүшел жаспен де осы түсініктің байланысы бар. Бұрын екі мүшелден аспаған, яғни жасы 25-тен аспаған адам қасқыр ішік кимейтін. Қасқыр ішік киіп жүргендерге қарап, жасын болжай беретін болған. Осыған ұқсас, ертеде тұрмысқа шығатын қызы бар үйде сәукеле тұратын болған", - дейді этнограф. 

Мүшел жас қауіпті кезең бе?

Қазақ мүшел жасты көбіне жария етпеген. Бұл туралы Ахметжан Қайдарұлы мен Болат Бопайұлының "Қазақ ырымдары" деген кітабында айтылған. 

"Қазақта мүшел жаста болса, көпке айтпайтын болған. Себебі мүшел жас тіл мен көз тез өтетін, қатерлі жас саналады. Біреу сұрап, айтуға тура келсе, не асырып, не кемітіп айтатын болған", - делінген. 

Ал Бердалы Оспан мүшел жастың қауіптілігін жастың ұлғаюымен байланыстырды.

"Кезінде жас ұлғайған сайын адамның денсаулығы да нашарлап, өмір қауіпті болып бастайды. Қазақ табиғатынан секемшіл халық қой. Қазір кез келген жастағы адам кетіп жатыр. Көп нәрседен сескенетін қазақ, мүшел жастан да қауіптенуді шығарған", - дейді ол. 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *