Пәтерді жалға беру: Жаңа жылдан бастап жаңа салық тәртібі енгізіледі
Фото: дереккөз
Пәтерді жалға беру – қазақстандықтар арасында кең тараған «пассивті табыс» түрі. 2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осыған сәйкес елде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жаңа салықтық режим енгізіледі. Сол тізімге тұрғын үйді жалға және қосымша жалға (субаренда) беру қызметі де кіреді. Бұған дейін қолданылып келген патент арқылы немесе арнайы мобильді қосымша арқылы салық төлеу тәсілдері жойылады. Енді қалай жұмыс істеу керек? Толығырақ төменде нақты жазылған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі kn.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұрын Қазақстанда жалға беру қызметін заңдастырудың бес түрлі тәсілі болған. Олардың үшеуі – жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді, ал екеуі – қарапайым жеке тұлға мәртебесін сақтауды көздейтін.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азамат пәтерін үш түрлі жолмен жалға бере алатын: патент негізінде, жеңілдетілген декларация арқылы немесе арнайы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы.
Жаңа режимнің ерекшеліктері
2026 жылдан бастап азаматтар пәтерді жалға беру үшін енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ жұмыс істей алады. Олар тек әлеуметтік төлемдер ғана төлейді, оның мөлшері – алынған табыстың 4 пайызы. Бұл соманың ішінде:
-
2% – зейнетақы жарнасы,
-
1% – міндетті медициналық сақтандыру,
-
1% – әлеуметтік аударымдар.
Жаңа салықтық режимнің тағы бірнеше талабы бар:
-
жеке табыс салығы (ЖТС) төленбейді, яғни мөлшерлеме – 0%;
-
ай сайынғы табыс 300 АЕК-тен аспауы тиіс.
2026 жылы АЕК мөлшері өзгеруі мүмкін, бірақ қазіргі (3932 теңге) шамамен есептесек, 300 АЕК – 1 179 600 теңге.
Сонымен қатар мұндай қызмет тек жеке тұлғалармен жасалуы тиіс және жалдамалы қызметкерлерді тартуға болмайды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, егер азамат бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса да, ол жаңа режимге еркін өте алады. Ол үшін ИП мәртебесінен бас тартып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы мобильді қосымшада тіркелу жеткілікті (тіркеу тегін). Бұл қосымша арқылы пәтер жалдаушыға электрондық чек беруге болады және кассалық аппарат сатып алудың қажеті жоқ. Сонымен бірге кірістерді есептеп, әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеу мүмкіндігі бар.
Егер сіз ай сайын пәтерді 200 000 теңгеге жалға берсеңіз, қосымшада тіркеліп, төлем қабылдап, жалдаушыға электрондық чек бересіз. Содан кейін 4% әлеуметтік төлем ретінде 8000 теңге (200 000 × 4%) бірден қосымша арқылы аударасыз.
Басқа тәсілдер
Пәтерді жалға беру табысын декларация арқылы көрсетуге де болады – 270.00 нысаны бойынша. Онда жалға беруден түскен табысты көрсету және жеке тұлғаларға арналған мөлшерлеме бойынша салық төлеу жеткілікті.
Егер пәтерді жеке тұлғаға емес, заңды тұлғаға жалға берсеңіз, алаңдауға себеп жоқ: ұйым сіздің атыңыздан салықты ұстап қалып, бюджетке өзі аударады. Сәйкесінше, сіз «таза табыс» аласыз және қосымша есеп-қисап жүргізудің қажеті болмайды.
Ал егер сіз қазірдің өзінде жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп, ештеңені өзгерткіңіз келмесе, жеңілдетілген салық режимінде қала аласыз. Бірақ мұнда әр тоқсан сайын өзіңіз есеп беріп, салықты уақтылы төлеуіңіз қажет.
Мүмкін болатын салдар
Жаңа Салық кодексінің енгізілуі жалға берілетін пәтерлердің бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін. Себебі бұған дейін пәтерді бейресми түрде жалға беріп келген көптеген азаматтар енді салық төлеуге мәжбүр болады. Бұл шығынды өтеу мақсатында олар бағаны көтеруі ықтимал.
Сонымен қатар жаңа режим мемлекетке жалға беруден түсетін кірістерді ресми түрде заңдастыруға, ал азаматтарға – бюрократиялық кедергілерсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұрынғы 10 пайыздық жүктемемен салыстырғанда 4 пайыздық мөлшерлеме азаматтар үшін әлдеқайда тиімді.
Қарапайым әрі ыңғайлы төлем тәсілі – мобильді қосымша арқылы. Сондықтан егер сіз пәтерді жалға беріп, ай сайынғы табысыңыз 1,2 миллион теңгеден аспайтын болса, ең оңтайлы шешім – өзін-өзі жұмыспен қамтыған режимін таңдау.
Пікірлер (0)