Назарбаевтың жиен немересінің Кипр азаматтығы және Мәскеуде пәтері бары анықталды

Жаңалықтар
view 226
news

Фото: дереккөз

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, Тимур мен Динара Құлыбаевтардың үлкен ұлы Алтай Асқардың Кипр азаматтығын алғаны және Мәскеудің қақ ортасында пәтері бары белгілі болды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы “Выход к морю” Telegram арнасы жазды.

Арнаның дерегінше, Алтай Асқар Кипр азаматтығын алуға өтінішті 2019 жылы берген және сол жылы оның өтініші қанағаттандырылған. Бұл Кипрдің инвестициялық азаматтық «алтын паспорт» бағдарламасын жабуынан бірнеше ай бұрын болған. Осы құжат үшін Алтай Асқар шамамен бір миллиард теңге төлеген.

Бұл ақпарат Кипрдің мемлекеттік басылымдарының бірінде жарияланған. Әдетте, мұндай өтініштердің нәтижесі ресми түрде көрсетілмейді, бірақ сол кезеңде ел билігі ауқатты адамдардың барлығына дерлік оң жауап берген. Кейін 2020 жылы Al Jazeera арнасының ауқымды зерттеуінен соң «алтын паспорттар» бағдарламасы Еуроодақтың қысымымен жабылған еді. Бағдарламамен барлығы жеті мыңнан астам адам, соның ішінде инвесторлар мен олардың туыстары азаматтық алып үлгерген.

Арнаның дерегінше, осылайша, Қазақстан заңнамасымен тыйым салынған екінші азаматтық Алтай Асқарға 2019 жылғы орташа бағам бойынша шамамен 1,07 млрд теңгеге түскен.

Кейін Кипр билігі керісінше бағытта жұмыс бастап, «алтын паспорт» иелерін тексеріп, шамамен 150 адамды азаматтықтан айырған. Олардың қатарында Kazakhstan Kagazy компаниясының бұрынғы басшысы Мақсат Әріп және ресейлік кәсіпкерлер Олег Дерипаска, Михаил Гуцериев, Алексей Кузьмичев, сондай-ақ украиналық бизнесмен Игорь Коломойский бар.

Мақсат Әріп 2024 жылдың наурызында Қазақстан ІІМ Интерполының сұрауы бойынша БАӘ-де ұсталған болатын.

Арнаның дерегінше, Алтай Аскардың Кипр азаматтығынан бөлек, Швейцария резиденттік картасы бар. Ол әкесінің серіктесі Бахаридин Аблазимовпен бірге америкалық ORBI стартапына инвестиция салғанда, негізгі тұрғылықты жері ретінде осы елді көрсеткен. Құлыбаевтар отбасы Швейцарияда әйгілі Беллерив қамалына иелік етеді. 2025 жылдың басында Женева прокуратурасы қамалды сатып алуға қатысты қаржы көздерінің заңдылығын тексеруді бастаған.

Арнаның мәліметінше, Алтай Аскардың Ресей астанасында да жылжымайтын мүлкі бар. Ол Мәскеу-Ситидегі "Меркурий" мұнарасының 47-қабатынан пәтер иеленген. 114 шаршы метр болатын бұл апартаменттердің нарықтағы бағасы шамамен 400 миллион теңгеге жетеді. 

Бұдан бөлек, жақында 35 жасқа толатын Алтай Асқардың Дубайдағы Palm Jumeirah аралында орналасқан Marina Residences кешенінен де кең пәтері бар. Оның ауданы 633 шаршы метрді құрайды, ал құны шамамен екі миллиард теңгеге жуықтайды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *