Оқушылар айтысы өтті

Жаңалықтар
view 339
news

«Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттықмәдени-ағартушылық жобасы аясында қаламыздағы ІТ мектеп-лицейде «Жаңа күн – жаңа Қазақстан» атты оқушылар айтысы өтті. Шара Республика күнін мерекелеуге арналды.

«Жігітке жеті өнер аз» деген халқымыз «жетпіс жеті өнер де аз» деп те айтқан. Ал сөз өнерін осы «жетпіс жеті өнердің» бәрінен жоғары қойған. Өйткені «сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады». Айтыс – «қиыннан қиыстыратын» кәнігі шеберлік, алғырлық пен тапқырлықты қажет етеді. Ерте заманнан-ақ «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөздің қадірін білген қазақ халқы жалпы әдеби мұраға, оның ішінде айшықты сөз өрнектейтін ақындар айтысына ерекше мән беріп, соны өзінің рухани өмірінің жарқын көрінісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырған. Бүгінде мектеп қабырғасында жас өскінге айтыстың «әліппесін» үйретіп, жаңа буынды ұлттық өнерге баулып жатса, оған қалайша қуанбассың! Шаршы топта бәсеке сайысына түсіп, ауыздығымен алысқан екі ақынның сөзін сарапқа салып, әділ төрелік айту оңай емес, ондайға көшелі би, абыройлы ақсақалдар жүрген. Сондықтанда оқушы ақындардың айтысына төрелік айтуға сөз өнерін түсінеді деген жандар шақырылды. Атап айтқанда, ақын, халықаралық, республикалық және облыстық байқаулардың жүлдегері Бауыржан Қарағызұлы, «Jana Bastau» газетінің бас редакторы Дәулет Асау, Білім бөлімінің меңгерушісі Жаңагүл Ғалымқызы және Жастар ресурстық орталығының басшысы, мәслихат депутаты Ақылбек Данабекұлы қазылық жасады. Айтыс екі номинация бойынша өтті. «Тақырыптық айтысқа» мектеп гимназияның 10 «Б» сынып оқушысы Арайлым Тұралы, ІТ мектеп-лицейдің 8 «Ә» оқушысы Иманғали Абдуразақ, «Бизнес академия Дара мектеп-лицейінің» 7 «А» сынып оқушысы Нұрымжан Бақытжан, Рақымжан Қошқарбаев атындағы мектептің 7 «Г» сынып оқушысы Нұрислам Базарбай және осы мектептің 8 «А» сынып оқушысы Диас Жолдасбек шықты. Ал «Қайым айтыс» номинациясында ІТ мектеп-лицейдің тағы бір оқушысы Ризат Елубай мен Тайтөбе мектебінің шәкірті Алмат Ардақ сөз сайыстырды. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарап шабады» демекші, айтыскерлердің шама-шарқы, дайындығы әртүрлі болғанымен, бұл кеште бәрі де жеңістен дәмелі еді. Қызу да қиқулы, тартысты да таласты өткен «Тақырыптық айтыста» Нұрымжан Бақытжан бас жүлдені иеленсе, Иманғали Абдуразақ 1-орынды, Нұрислам Базарбай 2-орынды, Арайлым Тұралы мен Диас Жолдасбек 3-орынды олжалады. «Қайым айтыста» Ризат Елубайға – бас жүлде Алмат Ардаққа 1-жүлде бұйырды. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сый табыс етілді. «Жасының жақсылығын айт, нұры тассын» демекші, осындай өнегелі шара ұйымдастырған білім ошағының директоры Нұркен Шахметовке, айтысқа демеушілік еткен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зәмзәгүл Бұхарбаева, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нағашыбек Ақбаев, жеке кәсіпкер Нейла Кеңесқызына алғыстан басқа айтар сөзіміз жоқ. Сондай-ақ оқушылардың көптеп жиналуы да көңілге медет болды.

Дана Төлеген

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *