«Өнер» орталығы талантты жандардың ортасына айналды
...
Талай талантты танытқан, өнерлі ұрпақ тәрбиелеп отырған “Өнер” шығармашылық орталығының ашылғанына биыл 11 жылдан асты. Бүгінде орталықта 1 500-ге жуық бала мен жасөспірім өнер мен білімнің әр қырын меңгеріп келеді. Түрлі шығармашылық сайыстарда ұдайы үздіктер қатарында көрініп келе жатқан орталықтың алдағы жоспарымен танысу мақсатында мекеме құрылтайшысы Жанар Шалқарбекқызы Шәйкенованы әңгімеге тарттық. – Жанар Шалқарбекқызы, кәсіп бастауда өнер орталығын ашуға не түрткі болды? Балаларды білімге және шығармашылыққа баулу бағытын таңдау себебін түсіндірсеңіз.
– «Өнер» білім шығармашылық орталығы 2012 жылдың тамыз айында ашылған. Ол кезде небәрі 25 шаршы метрді құрайтын аядай жерді жалға алатын едім. Мен өзім музыкантпын, фортепиано аспабында ойнау бойынша үйірмеден дәріс беріп жүрдім. Сонымен қатар ата-аналар тарапынан вокал үйірмесінің ашылуына сұраныс пайда болды. Бір айда 20-дан астам шәкірт жиналған еді. Осы кезде баланың ашылмаған талантын дамытып, олардың жүзіне күлкі ұялату менің басты мақсатыма айналды. Уақыт өткен соң, орталығымыз домбыра үйірмесімен толықты. Салтанат Амангелдіқызы міне, табандатқан 11 жыл бойы өнер ордасы ашылғалы шәкірттерге қазақтың ұлттық аспабында ойнауды үйретіп келеді. Осылайша, кішігірім ғимаратта 3 үйірме жұмысын жасай бастады. Біз сапаға жұмыс жасадық. Менің 5 балам бар. Көп балалы анамын. Сондықтан үйірмеге келген әр баланы өз перзентімдей қабылдаймын. Баламен жұмыс жасау, оларды жетістікке жетелеу маған шабыт берді. Біртіндеп орталыққа келушілер саны да арта бастады. Енді қалыптасқан шығармашылық ұжым ретінде ғимаратты кеңейту қажеттігін түсіндік. Ол кезде көлемі 120 шаршы метрді құрайтын ғимаратты жалға алып, жөндеу жұмысын жүргізіп, өзге де үйірмелерді аштық. Бастапқыда қиын болды. Өйткені үйірме көп болған сайын бала саны да көп болады деп ойлаған болатынбыз. Бірақ біз қателестік. Дегенмен, аянбай еңбек етіп, ата-аналардың жүрегінен орын таптық.
– Өзіңіз басқарып отырған өнер ордасы жайында кеңінен ақпарат беріп өтсеңіз. Жалпы, қазіргі таңда орталықта қанша бала үйірмеге қатысып, өнерге бет бұруда? –«Өнер» білім шығармашылық орталығы екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі – өнер және спорт болса, екіншісі – білім және ғылым саласы. Сондықтан да біз екінші бағыттағы филиалымызға «Ақылдым» деген атау бергенбіз. Бүгінде орталықтың 5 филиалы түрлі ауданда балаларға қызмет көрсетіп келеді. Қазір өнер, шығармашылық және спорт секцияларында 18 педагог 800-ден астам балаға дәріс береді. Ал білім және ғылым саласы бойынша 600-ден астам баланы 15 ұстаз білім нәрін сусындатып жүр. Жалпы, мекемеде 1 500-ға жуық оқушы бар деп айта аламыз.
– Баршаға белгілі ел Президенті әр Жолдауында балалардың уақытын тиімді пайдалану қажеттігін ерекше атап өтеді. Сіздің кәсіпкерлікте шығармашылықты таңдап, балаларды өнерге баулуға мүмкіндік беріп отырғандарыңыз қуантады. Жалпы Қосшыда ата-аналар баласын үйірмеге жиі бере ме? Әлде баланың уақытын қалай өткізгеніне мән бермей ме? – Иә, елімізде балалардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі шығармашылық үйірмелердің ашылып жатқаны дұрыс. Біз де осы салаға өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Меніңше, қазіргі ата-аналар баланың қалауымен санасады. Оның қай бағыттың жанына жақын екенін анықтап, сол сала бойынша перзентіне білім беруге тырсады. Бірақ кейде баласы қаламаса да аналары оларды түрлі музыкалық аспаптар үйірмесіне жазады. Ол кезде, әрине, біздің педагогтер баланың ынтасын ашуға бар күш жігерін аямайды.
– Өнер орталығында ұстаздардың біліктілігін арттыру қалай жүзеге асады? – «Өнер» білім шығармашылық орталығында білікті мамандар қызмет етеді. Жас педагогтерді жұмысқа алғанда олардың ерекше креативті және заманауи идеялары болуына мән береміз. Әрине, әрбір ұстаздың біліктілігін арттыруға арналған іс-шарадан қалыс қалмаймыз.
– Орталықтың ашылғанына 11 жылдан асып жатыр екен. Аз уақыт емес. Осы жылдар ішіндегі ірі жетістіктерді атап өтсеңіз. – Әрине, жетістігіміз өте көп. Әр бағыттағы үйірменің шәкірттері ай сайын түрлі конкурстарға қатысады. Соңғысына тоқталатын болсақ, Лечева Бибігүл Телжанқызының жетекшілігімен "Үркер" хореография ансамблі Түркияда Стамбул қаласында өткен халықаралық сайыста біздің шәкірттер бас жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар шәкірттеріміз көптеген республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпазы атанды. "Өнер" білім шығармашылық орталығының шәкірті Амангелді Дияр джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды. Бұл тек біз үшін емес, жалпы Қосшыдан шыққан чемпион болғандықтан барлығына үлкен мақтаныш деп ойлаймын. Есте болса, Астанада алғаш рет джиу-джитсудан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы әлем біріншілігі өткен еді. Дүбірлі додаға әлемнің 42 елінен 1000-нан астам ең мықты деген боз кілем шеберлері жиналған. Осы додада Амангелді Дияр әлем чемпионы атанды. Бұл ең бірінші кезекті Диярдың төгілген тері, оның жаттықтырушылары Жанғожин Мұхит Сартайұлы мен Коппай Таңат Бекболатұлының және ата-анасының еңбегі деп білемін. Біздің орталықтан чемпиондар әлі талай шығары сөзсіз
– Орталыққа неше жастан бастап балаларды қабылдайсыздар ? – Төрт жастан бастап, он сегіз жасқа дейінгі балалар көңілі қалаған, яғни домбыра, би, шығыс жекпе-жегі, күй сандық сыныбы, тоқу өнері, бисермен тоқу, сазсырнай, қобыз, мектепке даярлық тобы, ағылшын тілі, сурет салу, бейнелеу өнері, шахмат сыныбы, актерлік шеберлік, шешендік өнер секілді үйірмеге қатыса алады. Алайда әр үйірмеге баланы қабылдау жасына шектеу қойылған. Мәселен, аспапта ойнау бойынша 7-8 жастағы баланы берген абзал. Біз бұл бойынша келген әрбір ата-анаға кеңес береміз.
– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе аласыз ба? – Менің үлкен арманым бар деп айтар едім. Ол орталықты көлемі 2 000 шаршы метрді құрайтын зәулім ғимаратқа көшіру. Оқушылар өнерін паш ететін жеке акт залының болуын қалаймын. Ең бастысы, біз балаларды тек өнер мен білімге баулып қана қоймай, оларды мәдениеттілікке үйретеміз. Қоғамнан өз орындарын ойып тұрып алатын азамат етіп тәрбиелеу – басты мақсатымыз.
– Қазір «Өнерді үйрен де, жирен» деген халық даналығынан сусындағысы келген жастардың қатары көбейіп келеді. Сегіз қырлы, бір сырлы болу ешқашан да көптік етпейді. Сондықтан әр ата-ана баласын өнер орталығына апарып, үйірмеден дәріс алуға бағыттап жатқаны қуантып отыр. – Жанар Шалқарбекқызы сұхбатыңызға көп рақмет, шәкірттеріңіз биіктерге самғай берсін деген тілек бізден болсын!
Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА
Пікірлер (0)