Оқулық жазу – маусымдық емес, тұрақты еңбек - Дидара Алина
Сурет: Ашық дереккөзден
Arman‑PV бас директоры Дидара Алинамен сұхбат
— Қазіргі уақытта мектептер демалыста. Ал баспалар үшін бұл кезең тынығу емес, керісінше, ең белсенді жұмыс уақыты деп естиміз. Қазір қандай бағытта жұмыс жүргізіп жатырсыздар?
— Иә, жаз айлары оқушылар үшін демалыс уақыты болғанымен, оқулық әзірлеушілер үшін бұл – ең қарқынды еңбек кезеңі. Биыл Arman‑PV баспасы бірнеше ауқымды және мазмұндық тұрғыдан маңызды оқу-әдістемелік кешенді дайындап шығарды. Олардың қатарында 7-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» мен «Физика» оқулықтары, бастауыш сыныптарға арналған «Русский язык», «Цифрлық сауаттылық», «Цифровая грамотность» кешендері және 10–11-сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттер» пәні бойынша оқулықтар бар. Бұл кітаптардың барлығы жаңа оқу жылында мектептерге жеткізілуі тиіс. Сондықтан дәл қазір біз мазмұнды аяқтау, басып шығару және өңірлерге уақытында жеткізу жұмыстарымен тығыз айналысып жатырмыз
— Оқулықтың ішінде не болатынын кім шешеді? Мазмұнды қалай анықтайсыздар?
— Бұл — өздігінен бола салатын нәрсе емес. Біз стандартқа ғана сүйеніп отырмаймыз. Оқу бағдарламасын қарап, мектептегі нақты жағдаймен байланыстырамыз Балаға не қажет? Мұғалімге не тиімді? Міне, осы сұрақтар мазмұнды анықтайды. Әр бөлім – талқылау арқылы, мұғаліммен ақылдаса отырып, тәжірибеге сүйеніп жазылады. Сол кезде ғана оқулық балаға да, мұғалімге де «жұмыс істейтін» құралға айналады.
Қазіргі оқулықтар бірнеше деңгейлі сараптамадан өтеді делінеді. Бұл тәсіл оқушыға шынайы пайдасын тигізіп отыр ма?
Оқулықтар баланың жас ерекшелігіне, қызығушылығына және тілдік ортасына бейімделген, педагогикалық тұрғыдан терең ойластырылған кешендер. Оқулықпен бірге мұғалімдерге арналған нұсқаулықтар, бағалау тапсырмалары, жаттығу дәптерлері мен цифрлық ресурстар да қатар дайындалды.
Оқулық әзірлеу жұмысы қазір тек авторлармен шектелмейді. Қазіргі уақытта Arman‑PV баспасында арнайы құрылған контент-редакторлар, әдіскерлер, дизайнерлер, сарапшылар мен ІТ мамандардан тұратын команда әр оқулықтың бөлімін өз саласы бойынша талдап, мазмұнын жетілдіріп жатыр.
Бүгінде барлық жобалар бірнеше сатылы тексеруден өтуде: ішкі редакциялық өңдеуден бөлек, әр пән бойынша педагогикалық, әдістемелік және лингвистикалық сараптама жүргізіліп жатыр.
— Оқулықтар оқу-ағарту министрлігі тарапынан қалай бағаланады? Бұл процесте қандай нақты кезеңдер қарастырылған?
— Қазіргі таңда елімізде оқулық мектепке жіберілуі үшін міндетті түрде бірнеше деңгейлі сараптамадан өтуі тиіс. Біз бұл талапты формалды міндет емес, кәсіби жауапкершілік деп түсінеміз. Әйтпесе, сырттай қарағанда "бекітілді" деген мөрдің өзі сапаның кепілі емес екенін білеміз.
Ол мектепке жету үшін міндетті түрде Білім беру мазмұнын сараптау орталығы – БМСО бекітуі керек. Бірақ мұны жай формалдылық деп қарауға болмайды. Өйткені оқулық мазмұны жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес келе ме, мақсаттары нақты ма, баланың жас ерекшелігіне сай ма – бәрі жеке-жеке сарапқа салынады.
Содан кейін, әрине, оқулықтың тілі мен құрылымы қаралады. Баланың түсінігіне жеңіл болуы, тапсырмалардың қисынды құрылуы, бағалау жүйесінің жүйелі болуы – бәрі назарда. Кейде өте жақсы идеялар болады, бірақ олар балаға қиын тілмен ұсынылады, бұл жағдайда оқулықтың әсері төмендеп кетуі мүмкін. Сондықтан біз үшін тіл мен мазмұнның тепе-теңдігі өте маңызды.
Одан кейін сарапшылар әдістемелік жағын қарайды – яғни, тапсырма баланы ойландыра ма, мұғалім оны сабақ үстінде тиімді пайдалана ала ма, оқу мақсатына жеткізе ме. Осыдан соң оқулық мектепте апробациядан өтеді – яғни, сабақта қолданылып көреді. Қағазда жақсы көрінген дүние, кейде практикада өз тиімділігін көрсете алмауы да мүмкін. Сондықтан бұл кезең біз үшін шешуші. Содан кейін апробация мен сарапшылардың пікірлері негізінде соңғы редакция жасалып, барлық ұсыныстар ескеріліп, оқулық тағы бір мәрте толық қаралады.
Баспа үшін осының бәрі үлкен еңбек, бірақ біз бұған жай бір міндет деп қарамаймыз. Өйткені оқулық дегеніміз – бала күн сайын бет ашатын, ойы мен тілі сол арқылы қалыптасатын негізгі құрал. Сондықтан біз тек авторлармен емес, практик мұғалімдермен, әдіскерлермен, редакторлармен, ІТ мамандармен тығыз жұмыс істеп келеміз. Бұл – ұзақ әрі күрделі процесс, бірақ тек сонда ғана оқулық шын мәнінде пайдалы, сенімді, өміршең құралға айналады.
— Сіздер оқулықпен бірге цифрлық ресурс та дайындаймыз дедіңіз. Ол нақты не нәрсе?
— Цифрлық ресурс жай слайд немесе видео емес. Біз оны мұғалімнің сабағын жеңілдететін құрал ретінде жасаймыз. Мысалы, анимация, интерактив тапсырма, тыңдау мәтіні – мұғалім оны сабағына қосып, уақытын үнемдейді. Қазір цифрлық орта – баланың тілі. Біз сол тілді ескеріп отырмыз. Бірақ басты мазмұн – оқулықта. Ал цифрлық ресурс – соның қолдаушысы. Біздің баспаның ekitap.kz онлайн платформасы бар. Осы жерде барлық оқулықтарымыз цифрлық форматта дайындалған.
— Соңғы уақытта жиі айтылып жүр: авторлар енді оқулықпен қатар оқу бағдарламасын әзірлеуге де қатысып жатыр екен. Бұл шынымен де жаңа тәжірибе ме?
— Иә, бұл расында да соңғы жылдары жүйелі түрде енгізіліп жатқан маңызды өзгеріс. Бұрын оқу бағдарламасын ғылыми-зерттеу ұйымдары мен министрлік мамандары өздері әзірлеп, авторлар соған бейімделіп оқулық жазатын. Қазір бұл тәсіл өзгерді: оқулық авторлары оқу мазмұнының өзіне тікелей араласуда. Бұл — Қазақстан үшін сапалы мазмұн жасаудағы жаңа кезең.
Ең қуаныштысы Arman-PV баспасының авторлары да белсенді қатысып жатыр. Олар министрлік пен БМСО тарапынан түрлі жұмыс топтарына шақырту алып, нақты оқу бағдарламаларын әзірлеу ісіне тікелей қатысып жүр. Бұл біздің авторларымыздың тәжірибесі мен кәсіби деңгейінің мойындалуы.
Сонымен қатар, мұғалімдердің оқулықты өздері таңдай алуы да — осы процестің табиғи жалғасы. Яғни, оқу мазмұнына авторлар қатысады, ал мектеп сол мазмұн негізінде өзіне тиімді оқулықты еркін таңдайды. Бұл – нағыз кәсіби сенім мен жауапкершілікке негізделген жаңа модель.
— Қазір мұғалімдер оқулықты өздері таңдайды дегенді естідім?
— Иә, бұл шын мәнінде өзгеріс. Бұрын қандай оқулықпен жұмыс істейтініңді мектеп емес, орталық шешетін. Қазір олай емес. Енді әр мектеп, нақты айтсақ – мұғалімнің өзі қай оқулықпен жұмыс істеу ыңғайлы екенін шешуге мүмкіндік алып отыр.
Бұл жерде шынайы көзқарас маңызды. Мұғалім өзі оқытатын сыныпты біледі. Баланың деңгейін, тілдік ортасын, не қиын, не жеңіл екенін жақсы түсінеді. Сондықтан таңдау да – сол мұғалімнің шешімі болуы керек. Егер бұл шешімді біреу сырттан таңып берсе, оның сапасы болмайды. Біз үшін әділ таңдау деген – мұғалімнің өз пікірімен қабылдаған, нақты салыстырып барып жасаған шешімі.
— Айтыңызшы, егер бір мұғалім немесе автор сіздермен жұмыс істегісі келсе, не істеуі керек?
— Ең алдымен, нақты не жазғысы келетінін анықтап алуы керек. Бұл бастауышқа ма, әлде жоғары сыныпқа ма, оқулық па, әлде қосымша құрал ма? Сол ойын қысқаша сипаттап, бізге жолдай алады. Біз бәрін жеке қарап шығамыз. Ұсыныс қызықты, өмірмен байланысы анық және нақты болса – біз міндетті түрде байланысқа шығамыз. Жазғысы келетін адам көп, бірақ нақты не айтқысы келетінін білетін адам аз. Біз сол нақты идеясы бар адамдармен жұмыс істегіміз келеді.
— Бәсекелес баспалар бар. Сіздердің баспаларыңыздың ерекшелігі неде?
— Бірінші кезекте – тәжірибе. Біз 20 жылдан астам тек мектеп оқулықтарымен айналысып келеміз. Бұл – бір бағытқа тереңдей ену деген сөз. Екіншіден, біз үнемі авторлық құрамды жаңартып, практик мұғалімдермен бірге жұмыс істейміз. Үшіншіден, біз мазмұнмен қатар көркемдікке, графикаға, методикаға да қатты қараймыз. Яғни, оқулық –тұтас кешен. Осы көзқарас бізді ерекшелейді.
Пікірлер (0)