"Махаббат құрмағаным үшін қысым көріп келемін": әнші Наркенже Серікбаева өзінің филармония басшылығынан көрген қорлығы туралы айтты
Сурет: instagram.com/Наркенже Серікбаева

“Алдыма отыр, иіскеуім керек деді”: Танымал әнші филармония басшысын әшкереледі
Бірнеше республикалық және халықаралық деңгейдегі әнші-термешілер байқауларының жеңімпазы, танымал дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева Түркістан облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармониядан көрген қысым мен қорлық жайлы ашық мәлімдеді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында бөлісті, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Әншінің айтуынша, филармонияның қазіргі басшылығы оның жеке қадір-қасиетін таптап, өнер жолын әділетсіз түрде шектеуге тырысқан.

“Мені концерттен шеттетіп, "киімің жарамайды" деген сылтау айтты. Ұят болса да айтайын, «менің алдыма отыр, мен сені иіскеуім керек» деген мазмұндағы жиіркенішті сөздер естіп келемін. Бұл қорлыққа көнбедім, енді үнсіз қалмаймын,” – дейді Наркенже Серікбаева.
"Махаббат құрмағаным үшін қысым көріп келемін"
Әншінің айтуынша, бұл бір реттік қысым емес, ұзақ уақыт бойы жалғасып келе жатқан жүйелі қудалау мен моральдық зорлық. Оның сөзінше, филармониядағы кейбір басшылар өнер иесін жеке басының қалауы үшін мансаппен қорқытқан.

“Махаббат құрмағаным үшін, шындықты айтқаным үшін ғана шеттетіліп келемін. Осы жолы үнсіз қалмаймын. Бұл тек менің басымдағы жағдай емес, қазақтың талай қызы осындай қорлық көріп жүр,” – дейді ол ашынып.
Әкімдік назар аударсын!
Наркенже Серікбаева бұл үндеуін Түркістан облысының әкіміне тікелей жолдап, мәселені назардан тыс қалдырмауға шақырды. Оның айтуынша, басшылық ауысқанға дейін филармония ұжымы бұндай әділетсіздік көрмеген.

“Қаншама жыл бойы осы ұжымда жұмыс істедім. Бірақ соңғы екі басшы келгеннен кейінгі жағдай – шегіне жетті. Енді қайда баруым керек? Әкім мырза, бұл жағдайды қолға алыңыз!” – деді әнші.
Бұған дейін де үндемеген…
Дәстүрлі өнер өкілі бұл жағдайды жариялау – қоғамды ояту, қорланған өнерпаздардың үнін естірту үшін жасалған қадам екенін айтады.
Қазіргі таңда филармония басшылығы тарапынан бұл жағдайға қатысты ешқандай ресми жауап берілген жоқ.
Пікірлер (0)