Өрт қауіпсіздігі айлығы: өңірде сақтық шаралары жалғасып жатыр

Жаңалықтар
view 33
news

Фотосурет: дереккөз

Ақмола облысында тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтіп, қыс мезгілінде болатын өрттің алдын алу үшін ауқымды шара жүргізіліп жатыр. Өңірде 28 мыңнан аса үй тексеріліп, 900-ге жуық түтін мен улы газға қарсы датчик орнатылды. Бұл туралы Ақмола облысы мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Досбол Жақсыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Құтқарушылардың айтуынша, өткен жылыту маусымында облыста 328 өрт тіркелген. Соның салдарынан 16 адам көз жұмып, 5 адам жарақат алған. Ал 10 адам дер кезінде құтқарылған. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін мамандар халыққа пештер мен электр сымдарын алдын ала тексеріп алуды ескертті.

Біз 28 мыңға жуық үйді аралап шықтық. Әсіресе әлеуметтік жағынан осал отбасыларға ерекше көңіл бөлдік. Орнатылған датчиктер апаттың алдын алуға көмектеседі, – деді басқарма бастығының орынбасары.

Тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары да күшейтілді. Әлеуметтік желілерде хабарламалар жарияланып, баспасөз беттерінде мақалалар шықты. Қалалар мен ауыл көшелерінде дауыс зорайтқыш арқылы мыңнан аса үндеу айтылды.

Ақпараттық жұмыстардың арқасында біз облыстың әрбір тұрғынына ескерпелерді жеткіздік. Енді тұрғындардың пештер мен электр сымдарын алдын ала тексеруі маңызды, – деп толықтырды сөзін спикер.

16 қыркүйектен бастап облыста өрт қауіпсіздігі айлығының екінші кезеңі басталды. Ол 16 қазанға дейін жалғасады. Ал сақтық шаралары 2025-2026 жылғы қыс бойы жүргізілмек.

Мамандардың айтуынша, қарапайым ережелерді сақтау арқылы қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *