Пайдасын дүкендегі баға шешеді: Үкімет орташа жалақыны 605 мың теңгеге дейін өсірмек

Жаңалықтар
view 78
news

Фотосурет: janabastau.kz

Ұлттық экономика министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын мақұлдады. Құжатқа сенсек, 3 жылдан кейін қазақстандықтардың табысы айтарлықтай өседі, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

2028 жылға қарай бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 604 963 теңгеге жетуге тиіс. Салыстырмалы түрде алсақ, 2025 жылы бұл көрсеткіш 423 133 теңге болған.

Министрліктің ресми болжамына сәйкес, енді Қазақстандағы орташа жалақы мынадай болады:

  • 2025 жылы – 423 133 теңге;
  • 2026 жылы – 500 890 теңге;
  • 2027 жылы – 554 154 теңге;
  • 2028 жылы – 604 963 теңге.

Нақты жалақының өсуі (инфляцияны ескере отырып) әлдеқайда қарапайым: 2026 жылы 7,6% көтеріледі, 2027-2028 жылдары шамамен 3% өседі. Минималды жалақы өзгеріссіз қалады – 85 мың теңге. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 2025 жылғы 46 228 теңгеден 2028 жылы 57 405 теңгеге дейін өседі. 2024 жылы қазақстандықтардың орташа жалақысы 405 400 теңге болған. Бұл ресми дерек бойынша, өткен жылға қарағанда 11,3%-ға өскен. Бірақ инфляцияны ескергенде, қалтаға түскен нақты өсім бар болғаны 2,4 пайыз ғана болып шықты.

2025 жылдың маусымында әр қазақстандықтың жан басына шаққандағы орташа табысы 231 100 теңге болды. Алайда нақты есептеулерге қарасақ, бұл көрсеткіш тіпті 2,6% төмендеген. Алдағы жылы инфляция 10-11 шамасында болады деп күтіледі. Үкімет 2028 жылға қарай оны 5-7%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Сол уақытқа қарай ел халқының саны 21 миллионнан асып, жұмыссыздық деңгейі шамамен 4,7% деңгейіне тұрақтайды деген болжам бар.

Жалақының қағаз жүзіндегі өсімі шынында әсерлі көрінеді: төрт жылда шамамен 200 мың теңгеге артады. Бірақ бұл ақшаның шын мәнінде қаншалықты пайда әкелетінін дүкендегі баға шешпек. Егер инфляцияны шынымен ұстап тұрса, қазақстандықтардың табысы өседі. Ал егер баға қымбаттай берсе, қосылған айлықтың бәрі «супермаркет кассасында» қалып қоюы мүмкін.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *