Президенттік жастар кадр резервіне кімдер іріктелгені белгілі болды
Фото: ашық дереккөз
Президенттік жастар кадр резервіне төртінші іріктеу аяқталды. 24 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша 50 адам Президенттік жастар кадр резервіне қабылданды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Мемлекеттік қызмет істер агенттігіне сілтеме жасап.
50 үздік жас маман қабылданған
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Президенттік жастар кадр резервіне төртінші іріктеу қазан айының соңында аяқталғанын айтты.
Жобаның негізгі мақсаты — мемлекеттік басқару жүйесіне білімді, жауапкершілікті және жоғары кәсіби білікті жастарды тарту. Ниет білдірген 31 мыңнан астам үміткердің ішінен 7 436 адам іріктеуге қатысуға жіберілді. Алты кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде резервке 50 үздік жас маман қабылданды. Бір орынға 148 адамнан келіп, бұл көрсеткіш 2023 жылғы іріктеумен салыстырғанда 16%-ға жоғары болды, — делінген хабарламада.
Қандай салалар бойынша
Агенттіктің мәліметінше, төртінші іріктеудің басты жаңашылдығы — мемлекеттік аппарат үшін аса сұранысқа ие салалық бағыттар бойынша Резервті қалыптастыру болды. Кандидаттар белгіленген квоталарға сәйкес қабылданды:
«инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты» бағыты бойынша — 8 адам;
«агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау» бағыты бойынша — 9 адам;
«сыртқы саясат және инвестициялар» бағыты бойынша –
8 адам;
«экономикалық және қаржылық саясат» бағыты бойынша –
7 адам;
«цифрландыру» бағыты бойынша — 9 адам;
«әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам» бағыты бойынша — 9 адам.
Жаңадан қабылданған резервшілердің толық тізімін pkrezerv.gov.kz жобаның ресми сайтынан көруге болады.
Резервке алынған сәттен бастап үш жыл ішінде резервшілер саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына, сондай-ақ «Б» корпусының басшылық лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Пікірлер (0)