Пусаннан жеткен хабар

Жаңалықтар
view 75
news

Фото: Ашық дереккөзден

Қарт Каспийдің толқыны күні кеше атша тулады. Қуаныштан Қазақстан жұрты да ббөріктерін аспанға атты. Каспий маңының бірегей ландшафтында орналасқан бес бірдей киелі жер- Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі жерасты мешіттері жаһандық қорғауға алынды. Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұралар комитетінің қырық сегізінші сессиясында еліміз үшін теңдессіз шешім қабылданды.  «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» атты сериялық ескерткіштер жиынтығы Адамзаттың бүкіләлемдік мәдени мұрасы тізіміне ресми түрде енгізілді. Бұл мәртебе -қазақ даласындағы сопылық ілімнің, сәулет өнерінің және табиғат пен адам үйлесімділігінің әлемдік деңгейде мойындалуы. Бұл ұзақ жылдар бойы атқарылған ауқымды да жүйелі мемлекеттік жұмыстың жемісі. Ақжолтай хабарды Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ерлан Карин жеткізді.

"Маңғыстаудың жерасты мешіттерінің ЮНЕСКО тізіміне енуі – бұл тек мәдени жетістік қана емес, біздің ұлттық бірегейлігіміз бен рухани құндылықтарымыздың халықаралық аренадағы үлкен жеңісі. Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда берген тікелей тапсырмасының және отандық ғалымдар мен дипломаттардың екі жыл бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесі", деп хабарлады.

Қазақ мәдени мұрасы 22 жылдан соң қайтадан әлемдік сахнаға шықты.

Еліміз соңғы рет мәдени мұра санаты бойынша ЮНЕСКО тізіміне осыдан тура жиырма екі жыл бұрын, яғни 2004 жылы «Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтерімен» енген болатын. Осынша үзілістен соң Маңғыстау ескерткіштерінің топтамасы тізімді толықтырып, отандық мәдени дипломатияның жаңа белесін айқындады. ЮНЕСКО-ның қырық сегізінші сессиясында қабылданған бұл тарихи шешімді дайындау үшін екі жыл бойы отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен ауқымды зерттеулер жүргізілді. Маңғыстау облысының аумағында орналасқан бес киелі кешенді қорғау және олардың номинациялық құжаттарын әзірлеу мақсатында жүздеген тарихи, археологиялық және сәулеттік сараптамалар жасалды. Бұл бес нысан тек діни орындар ғана емес, олардың құрамына кіретін ондаған көне қорымдар, сопылық ілім өкілдерінің кесенелері мен шөл далада тіршілік көзі болған ежелгі құдықтар жүйесі біртұтас тарихи-мәдени ансамбльді құрайды.

Тізімге енген әрбір жерасты мешітінің өзіндік қайталанбас ерекшелігі мен тарихи салмағы бар. Мысалы, Шақпақ ата мешіті өзінің сәулеттік құрылымы жағынан жартасты қашап жасалған бірегей өнер туындысы болса, Оғландыдағы Бекет ата кешені күллі түркі әлемі зиярат ететін үлкен рухани орталық болып табылады. Шопан ата мен Сұлтан Үпі кешендері сопылық мәдениеттің қалыптасу кезеңінен сыр шертеді, ал Қараман ата мешіті ежелден ел бірлігі мен бітімгершіліктің символы ретінде танымал. Осы бес нысанның бір мезгілде әлемдік деңгейде қорғауға алынуы Маңғыстау өңіріне келетін шетелдік туристер ағынын еселеп арттыруға жол ашады. Бұл тарихи оқиға Қазақстанның әлемдік өркениетке қосқан үлесін айшықтап қана қоймай, Маңғыстаудың жартасты сәулет өнерін адамзат тарихының алтын қорына мәңгілікке енгізді.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *