Қамауда отырған Алмасбек Садырбай Президентке үндеу жолдады

Жаңалықтар
view 146
news

Фото: ашық дереккөз

Тергеу изоляторында отырған фермер әрі қоғам белсендісі Алмасбек Садырбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

 

Қамауда болу мерзімін ұзартқан

Менің ойымша, әділдіктің орнауына енді тек Сіз ғана ықпал ете аласыз. Бұл – назар аудартудың немесе біреудің атын пайдаланып қысым көрсетудің амалы емес. Бұл – заңды жолмен әділдік іздеген сан мәрте талпыныстан кейін туындаған жан айқайы, үміт пен шарасыздықтың нәтижесі. Осы уақыт ішінде мені он рет этаппен басқа изоляторларға ауыстырды – әр кезең мен үшін ауыр сынақ болды. Тәжірибелі адвокатым Анар Құсайынованың айтуынша, мұндай көп мәрте этапталу – іс жүзінде рекордтық жағдай. Тергеу мерзімінің соңғы күні ведомствоаралық тергеу тобы (МВТГ) іске жаңа баптар – «ҰҚТ-ға қатысу» және «Мүлікті заңдастыру» баптарын қосып, менің қамауда болу мерзімімді тағы ұзартты, – дейді Алмасбек Садырбай үндеуінде. 

«Азық-түлік тәуелсіздігі үшін күрестім»

Ол әрдайым адалдық пен ашықтық, ауылдың тұрақты дамуы және елдің азық-түлік тәуелсіздігі үшін күрескенін айтады.

Менің басыма түскен жағдайдың басты себебі – менің қоғамдық қызметім. Соңғы жылдары мен Қазақстанның шағын және орта фермерлерінің мүддесін қорғап, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін көтеріп, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі шешімдерге агроолигархиялық құрылымдардың қысымын сынадым. Мен әрдайым адалдық пен ашықтық, ауылдың тұрақты дамуы және елдің азық-түлік тәуелсіздігі үшін күрестім, – дейді фермер.

«Бұл істің объективтілігі мен әділдігі күмән тудырады»

Сондай-ақ Алмасбек Садырбайдың айтуынша, бұл – өзіне қарсы қозғалып отырған төртінші қылмыстық іс.

Алайда Ішкі істер министрлігінің адал қызметкерлерінің арқасында бұл істердің барлығы қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Ал қазіргі іс – сол жылы маған қарсы төртінші қылмыстық іс болып отыр, бұл жағдайдың өзі істің объективтілігі мен әділдігіне күмән тудырады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларының ауыр күндерінде менің жетекшілігімдегі «Шопан-Ата» мал өсірушілер қауымдастығының мүшелері ел бойынша әкімдіктер мен ауруханаларды қорғап, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етті, – дейді ол үндеуінде. 

Алмас Садырбай кім

Алмасбек Садырбай – фермер және қоғамдық белсенді, «Шаңырақ» бірлестігі мен Shopan-ata қой өсірушілер ассоциациясын басқарған. Ол 2024 жылғы қарашада ұсталған. Тергеу мәліметінше, 2021-2024 жылдар аралығында ол сыбайластарымен бірге жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастырып, шамамен 1,2 млрд теңге көлемінде мемлекеттік субсидияны заңсыз иемденген. Ақша нақты қызмет көрсетілмей, немесе жұмыс атқарылмай, байланысы бар кәсіпорындардың есепшотына аударылған делінген.

Еске салсақ, бұған дейін Алмасбек Садырбайдың не үшін қамауда отырғанын жазған болатынбыз.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *