Қасым-Жомарт Тоқаев: «Каспийді сақтап қалу – замандас мемлекет қайраткерлері үшін жауапкершілік қана емес, арымызға сын»

Жаңалықтар
view 32
news

Фото: Ақорда

Қазақстан Президентінің айтуынша, Каспийдің мүшкіл халін аймақтағы ауқымды климаттық өзгерістен бөліп қарауға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы ғасырдың соңына қарай өңірдің кей жерлерінде температура 5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп болжанғанын жеткізді.

– Бұл мұздықтардың еруін тездетіп, су тапшылығына, қуаңшылыққа және жердің тозуына әкеп соғады. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам климат факторларының әсерінен қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Каспий теңізінің тартылуы кеме қатынасына және порт инфрақұрылымына, сондай-ақ балық шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп сияқты салалар мен жағадағы елді мекендердің орнықты дамуына қатер төндіреді. Әңгіме салдары ауыр, тіпті ауқымды экологиялық апатқа ұрындыратын күрделі сын-қатерлер туралы болып отыр. Қазақстан мұндай олқылықтың орны толмайтынын жақсы түсінеді. Арал қасіреті табиғатты жауапсыз пайдаланудың соңы қайда апарып соғатынын ұдайы еске салады. Ондай жағдайдың қайталануына ешқашан жол бермеу керек. Бір кездері «Ұлы теңіз», «Қарт Каспий» деп ардақтаған айдынды сақтап қалу – замандас мемлекет қайраткерлері үшін жауапкершілік қана емес, арымызға сын. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген ой мазалайды. Балаларымыз бен немерелеріміздің Каспийді қандай күйде көретіні бүгінгі қабылдайтын шешімдерімізге тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев саммит қатысушыларының назарын бірқатар негізгі бағытқа аударды. Президент экологиялық қауіп-қатерді дер шағында анықтап, алдын алу үшін бірізді ғылыми тәсіл керек деп есептейді.

– Каспий маңындағы елдерде деректердің, ғылыми зерттеулер мен бақылаулардың мол қоры бар. Дегенмен ол бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істесе, анағұрлым тиімді болар еді. 2024 жылы Қазақстан Каспий теңізі ғылыми зерттеу институтын құрды. Кешенді зерттеулер жүргізіп, бейімделудің ортақ жоспарын әзірлеу үшін Каспий маңы елдерінің ғылыми орталықтары мен осы институттың әлеуетін толықтай жұмылдырған жөн, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Каспий экожүйесін басқаруға арналған заманауи технологияларды қолданудың өзектілігіне баса мән берді. 

– Су ресурстарының жай-күйі, жағалаудың өзгеруі, биоалуантүрлілік, ластану, өзен ағыны және басқа да негізгі параметрлер бойынша мәліметтерді өңдеп, талдау үшін бірыңғай цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Спутниктік технологиялар, жасанды интеллект және болжам жасаудың заманауи жүйелері нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге, экологиялық сын-қатерлерді уақтылы анықтап, реттеуге мүмкіндік береді. Мұндай платформа ғалымдарымыздың, салалық мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың жұмысына ортақ цифрлық негіз болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

t.me/aqorda_resmi

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *