Қазақ тілінде қызмет көрсетілмесе, қайда жүгінуге болады
Сурет: kazgazeta.kz
Мемлекеттік тілде қызмет алуға құқығы бұзылған жағдайда не істеу керек?
Бұл сұрақ қоғамда жиі көтерілетінімен, бұған дейін нақты шешім тетігі болмаған. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұл түйткілдің бұрынғы жай-күйі мен қазіргі өзгерісі туралы айтып, мәселенің мән-жайын тарқатты, деп хабарлайды janabastau.kz.
Депутаттың сөзінше, бұған дейін Қазақстанда тіл заңнамасын бұзу деректері тіркелгенімен, ол үшін ешкім жазаға тартылмаған. Себебі, уәкілетті орган саналатын тілдерді дамыту басқармаларының нақты құзыреті болмаған.

"Әкімшілік кодексте жауапкершілік көрсетілгенімен, басқармалардың тексеру жүргізіп, хаттама толтыруға құқығы жоқ еді. Ал азамат прокуратураға шағымданса, олар кері сол тіл басқармасына жібереді. Бірақ ол жерде де нақты әрекет етуге мүмкіндік жоқ", – дейді Абзал Құспан.
Заңдағы бұл олқылық салдарынан тілге қатысты көптеген азаматтық шағымдар нәтижесіз қалып отырған. Депутаттың айтуынша, бұның бәрі – заңнамада нақты әрі тиімді тетік болмауынан.
Алайда жағдай біршама өзгерді. Абзал Құспан Мәжіліске келген соң бұл мәселені шешуді мақсат етіп, заңнамалық түзетулерге бастамашы болғанын айтады. Енді тіл заңын бұзған мекеме немесе қызметкер жазасыз қалмайды.

"Бүгінде егер азамат жергілікті әкімдік жанындағы тілдерді дамыту басқармасына арыз түсірсе, олар арнайы хаттама толтырып, заң бұзған тұлғаға әкімшілік жаза қолдана алады", – деді депутат.
Бұл жаңашылдық – мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты қорғауға жасалған қадамдардың бірі. Енді кез келген азамат өз ана тілінде қызмет алуға толықтай құқылы екенін сенімді түрде талап ете алады. Ал бұл талап орындалмаған жағдайда, нақты құқықтық тұрғыда қорғалуына жол ашылды.
Пікірлер (3)
Тілді дамыту комитеттері деген бізде жоқ. Тіл саясаты комитеті бар. Осы Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов - нағыз жемқор. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғауды тіпті ойламайды.
Халықты бір-бірімен қырылыстырып қоймай-ақ, неге сол Тілді дамыту комитеттері барлық мекемелерді тұрақты түрде тексеріп , заң бұзғандарына Әкімшілік жаза қолданып тұрмайды?
Ал мемлекеттік емес қызмет көрсету орындарында кімге жүгінеміз, әкімшілік жазасына пысқырмадыда жеке тұлғалар.