Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 72,8 мың теңгеге жетті

Жаңалықтар
view 39
news

Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда 2026 жылдың үшінші тоқсанында ең төменгі күнкөріс  жан басына шаққанда орта есеппен 72 791 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,6 пайызға өскен.

Статистикалық есеп бойынша, 2025 жылдың үшінші тоқсанында республикадағы күнкөріс минимумы 60 878 теңге болған. Ал 2026 жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш 67 618 теңгені құраған. Осылайша, бір тоқсан ішінде күнкөріс минимумы тағы 7,7 пайызға артқан.

Күнкөріс минимумы халықтың негізгі әлеуметтік-демографиялық топтары бойынша да әртүрлі қалыптасқан. Атап айтқанда, 0-13 жас аралығындағы балалар үшін көрсеткіш 61 400 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 52 287 теңгемен салыстырғанда 17,4 пайызға жоғары.

14-17 жастағы ұл балалардың күнкөріс минимумы 91 345 теңгеге жетті. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 20,1 пайызға өскен. Ал осы жастағы қыз балалар бойынша көрсеткіш 69 986 теңгені құрап, жылдық өсім 20 пайыз болды.

Еңбекке қабілетті жастағы ер адамдар үшін күнкөріс минимумы 86 013 теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы көрсеткіштен 19,9 пайызға жоғары. Еңбекке қабілетті жастағы әйелдер бойынша көрсеткіш 68 258 теңге болып, бір жылда 19,8 пайызға артқан.

Ал зейнеткерлер мен егде жастағы адамдардың күнкөріс минимумы 67 732 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,1 пайызға жоғары.

Жалпы, 2026 жылдың үшінші тоқсанында күнкөріс минимумы халықтың барлық негізгі әлеуметтік-демографиялық топтары бойынша өскен. Жылдық есепте ең жоғары өсім 14-17 жастағы ұлдар мен зейнеткерлер және егде жастағы адамдар арасында — 20,1 пайыз деңгейінде тіркелді.

Тоқсандық динамикада да барлық топтар бойынша өсім байқалады. 2026 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда көрсеткіштің өсуі 6,7 пайыздан 14,5 пайызға дейін болды. Ең жоғары өсім 0-13 жастағы балалар арасында тіркелген.

Мамандардың есебінде күнкөріс минимумы мөлшерінің тоқсан сайын өзгеруі ең төменгі тұтыну себетінің құнына байланысты екені көрсетілген. Бұл көрсеткіш халықтың негізгі қажеттіліктеріне жұмсалатын шығындарды бағалауда және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *