Қазақстанда сиыр еті бағасы: Ауыл шаруашылығы министрлігі түсініктеме берді
Сурет: Ашық дереккөзден
Соңғы уақытта ішкі нарықта сиыр еті бағасының өсуі байқалып, тұтынушылар арасында алаңдаушылық тудыруда. Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мал еті өндірісінің өзіндік құны мен баға құрылымын түсіндірді, – деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, 1 кг еттің орташа өзіндік құны 2 800–3 100 теңге шамасында. Көтерме саудадағы 15% үстемеақыны қосқанда, бөлшек саудадағы баға 1 кг үшін 3 400–3 500 теңге деңгейінде қалыптасады.
Салыстырмалы түрде көршілес елдерде сиыр етінің бағасы әлдеқайда жоғары:
- Өзбекстан мен Тәжікстан — 6 500 теңгеге дейін,
- Ресей — 8 500 теңгеге дейін,
- Қытай — 8 000 теңгеге дейін,
- Түрікменстан — 9 000 теңгеге дейін,
- Түркия — 13 000 теңгеге дейін.
Министрлік атап өткендей, ірі қара малдың бір тұтас етінің тірі салмағынан тек 50–60%-ы ғана ет ретінде шығады. Оның ішінде 15–20%-ы премиум санаттағы бөліктерге (қарын асты, қабырға еті, жамбас) тиесілі, орта деңгей — 40–45%, ал төменгі деңгей шамамен 25%. Сүйек, май және ет қалдықтары – 15–20% құрайды.
Сиыр етінің бағасы тек өзіндік құнға байланысты емес, сонымен қатар еттің санатына, тағамдық құндылығына, малдың семіздігіне және қайта өңдеу тәсіліне тәуелді. Майы аз бөліктер арзанырақ болса, жоғары мәрмәрлі және жұмсақ құрылымды кесінділер бағасы қымбат болады.
Бағаның негізсіз өсуін тежеу мақсатында министрлік жүйелі шараларды жүзеге асыруда: бордақылау алаңдары мен шаруашылықтарды жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын кеңейту, ет өңдеу кәсіпорындарын салу және жаңғырту, бағаны тұрақтандыру үшін форвардтық сатып алу мен интервенцияларды жүргізу. Сондай-ақ өнім өткізу тізбегінде бәсекелестік заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілуде.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды тұрақты түрде қадағалап, әкімдіктермен және мүдделі құрылымдармен өзара іс-қимыл жүргізіп, халыққа азық-түлік қауіпсіздігін және ет өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуді жалғастыруда.
Пікірлер (0)