Қазақтың Тоқтары 80 жаста
Фото: Ақорда 2022 жыл
Қазақ халқының мақтанышы, ғарыш кеңістігін тұңғыш рет бағындырған перзенті, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров асқаралы 80 жасқа толды. Саналы ғұмырын отандық авиацияны дамытуға, мемлекетіміздің қорғаныс әлеуетін нығайтуға және аэроғарыш саласының іргетасын қалауға арнаған даңқты тұлғаның мерейтойы ел көлемінде жоғары деңгейде, ұлттық рухпен астасып аталып өтуде. Мерейтой қарсаңында түсірілген «Әубәкіров әлемі» атты деректі фильм көпшілік назарын бірден аударды. Фильмде батырдың көпшілік біле бермейтін қырлары мен өміріндегі елеулі оқиғалар кеңінен баяндалады. Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы – оның ғажайып ғұмырының бір ғана белесі. Ол ғарыш сапарына дейін-ақ КСРО-дағы ең мықты сынақшы-ұшқыштардың бірі ретінде танылып, авиация саласында ондаған күрделі міндетті абыроймен орындады.
Тұңғыш ғарышкер- елуге жуық жаңа ұшақ үлгісін сынақтан өткізіп, аса күрделі техниканы басқаруда кәсіби шеберлігімен ерекшеленді. Оның есімі кеңестік авиация тарихындағы батыл сынақтармен тығыз байланысты. Соның бірі- дыбыстан жылдам ұшатын әскери ұшақпен Солтүстік полюс бағытына жасалған ерекше рейс. Ұшу барысында әуеде екі рет жанармай құю секілді аса күрделі операцияны орындауы оның кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі болды. Батырдың тағы бір ерлігі - ауыр салмақты жойғыш ұшақты түнгі уақытта және қолайсыз ауа райы жағдайында «Тбилиси» авиатасушы крейсерінің палубасына қондыруы. Мұндай тапсырманы орындау ұшқыштан тек жоғары кәсіби дайындықты ғана емес, темірдей төзімділік пен батылдықты талап етті. Тоқтар Әубәкіров осындай сын сәттердің бәрінде өзіне артылған жауапкершілікті абыроймен атқарып, қазақ ұлының мүмкіндігі шексіз екенін бүкіл әлемге танытты.
Иә, қазақтың қарапайым қара домалақ баласы Кеңес Одағын ғана емес, күллі әлемді өзінің ерлігімен таңғалдырды. Оның бала күнгі арманы – аспанды бағындыру еді. Сол арман оны авиация саласына алып келіп, кейін ғарыш төріне жеткізді. 1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан көкке көтерілді. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алар алдындағы тарихи кезеңде халқымыздың рухын асқақтатқан айтулы оқиға болды. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкердің ғарышқа самғауы миллиондаған адамның жүрегіне ерекше мақтаныш сезімін ұялатты. Ол орбитада сегіз күнге жуық уақыт болып, биотехнология, медицина және метеорология бағыттарында маңызды ғылыми зерттеулер жүргізді.
Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолы табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Ол өзінің әрбір жетістігіне маңдай терімен жетті. Ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақ атану – кездейсоқ келген атақ емес, ондаған жылдық тынымсыз еңбектің, кәсіби шеберліктің және қайсар мінездің нәтижесі. Ел егемендік алғаннан кейін де Тоқтар Оңғарбайұлы мемлекет ісінен шет қалған жоқ. Ол Қазақстанның авиациясы мен ғарыш саласының дамуына қатысты бастамаларға атсалысып, жас ұрпақты ғылымға, білімге және Отанға адал қызмет етуге үндеп келеді. Оның әр сөзі мен өнегелі өмірі жастарға үлкен мотивация береді.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ағамыздың рухы әлі де биік. Жақында берген сұхбаттарының бірінде жетпіс бес жасында ұшақ штурвалына қайта отырғанын айтып, өзінің аспанға деген махаббатының ешқашан сөнбегенін көрсетті. Бұл Тоқтар Әубәкіров болмысының басты ерекшелігі. Ол үшін аспан мамандық қана емес, өмірінің мәніне айналған ұлы арман.
1 тамыз-батырдың туған жері Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында мерейтойға арналған үлкен думан ұйымдастырылмақ. Бұл той бір адамның ғана мерейтойы емес, тұтас ұлттың мақтанышын ұлықтайтын, қазақтың батыр ұлына деген құрметін көрсететін тағылымды шара болмақ. Ел-жұрт бас қосып, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеп, ұрпаққа өнеге болар тұлғаның ғибратты ғұмырына тағзым етеді.
Тоқтар Әубәкіровтің есімі Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылды. Оның ғарышқа жасаған сапары, авиациядағы ерліктері, елге сіңірген еңбегі – келер ұрпаққа қалатын өшпес мұра. Қазақтың тұңғыш ғарышкері 80 жасқа толса да, оның есімі үшін уақыт өлшемі жүрмейді. Өйткені батырдың ерлігі – халық жадында, ал оның биік рухы көкке самғаған қазақтың қанатында.
Халық қаhарманынының ғибратты ғұмыры – «Арманға адал бол, еліңе қызмет ет» деген ұлағатты сөздің нақты көрінісі. Қазақтың Тоқтары талай биікті бағындырды. Ендігі міндет оның ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізу, батырдың өмір жолынан үлгі алу және көк туымызды биікте ұстайтын білімді де қайсар жастарды тәрбиелеу.
Ол бағындырған көк аспан - бүгінгі ұрпаққа арманның шегі жоқ екенін көрсететін мәңгілік символ.
Пікірлер (0)