ҚазТАГ бас редакторы үйқамаққа жіберілді

Жаңалықтар
view 229
news

Фото: ашық дереккөз

Астанада ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, ол Уақытша ұстау изоляторынан үйқамаққа шығарылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бұған дейін ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев Қасеновтің Есіл аудандық Полиция басқармасына тергеу әрекеттеріне шақырылғанын айтқан. Бас редактор кейін уақытша ұстау изоляторына қамалған.

УҰИ-де отырған кезде Әмір Қасенов мерзімсіз аштық жариялағаны хабарланды. Сонымен қатар ол Қылмыстық кодекстегі 274-баптың атауын «274. Журналистика» деп өзгерту туралы пікір білдірген.

Кейін тергеу соты Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасын қайта қарап, оны Астанадағы тіркелген мекен жайы бойынша үйқамаққа жіберу туралы қаулы шығарған.

Үйқамақ – адам бостандықта жүргенімен, қозғалысы мен байланысына белгілі бір шектеу қойылатын шара. Мұндай жағдайда тергеу амалдары жалғасуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Orda.kz және ҚазТАГ ақпарат құралдары төңірегіндегі жағдайға байланысты пікір білдірген болатын.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *