ҚазТАГ бас редакторының қамауға алынғаны расталды
Фото: ашық дереккөз
Алматы қалалық Полиция департаменті 23 желтоқсанда ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Хасеновтың ұсталғанын растады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ПД мәліметінше, агенттік қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс жеке компания өкілінің арызы негізінде қозғалған. Онда ҚазТАГ редакциясының бірнеше рет көрінеу жалған ақпарат таратып, соның салдарынан компанияның іскерлік беделіне айтарлықтай зиян келгені айтылған.
Тергеу амалдары кезең-кезеңімен, Қылмыстық-процестік заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілді. Жинақталған материал мен тергеудің қазіргі сатысын ескере келе, 23 желтоқсанда ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы ұсталып, Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген хабарламада.
Тергеу барысы толығымен Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сәйкес жүргізілуде. Қосымша ақпарат осы кодекстің 201-бабына сай жариялауға жатпайды.
Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Orda.kz және ҚазТАГ ақпарат құралдары төңірегіндегі жағдайға байланысты пікір білдірген болатын.
Бұған дейін ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы ұсталғанын жазған болатынбыз.
Пікірлер (0)