ҚазТАГ басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: ҚазТАГ
Ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов Freedom Finance компаниясының арызы бойынша күдікті ретінде танылған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Freedom Finance — тегі ресейлік миллиардер Тимур Турлов басқаратын компания. Арыз компания басшылығы тарапынан жасалған алаяқтық схемалар туралы жәбірленушілердің сөздері негізінде жарияланған материалдарға байланысты түскен.
Адвокат Рена Керимованың айтуынша, Матаев пен Қасеновты процессуалдық талаптарды сақтамай күдікті деп тану — өрескел заңбұзушылық.
Адамды оның қатысуынсыз күдікті деп тану үшін ол тергеуден бой тасалауы немесе тергеу әрекеттерінен әдейі қашуы керек. Ал Матаев пен Қасенов ешқандай тергеуден қашқан жоқ, — деді ол.
Редакция қылмыстық іс туралы тек 20 қарашада басқа БАҚ арқылы білген, ал іс 18 тамызда қозғалған болып шықты. Осылайша, бірнеше ай бойы полиция ҚазТАГ редакциясынан жасырын түрде қылмыстық істі тергеп, бірнеше сараптама жүргізген. Бұл — қолданыстағы нормаларды бұзу болып табылады, себебі редакцияға бірде-бір хабар берілмеген.
Адвокат Ерлан Мәкеновтің айтуынша, сараптама тағайындау туралы қаулымен таныстыру міндеті де орындалмаған.
«272-баптың 4-бөлігіне сәйкес, сараптама тағайындауға құқығы бар орган қаулымен күдіктіні, қорғаушыны, жәбірленушіні және куәгерді таныстыруы тиіс. Тергеуші бізді ҚПК-ның 274-бабында көрсетілген құқықтарымыздан айырды. Сараптама қаулысымен куәгердің тек 21 қарашада таныстырылғаны хаттамамен расталады», — деді адвокат.
Сонымен қатар, 21 қарашада куәгер мәртебесіндегі Қасеновпен сөйлескен кезде тергеуші Заманбек Тазабеков сұрақтарды «оның басшылығындағылар» дайындап отырғанын байқамай айтып қойған.
Қандай адамдар сыбырлап отырғанын (сұрақтарды – KazTAG) өздеріңіз түсініп тұрған шығарсыздар, — деді ол.
Ал сараптама қаулысын редакцияға дер кезінде бермеу себебі сұралғанда, Тазабеков: «Маған басшылық солай тапсырды», — деп жауап берген.
ҚазТАГ редакциясы қылмыстық істің қозғалғаны да, сараптамалардың тағайындалғаны да неге бірнеше ай бойы жасырылғаны әлі белгісіз екенін атап өтті.
Freedom Finance арызы негіз болған ҚазТАГ жариялаған материалдардың барлығы адвокат Светлана Оралбаеваның және жәбірленушілер — Гүлмира Исаева, Жанна Қапарова, Карина Гайфулинаның берген ақпараттарына сүйенген.
Редакция 21 қарашада полицияға:
– жәбірленушілер өздері 2025 жылдың 3 сәуірінде редакцияға хабарласып, бұрынғы Freedom Finance басшыларының бірі Виталий Световқа қатысты қылмыстық іс туралы жарияланған материалға байланысты өз позициясын жеткізуді сұрағанын;
– олардың өзге БАҚ-қа, қаржы нарығын реттеу агенттігіне (АРРФР), құқық қорғау органдарына және тіпті Президент әкімшілігіне жүгінгенімен, жауап ала алмағанын;
– eOtinish арқылы жолдаған өтініштерінің көшірмелерін бергенін;
– ҚазТАГ компанияға бірнеше рет ресми сауал жолдағанымен, Freedom Finance маусым айына дейін бірде-бір рет жауап бермегенін хабарлаған.
Редакция барлық жарияланымдар алдында заңда белгіленген талаптарды толық орындағанын атап отыр.
Бұған қоса, ҚазТАГ редакциясына ІІМ-нің Ержан Саденовке жақын жоғары лауазымды қызметкерінің іс жабылады және полиция тарапынан ешқандай қудалау болмайды деп айтқаны белгілі болды. Редакция мұны журналистердің сақтығын төмендетуге бағытталған әрекет деп есептейді.
Пікірлер (0)