Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылында Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті
Фотосурет: janabastau.kz
Тайтөбе ауылындағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы аллеяда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа ұран» атты ауқымды мәдени шара өтті. Мерекелік басқосу қаһармандықты ұлықтауға, Жеңіске жеткен буынға тағзым етуге және бейбітшіліктің қадірін еске салуға бағытталды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Шараның шымылдығы «Самғау» би ансамблінің жүрек тебірентерлік «Соғыс жылдары» композициясымен ашылды.
Соғыстың ауыр жылдарын көз алдымызға әкелген биден кейін, «Бейбіт күн тілегі» әні шырқалды. Жиылған жұрт Екінші дүниежүзілік соғысында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алынып, олардың ерліктеріне құрмет көрсетті.
Мерекелік шарада сөз алған Қосшы қаласының әкімі Азамат Есімұлы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
«Құрметті ардагер Нұрқасым Әжітайұлы, қадірлі тыл еңбеккерлері, сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отан үшін жасаған ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Сол бір ауыр жылдар алыстаған сайын, Сіздердің батырлықтарыңыз бен еңбектеріңіздің бағасы арта түсуде. Атқарған еңбек, ауыр кезеңде көрсеткен ерліктеріңіз жадымызда мәңгі сақталады. Ел тыныш, аспан ашық болсын!» деп атап өтті.
Құттықтау сөзден кейін жиналған көпшілік Екінші дүниежүзілік соғыс батырларының рухына тағзым етіп, Рақымжан Қошқарбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл рәсім елдің батырларын ешқашан ұмытпайтынының және олардың ерліктерін жоғары бағалайтынының көрінісі еді. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Елдің сүйікті әндері орындалып, бейбіт күн мен тыныш заман дәріптелді. Нұрболат Сейтмұратовтың жүрекке жылы тиетін «Қазақстан» әні, Әйгерім Дәулетханның қаһармандық рухты оятатын «Әлия» әні көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Мәдина Қабдолла мен Мақсат Шайзақтың орындауындағы «Журавли» және Әсем Бейсембаеваның «Синий платочек» әндері соғыстың ауыр жылдарынан естеліктерді жаңғыртқандай болды. Ал Аян Төлегеннің қуанышқа толы «Жеңіс күні» әні мерекелік көңіл күйді одан әрі көтерді. Шараның соңында Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан Нұрқасым Әжітайұлы ақсақал батасын беріп, жиналған жұртпен естелік суретке түсті. Бұл кездесу жас ұрпақ пен Ұлы Жеңістің тірі куәгерлері арасындағы рухани байланысты нығайта түскендей.
Пікірлер (0)