Қосшыда жаңа театр ашылды: “+ Қала” премьерасы көрерменді тәнті етті
Фотосурет ашық дереккөзден
Қосшы қаласының 4 жылдық мерейтойы қарсаңында қоғамдық мәдени-спорт кешенінде “Qosshy” ойын-сауық театрының шымылдығы түрілді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
Алғашқы премьера – жазушы, драматург Бақытбек Қадырдың “+ Қала” атты лирикалық комедиясы. Қойылымның қоюшы-режиссері – белгілі актер әрі режиссер Жұлдызбек Жұманбай.
Премьераға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев арнайы қатысып, театр ұжымының алғашқы қадамына сәттілік тіледі.
“+ Қала” лирикалық драмасы – Қосшының құрылуы мен қала тұрғындарының болмысын, урбанизация әсерінен үзіліп қалған адами қатынастарды шынайы әрі әсерлі бейнелейтін туынды. Күтпеген оқиғалар арқылы кейіпкерлердің бірлік пен тату көршіліктің қадірін қайта сезінуі көркем тілмен жеткізілген.
“+” белгісі – Қосшы қаласының адамдарға жақсылық пен жаңа қуат беретін орта екенін аңғартады.
“Qosshy” театры – жас қаланың мәдени тынысын кеңейтетін жаңа сахналық алаң. Театр ұжымы алдағы уақытта түрлі жанрдағы қойылымдар ұсынуды мақсат етеді.
Пікірлер (0)