Қытай Иранға жасалған соққылар мен Әли Хаменеидің қазасына байланысты қатаң реакция білдірді

Жаңалықтар
view 606
news

Қытай сыртқы істер министрі Ван И. Фото: «Синьхуа».

Қытай сыртқы істер министрі Ван И жексенбі, 1 наурыз күні АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, американо-иран келіссөздері жүріп жатқан тұста жасалған әскери әрекеттер де, егемен мемлекеттің көшбасшысын өлтіру де қабылдауға келмейді. Бұл туралы JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Ван И «АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соққылары — келіссөздер кезеңінде жасалған орынсыз қадам. Егемен мемлекеттің басшысын өлтіру және билікті ауыстыруға арандату да жол берілмейтін әрекет» екенін мәлімдеді.

Министр мұндай іс-қимылдар халықаралық құқық пен мемлекетаралық қатынастардың негізгі нормаларын бұзатынын атап өтті. Оның сөзінше, Қытай БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын сақтауды дәйекті түрде қолдайды және халықаралық қатынастарда күш қолдануға қарсы.

Қытай тарапы Парсы шығанағындағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді. Ван Идің айтуынша, әскери қимылдар бүкіл өңірге таралып, Таяу Шығыстағы жағдай қауіпті шекке жетуі мүмкін.

Сондай-ақ Қытай СІМ басшысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясынсыз егемен мемлекетке шабуыл жасау Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық қауіпсіздік жүйесінің негіздеріне нұқсан келтіретінін айтты.

Бұған дейін Қытай Сыртқы істер министрлігі Иранның жоғарғы көшбасшысына жасалған шабуыл мен қастандық әрекетін «Иранның егемендігі мен қауіпсіздігін өрескел бұзу, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының қағидаттары мен халықаралық құқық нормаларын бұзу» деп бағалаған болатын. Ресми Бейжің бұл әрекетті қатаң айыптап, әскери іс-қимылдарды дереу тоқтатуға және шиеленісті ушықтырмауға шақырды.

Еске салайық, 28 ақпан күні таңертең Израиль мен АҚШ Иран аумағына соққы жасаған. АҚШ президенті Дональд Трамп Ислам республикасының ядролық бағдарламасын жою ниетін мәлімдеп, иран армиясын қаруды тастауға, ал ел тұрғындарын «өз тағдырын өз қолына алуға» үндеген.

Иранның Жоғарғы көсемі Әли Хаменеи сенбі күні таңсәріде АҚШ пен Израильдің зымыран шабуылы салдарынан кеңсесінде қаза тапқаны хабарланды. Оның қазасынан кейін Иран үкіметі ел бойынша 40 күндік аза тұту жариялап, бір аптаны жұмыссыз күн деп белгіледі. Иран армиясы Хаменеидің өлімі үшін кек қайтаруға уәде берді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *