Қызға хабарлама жаза беретін жігіттер де жазаланатын болды

Жаңалықтар
view 176
news

Фотосурет: focus.ua

Енді Қазақстанда қызға телефонмен неше түрлі хат жазып, мазасын алатындар да жазаланады. Бұл туралы бүгін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәлім етті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, бүгінде қылмыстық заңнамада тек қалыңдықты алып қашып кету ғана емес, сондай-ақ әйелдерге қатысты қудалау мен мазасын алатын әрекеттер үшін де жауапкершілік қарастырылған.

Егер ер адам телефон не әлеуметтік желі арқылы әйелге әдепсіз хабарламалар жіберсе, бұл – қылмыстық әрекет. Иә, әзірге мұндай әрекет үшін түрмеге қамамайды. Бірақ адам сотталып, оның атына бап тіркеледі. Бұл – маңызды ескерту шарасы, – деді Мұрат Әбенов.

Сонымен қатар ол Қылмыстық кодекске «Сталкинг» (қудалау) туралы арнайы бап енгізілгенін еске салды.

Ер адамның әйелді қудалай бастауы – алғашқы белгі. Біз «Сталкинг» бабы арқылы алдын алу тетігін жасадық. Әйел полицияға хабар береді, айыппұл салынады. Бұл – ауыр қылмыстардың алдын алады, – деп түсіндірді депутат.

Осы орайда ол қоғамды мұндай жағдайларға бейжай қарамауға шақырды.

Жақында Алматыда шаштараз ба, әлде би мұғалімі ме, бір ер адам 12 жастағы қыз балаға нешетүрлі хабарлама жазған. Бұл – қылмыс. Мұндайды жасыруға болмайды. Егер ата-аналар мұны біле тұра жасырып қалса, олар да жауапқа тартылады. Сондықтан қоғам мұндай істерге көз жұма қарамауы керек, – деді Мұрат Әбенов.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *