Құрғақ киіз басу – заманауи брендтер қалыптастырған бірегей дәстүр
Фотосурет: автордікі
Қазақ халқының тұрмысы ежелден төрт түлік малмен тікелей байланысты. Сондықтан ұлттық құндылықтар ішінен ет, сүт, жүн, тері өнімдері ерекше орын алады. Әсіресе бабаларымыздың баспанасы болып, сол баспананың басты жабдықтарына айналған киіз – көшпелі өмірдің негізгі тұрмыстық материалы еді. Нақты айтқанда, киізден киіз үйдің туырлығы, үзігі, түндігі, төсеніш, киім-кешек, түрлі тұрмыс заттары мен сәндік бұйымдар жасалған.
Дәстүрлі киіз басу көбіне ылғалды әдіспен іске асқанмен, соңғы онжылдықтарда қолөнер саласында құрғақ киіз басу технологиясы кеңінен таралып отыр. «Заманына қарай амалы» дегендей, бұл әдіс заманауи шығармашылық бағыттағы суретшілер мен қолөнершілерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Жалпы, құрғақ киіз басу дегеніміз – жүн талшықтарын су мен сабынсыз, арнайы ине арқылы біріктіріп, тығыздау әдісі. Бұл тәсілдің негізгі құралы – арнайы киіз басу инесі. Ол үшкір әрі ұшында кері бағыттағы ұсақ тістер болады. Осы тістер жүн талшықтарын өзара іліп, бір-біріне бекітеді.
Құрғақ әдістің басты ерекшелігі:
- дәстүрлі су мен сабынды қажет етпейді;
- өнімнің формасын нақты бақылауға мүмкіндік береді;
- ұсақ детальдар мен бейнелерді дәл көрсетуге қолайлы;
- шағын көлемдегі бұйымдар (ойыншық, кәдесый, әшекей, картиналар) жасауға өте ыңғайлы.
Ал құрғақ киіз басуға таза жүн (меринос, түбіт, ешкі, түйе және қой жүнінің өңделген түрлері), №36, №38, №40 сияқты түрлі өлшемді арнайы ине жиынтығы, жұмыс төсеніш (көбіне көбік резеңке немесе арнайы щетка тәрізді негіз), қайшы, пинцет, трафарет және сәндік элементтер (моншақ, таспа, жіп) сияқты негізгі құралдар мен материалдар қолданылады.
Енді киіз басу үдерісіне тоқталсақ, алдымен жүн жақсылап таралып, қажетіне қарай боялып, кептіріледі. Әр түсті жүн бөлек сақталады. Талшықтары қолмен пішінделіп, ине арқылы біртіндеп тығыздалады. Мысалы, шар, жануар пішіні немесе гүл формасы дегендей.
Бастысы, ине арқылы жүннің беті тегістеліп, детальдар біріктіріледі. Осы сәтте ұсақ бөлшектер (құлақ, мұрын, жапырақ, өрнек) тігіледі немесе біріктіріледі. Соңғы сатыда бұйымның бетіне түрлі ою-өрнек, жіп, моншақ немесе кесте қосып, әшекейлеу үдерісіне көшеміз.
Қазір сол құрғақ киіз басу арқылы жасалған бұйымдар сән және интерьер саласында ерекше сұранысқа ие.
Атап айтқанда, олар:
- сәндік ойыншықтар (жүннен жасалған қуыршақтар, аң бейнелері);
- сән аксессуарлары (брошь, сырға, кулон, шашқа тағатын бұйым);
- көркем панно және картиналар;
- сувенирлік өнімдер мен ұлттық кәдесыйлар.
Соның бәрін қолданысқа енгізудегі құрғақ киіз басудың тәрбиелік және экологиялық маңызы зор. Бұл өнер түрі адамға тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, сонымен қатар шығармашылық ойлау мен қол икемін дамытады, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық дәстүрді жаңғыртады, балалар мен жастарды табиғи материалдарды тиімді пайдалануға үйретеді және заман ағымының «қалдықсыз өндіріс» идеясына сай.
Мысалы, жүн – экологиялық таза, биологиялық тұрғыда ыдырайтын табиғи өнім. Сондықтан құрғақ киіз басуды экологиялық өнердің жарқын үлгісі, ғасырлар бойғы дәстүрлі киіз өнерінің жаңаша бір көрінісі дер едік. Өйткені бүгінде бұл әдіс арқылы шеберлер ұлттық нақышты сақтай отырып, заманауи сән мен дизайн талаптарына сай бұйымдар жасап отыр.
Сонымен, біз қазір құрғақ киіз басу қазақ қолөнерін жаңа деңгейге көтеріп, жастар арасында ұлттық мұраға деген сүйіспеншілікті арттырудың тиімді жолына айналған деп толыққанды сеніммен айта аламыз.
Пайдаланған әдебиеттер:
Қасымова Ш. «Қазақ қолөнері: дәстүр және жаңғыру» – Алматы, 2018.
Әбдіқадырова Г. «Киіз басу өнері» Нұр-Сұлтан, 2020.
Интернет ресурс: «Құрғақ киіз басу технологиясы».
Ақерке ТАСИМОВА,
Қосшы қаласы «ІТ мектеп-лицейі» КММ көркем еңбек пәнінің мұғалімі, педагог-модератор
Пікірлер (0)