Рәміз бен нышан: Үлттық болмыстың бейнелік коды

Жаңалықтар
view 31
news

Фото: alatau-zhuldyzy.kz

Ұлттың рухани жадын, тарихи тамырын және мәдени дүниетанымын айқындайтын ең тұрақты бейнелік құрал – рәміз. Геральдика саласының маманы, зерттеуші Айдын Рысбекұлының айтуынша, рәміздер мен нышандар – ұлттың өзіндік келбетін сақтайтын, рухани тұтастықты қамтамасыз ететін таңбалық жүйе, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Рәміз – рухани және заттық мәнге ие бейне

Айдын Рысбекұлы атап өткендей, рәміз ұғымы семиотикалық негізі ортақ болғанымен, мазмұндық құрылымы мен қолданылу аясы тұрғысынан өз алдына жеке ғылыми категория.

Рәміз – белгілі бір идеяны, ұғымды немесе рухани құндылықты бейнелі түрде жеткізетін таңбалық құрылым. Ол әрі мағыналық, әрі көркемдік мазмұнға ие және семиотика ғылымының зерттеу нысаны болып табылады, – дейді маман.

Ғалымның айтуынша, рәміздер тек абстрактілі ұғым емес, нақты көзбен көруге келетін бейнелер. Олар геометриялық құрылымға, стилистикалық үйлесімге ие және ресми деңгейде заңмен бекітіледі.

Рәміз – мемлекеттіліктің белгісі, мәдениеттің айнасы. Ол халықтың идеялық бірлігін бейнелейді. Мысалы, Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасындағы бейнелер — ұлттық сана мен рухтың көрінісі, – дейді Айдын Рысбекұлы.

Оның сөзінше, көк түс – бейбітшіліктің және тұрақтылықтың, күн бейнесі – өмір мен жаңарудың, ал қыран – еркіндік пен асқақ рухтың нышаны. Елтаңбадағы шаңырақ пен бидай масағы — бірлік пен молшылықтың белгісі.

Маманның пікірінше, мұндай рәміздер тек бейнелік мәнмен шектелмейді, оларда тұтас ұлттың тарихи жады мен идеологиялық ұстанымы жинақталған.

Рәмізтану – күрделі әрі көпсалалы ғылым

Айдын Рысбекұлының айтуынша, рәмізтану – рәміздердің мәнін, олардың тарихи, мәдени және көркемдік қырларын кешенді зерттейтін сала.

Рәмізтану тек сурет пен таңба туралы ғылым емес. Ол ұлттың дүниетанымдық кодын, тарихи эволюциясын, рухани семантикасын зерделейтін кең өрісті бағыт, – дейді ол.

Зерттеушінің сөзінше, рәмізтану семиотика, лингвистика, мәдениеттану, геральдика, тарих, философия, психология және саясаттану сияқты ғылымдармен тығыз байланысты.

Маман рәміздік жүйелердің мысалы ретінде мемлекеттік рәміздер кешенін, діни және мифологиялық белгілерді, сондай-ақ түркі халықтарының киелі аң-құстарға негізделген дәстүрлі символикасын атайды.

Бөрі, тұлпар, қыран бейнелері — түркі дүниетанымындағы ерлік пен еркіндіктің, тектілік пен рух биіктігінің бейнесі. Бұл символдар қазіргі ұлттық санада да маңызын жоғалтқан жоқ, – дейді зерттеуші.

Тамға – рәмізтанудың тарихи бастауы

Ғалымның айтуынша, рәміз ұғымының тарихи түбірі көне түркі мәдениетіндегі тамға феноменімен тікелей байланысты.

Тамға – ру мен тайпаның меншігін білдіретін белгі ғана емес, ол әлеуметтік құрылымның, иерархиялық қатынастардың және рухани дүниетанымның коды. Ол қазіргі елтаңба мен логотиптердің тарихи бастауы саналады, – дейді Айдын Рысбекұлы.

Оның айтуынша, «там» – «із», «белгі» деген мағынаны білдіреді, ал «-ға» – зат есім тудыратын жұрнақ. Көшпелі өмір салтында әр ру өз мал-мүлкін ажырату үшін ерекше таңбалар қолданған.

Тамға – тек меншікті білдірмейді, ол мәдени жадты сақтайтын код. Онда отбасы, туыстық байланыс, дүниетаным көрініс тапқан, – дейді маман.

Зерттеуші тамға жүйесін қазіргі визуалды коммуникациямен де байланыстырады:

Тамға белгілі бір ақпаратты ықшам әрі дәл жеткізу тәсілі болған. Бүгінгі QR-код принципі сол ежелгі таңбалық жүйенің заманауи көрінісі десек те болады, – дейді ол.

Нышан мен рәміз: айырмашылығы неде?

Айдын Рысбекұлының пікірінше, қазіргі тілдік қолданыста жиі шатастырылатын «рәміз» және «нышан» ұғымдарының ара-жігін нақты ажырату қажет.

Рәміз – нақты пішіні бар, көзбен көруге болатын заттық белгі. Ал нышан – дерексіз, рухани-ассоциативтік бейне. Бірі – заңмен бекітілетін ресми символ, екіншісі – көркемдік және метафоралық кеңістіктің көрінісі, – дейді ғалым.

Оның айтуынша, нышан көбіне әдебиет пен өнерде қолданылады.

Мысалы, көктемнің нышаны – үміт пен жаңаруды, өмірдің қайта оянуын бейнелесе, қауіптің нышаны – қара бұлт, үнсіздік немесе күйзеліс бейнесі болуы мүмкін. Бұл дерексіз, поэтикалық категория, – дейді сарапшы.

Ал рәміз болса, заңдық негізде бекітілетін, семантикалық тұрғыдан тұрақты және ресми түрде қолданылатын белгі.

Ту мен елтаңба – рәміздер. Олар мемлекеттің бірегейлігін бейнелейді. Ал нышан – сол ұлттың рухани түйсік әлемінде өмір сүретін бейне, – деп түсіндіреді зерттеуші.

Сұңқар бейнесінің семантикасы

Зерттеуші қазақ дүниетанымындағы киелі құс – сұңқардың рәміздік маңызына да тоқталады.

Сұңқар бейнесі түркі-монғол халықтарының дәстүрлі санасында тектіліктің, еркіндіктің және жауынгер рухтың символы ретінде орныққан. Шыңғыс хан мен Атилла дәуіріндегі ту бейнелерінде де осы сұңқар бейнесі кездеседі, – дейді Айдын Рысбекұлы.

Оның айтуынша, биологиялық тұрғыдан сұңқар – жердегі ең жылдам ұшатын құстардың бірі, бірақ оның бейнесі тек табиғи сипат емес, рухани астарға ие.

Қазақ ұғымында сұңқар – туған ұясын ұмытпайтын, асқақ мінезді және қасиетті құс. Оны баптап ұстау – рухани үйлесім мен тектіліктің белгісі, – дейді ғалым.

Рәмізтанудың тұлғалық бастауы

Айдын Рысбекұлының айтуынша, Қазақстанда рәмізтану мен терминологиялық жүйенің қалыптасуына ерекше үлес қосқан тұлғалардың бірі – Ербол Шаймерденов (1954–2012).

Ербол Шаймерденов алғаш рет «рәмізтану», «рәмізбаян», «мемлекеттік рәміз», «рәміздік таңба», «рәміздік жүйе» сияқты ұғымдарды ғылыми айналымға енгізіп, бұл саланың тілдік-ұғымдық негізін қалыптастырды, – дейді маман.

Оның айтуынша, дәл осындай ғылыми еңбектер мен ұлттық зерттеулер арқасында бүгінгі рәмізтану саласы толыққанды теориялық жүйеге айналып отыр.

Геральдика саласының маманы Айдын Рысбекұлы рәміз және нышан ұғымдарының ғылыми-мәдени мәнін кеңінен түсіндіріп, олардың айырмашылығын нақтылайды. Оның айтуынша, рәміз – мемлекеттілік пен бірегейліктің, ал нышан – рухани дүниетаным мен эстетикалық сезімнің бейнесі. Екеуі де қазақ мәдениетінің көркемдік коды мен ұлттық болмысын айқындайтын ұғымдар болып қала береді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *