«Тілімізбен де, ойымызбен де Ресейге әлі отармыз» – шығыстанушы (ВИДЕО)
Фотосурет: видеодан скриншот
QASQA JOL ютуб бағдарламасының бұл аптадағы қонағы шығыстанушы және халықаралық қатынастар жөніндегі маман Жанат Момынқұлов Қазақстан мен әлем елдері арасындағы саяси ахуал жөнінде ашық айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Қазақстан ҰҚШҰ ұйымына тұтасымен бағынышты елге айналып кеткен.
Саяси кризистің өзін ҰҚШҰ (ОДКБ) келіп араласып шешетін жағдайда. Қазір Әзербайжан Түркияның қолдауына сеніп отыр. Ресейге қатты-қатты сөйлеп отырғанының астарында осы себеп жатыр. Ал біз – Орталық Азиядағылар ше? Меніңше, бізге үш-үштен үштік одақтар құру қажет. Тепе-теңдікті сақтау үшін. Ресейге қатты тәуелді болмас үшін. Форматын «одақ» деп емес, үштік кездесулер, талқылаулар десе де болады. Бұның өзін жасай алмайтын болсақ, онда «Қандай деңгейдеміз?» деген мәселе. Біз бұл жерде біреуге қарсы бірдеңе жасайын деп отырған жоқпыз. Ықпалдасу, кездесу, ақпарат алмасу керек, - деді шығыстанушы.
Сондай-ақ ол қазақтілді ортаны дамытудың маңыздылығына да тоқталды.
Өзбекстан бір тілді. Олардың сарапшыларын көп көремін. Тек бір тілде пікір білдіреді. Оларда үлкен геосаяи мектеп қалыптасып келе жатыр. Осылай кете беретін болса, алдағы 10 жылда біз өзбектердің сараптамасын тыңдайтын боламыз. Біз қазақ тілін дамытпайтын болсақ, осылай болады. Орыс тілі – Ресейдің ықпал алаңы. Олжас Байділдиновтің мәлімдемесінің өзі – үлкен сигнал. Қазақтілді орта неге дамымай жатыр? Неге қолданбаймыз? Осы нәрсенің өзгергенін қаламайтын секілді біздікілер. Интеллектуалды ортаны қарасаңыз, көбі орысша сөйлейді. Ой, заң орысша жасалады. Бұл отар емей, немене? Отардың сарқыншағы. Яғни, тілімізбен де, ойымызбен де әлі отармыз, - деді Момынқұлов.
Пікірлер (0)