Ресей Қазақстанға қатысты тағы да арандатушы мәлімдеме жасады

Жаңалықтар
view 102
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Ресейлік пропаганда көрші елдерді қорлауды жалғастыруда. Бұл жолы нысанаға Қазақстан мен Әзербайжан ілікті, деп хабарлайды janabastau.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Толығырақ

«Соловьёв Live» жобасының жүргізушісі Сергей Мардан Қазақстанның Каспий теңізіне 80 пайызға дейін су жеткізетін Еділ өзенін реттеу бойынша Ресеймен бірлескен жұмыс тобын құру бастамасына қарсы шықты. Ол бұл жоспарды «отарлық үстемдіктің құрбанына тән қылық» деп бағалады.

Сонымен бірге Мардан қате ақпарат таратып, Қазақстан тарапы мәлімдемесінде Еділдің түркіше атауы – «Итильді» қолданды деп ойлаған. Яғни журналист дереккөзді өзі тексермеген.

– Отарлық үстемдіктің құрбаны болған, бірақ өзін кенеттен Шыңғыс ханның мұрагері санай бастағандар Ресейден Еділ өзенінің бағытын өзгертуін талап етіп отыр, – деп мысқылдады Мардан.

Бұдан кейін ол Кеңес дәуіріндегі «солтүстік өзендерді бұру» жобасын еске алып, 1980-жылдардың соңында орыстар өзін «донор» сезініп, «алматылық пен ташкенттік байларды асырады» деп ойлағанын айтты. Оның айтуынша, сол кезде Ресей КСРО-ның ыдырауын «жасырын жеңілдікпен» қарсы алған.

– Әзербайжан деген мемлекетті кеңестік билік ойлап тапқан. Демек, «ежелгі әзербайжан жері» деген дүние жоқ. Ал әзербайжан ұлтшылдығы – тарихи факт, – деп қосты ол.

Контекст

Бұған дейін Каспийдің тартылуына алаңдаған Қазақстан билігі Ресейге жүгінетінін мәлімдеген. Әңгіме теңіздің негізгі «доноры» саналатын Еділ өзенін реттеу жайлы болған. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Болат Бекнияз сол кезде: «Егер Каспий теңізінің тартылу мәселесіне қатысты жұмыс тобы құрылса, біз Еділ бойынша олармен заңды негізде жұмыс істей аламыз. Өзен бойында бірқатар су қоймасы мен ГЭС бар екенін білеміз», – деген еді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *